• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 14:05:50
Алматы
+35°

08 Ақпан, 2018 Оқиғалар

Ресейдің келесі президенті кім? (фото)

Әлеуметтік-экономикалық, саяси шешімдер қабылдап, реформа жүргізуге 4 жыл аз болғандықтан, Ресей президенті 6 жылға сайланады.

18 наурызда өтетін президент сайлауында Ресей халқы өз таңдауын жасайды. Әлеуметтік-экономикалық, саяси шешімдер қабылдап, реформа жүргізуге 4 жыл аз болғандықтан, биыл президент 6 жылға сайланады. Qamshy.kz ақпарат агенттігі Ресей президенттігіне үміткерлер тізімін оқырман назарына ұсынады.

Владимир Путин

Путин

Владимир Путин өле-өлгенше президент болығысы келетін сияқты. Ол бұған дейін үш рет сайлауда жеңіске жетті. Бір рет өз орынтағын Дмитрий Медведевке бергенімен, оның көзбаяушылық екенін, шын мәнінде бар билік Путиннің қолында тұрғанын жұрт білді. Президенттікпен уақытша қоштасқан Путин сол аралықта Медведевке жол көрсетіп, бағыт-бағдар сілтеп отырды. Сарапшылар алдағы сайлауда да Путиннің озатынына сенімді.

Ксения Собчак

Ксения Собчак

Ксения Собчак атақты. Алайда аса беделді тұлға емес. Владимир Путиннің бұрынғы басшысы, Санкт-Петербург губернаторы болған Анатолий Собчактың туған қызы. Ксения бұдан бұрын Путинмен әкесі туралы түсірілетін фильмге байланысты кездесіп, өзін президентікке ұсынатынын мәлімдеген екен. Собчактың айтуынша, Путин мұнысын онша ұната қоймаған. Кейбір Ресейлік БАҚ: «Ксения Собчактың үміткер ретінде ұсынылуы – халық назарын оппозиционер Алексей Навальныйдан аудару үшін әдейі ойлап табылған амал», – дейді.

Ал Алексей Навальный – бірнеше рет танымал шенеуніктерді сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп айыптаған оппозиционер. Ол бұрын сотталғаны үшін сайлауға қатыса алмады.
Ксения Собчак әйел болса да, өзге кандидаттардан гөрі батыл пікірлер білдіріп, өз ойын ашық айтады. Осыған дейін ол Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров пен Орыс проваслав шіркеуін қатты сынаған.

Сергей Бабурин

Сергей Бабурин

90-жылдары саясаткер ретінде танымал болған. Қазіргі уақытта бұрынғыдай атақты емес. Кезінде Кеңестік Ресей Федерациялық социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің және мемлекеттік Думаның депутаты және Думаның вице-спикері болып қызмет атқарған. Кейінгі уақытта ешқандай қызметке тағайындалмады.

Сергей Бабурин – «Ресей жалпыхалықтық одағы» партиясың негізін салушы. Аталмыш партия өкілдері Сергей Бабуринді президенттікке үміткер ретінде ұсынып отыр.

Владимир Жириновский

Владимир Жириновский

Қазақстанда тұрып, «су ішкен құдығына түкірген» Владимир Жириновский биыл алтыншы рет сайлауға қатысты. Арзан атақ пен қара пиарға құмар Жириновский бұған дейінгі сайлауда, тіпті, 2-орынға да ие бола алмады. Ол 2004 жылы сайлау кезінде өзінің орнына күзетшісі Олег Малышкинді қойып, сайлауға қатысудан бас тартты. Қанша рет жеңіліске ұшыраса да, сайлауға қатысудан шаршаған емес.

Григорий Явлинский

Григорий Явлинский

Григорий Явлинский 90-жылдары «Алма» («Яблоко») партиясының басшысы ретінде танылған. Осыған дейін екі рет, 1996 және 2000 жылы өткен сайлауға қатысып, жолы болмады. Үшінші рет 1 миллион қол жинай алмағандықтан, сайлауға қатыстырылмады.

Павел Грудинин

Павел Грудинин

Аяқ астынан кандидаттыққа ұсынылған кеңшар директоры Сталинді және құлпынайды жақсы көреді. Көпшіліктің ойы түгіл түсіне кірмеген президент тағына үміткер Павел Грудинин желтоқсанның соңына дейін өзінің ондай жоспары туралы айтпаған.

Ленин атындағы Кеңшар директоры Ресейдегі ең танымал құлпынай өндірушінің бірі ретінде белгілі. Осы уақытқа дейін коммунистер араласпаған Грудинин 2000 жылы Путиннің сенімді өкілі, 2010 жылға дейін «Біртұтас Ресей» партиясының құрамында болды.

Шетелдік БАҚ дерегіне сенсек, Павел Грудиннің шетелдегі шотында мол қаражаты бар. Ол өзі басқарған шаруашылықтың жер телімін заңсыз сатқан. Грудиннің пікірінше, Сталин – соңғы 100 жылдағы ең үздік басшы.

Максим Сурайкин

Максим Сурайкин

Ресей Федерациясы коммунисттік партиясының бірден-бір танымал мүшесі. Алғашында РФ комуннисттік партиясының мүшесі болған Максим Сурайкин кейін өз ұйымын құра бастайды. Ол 2010 жылы «Ресей коммунисттері» ұйымын басқарады. 2012 жылы партия мүшелерінің санын 500-ден асырғаннан кейін партия ретінде тіркеп, өзі сол партияның көсемі болып сайланды.

2013 жылы Мәскеу мэрінің сайлауында кандидат ретінде бағын сынап көрмек болды. Алайда құжаттарын уақытында тапсырмағандықтан, сайлауға қатыса алмады.

Борис Титов

Борис Титов

2012 жылға дейін жеке кәсіпкерлердің құқығы жөніндегі уәкілетті өкілі болып қызмет атқарған. Былтыр жазда сайлауға қатыспайтынын айтқан Борис Титов желтоқсан айында ол ойынан айнып қалды. Титовтың отбасы «Абрау-Дюрсо» атты аққайнар (шампан) зауытына иелік етеді, Борис Титовтың өзі зауыттың директорлар кеңесін басқарған.

Борис Титов бұрын-соңды сайлауға қатыспаған.

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір