• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 11:18:02
Алматы
+35°

05 Желтоқсан, 2018 Экономика

Ресейдің доллардан арылуға асығуы Қазақстанға нені аңғартады?!

Ресейдің алтын валюта қорына да доллардан гөрі алтын жинап жатқаны бізге белгілі.

Кешелі бері Ресейдің ірі корпорацияларының жетекшілері алдағы үш жылдың ішінде бизнесті дөңгелету үшін доллардан арылу қажеттігін айтып отыр. Көрші елдің  «Газпром», «Русгидро» тәрізді мемлекеттік корпорациялары қараша айының өзінде облигациялармен қамтамасыз ететін қаржылық қорын юань мен евроға ауыстыра бастаған. Осылайша ресейлік ірі компаниялар АҚШ-тың көк қағазынан біртіндеп бас тартып жатыр. Бұған қоса Ресейдің алтын валюта қорына да доллардан гөрі алтын жинап жатқаны бізге белгілі.  Ал біз бұдан нені аңғарамыз?! Ресейдің экономист-сарапшылары айтып жүргендей алдағы үш жылда көрші елде дедолларизаиця қарқын алмақ. Экономикасы серіктес ел болғандықтан мұндайда Қазақстан қандай қадам жасауы керек?

Тек «Газпром» мен «Русгидро» ғана емес, Ресейдің «Алфабанк», «Россельхозбанк», азық-түлік желісіндегі ірі өндірушілер саналатын «Пятерочка», «Карусель», «Перекресток» тәрізді мемлекететік компаниялары мен қаржы институттары бүгінде доллармен төлем жасауды қысқартқан. Аталмыш компаниялар белсенді түрде рубь мен евро, рубль мен юань жұбын қолдана бастаған. Сарапшылардың пайымдауынша, мұндай әрекетті Ресейдің қаржы министрлігі де қолдап отыр.

 «Халықаралық қаржы орталығының» сарапшысы Сергей Романовтың айтуынша, Ресей қазір өзінің алтын-валюта қорындағы доллар көлемін де азайта бастаған. 2018 жылы Ресейдің алтын-валюта қоры алтын құмаларымен күрт толыққан. Бірақ бұған қатысты біздің отандық мамандарымыз көрші елдің едел-жедел доллардан арылуға қадам жасауы экономикаға үлкен қауіп төндіреді. Әсіресе Еуразиялық экономикалық одақ аясына біріккен елдер үшін мұның кері ықпалы да бар екенін алға тартты. 

«Қазір Ресейдің Орталық банкі алтын құмаларын көбейтіп жатыр. Соңғы үш жылда көрші ел алтын валюта қорына алтын жинауды үдетті. Мысалы, 2015 жылдың маусым айында қордағы алтын көлемі 1281 тонна болса, қазір 1857 тоннаға артты. Ресейдің болашақта алтынға артып отырған үміті мол. Тіпті Ресей экономист-сарапшылары тарапынан Еуразиялық экономикалық одақ аясында алтын төлем құралына айналуы мүмкін деген болжамдар да айтылып қалады. Инвестициялық портфельін әртараптандыру мақсатында қазір көптеген елдер алтын құймаларды қорына сақтап жатыр. Біздің елімізде де биылғы маусым айынан бастап жекелеген тұлғаларға алтын құймаларды сату жүйесі тетікке қосылды. Бұл бағдарлама бізде Алматы, Астана, Атырау, Өскемен қалаларында жүзеге асырыла бастады. Жалпы, жаһандық көзқараспен қарайтын болсақ, алтынға  инвесторлар тарапынан да, әлемнің орталық банктерінен де сұраныс жоғары. Демек, келешекте алтынның беделі арта түсуі әбден мүмкін. Бірақ Ресейдің «алдағы үш жылдың ішінде доллардан арыламыз» деуі ақылға сыймайды. Еуразиялық одақ аясында бірыңғай валюта енгізу - көрші елдің арманы. Бірақ бұған едел-жедел ену экономикаға қауіп. Ресей қазір соған асығып барады. Өйткені алтын-валюта қорына көптеп алтын жинай бастауы осыны аңғартады»,-дейді экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова.

Біз Ресейдің Орталық банкінің 2015 жылдан 2018 жылдың қаңтар айына дейін қорына жинаған алтынының көлемін арнайы сызбамен көрсетуді жөн көрдік. Төменде көрсетілген сызбадан расымен де Ресейдің қорындағы алтын көлемі жыл сайын артып отырғанын аңғаруға болады.

Ресей экономикасы  

Жалпы, мамандардың пайымынша, болашақта расымен де Еуразиялық экономикалық одақ аясында бірыңғай төлем жүйесіне ену қажеттілігі туындайды. Осыған байланысты Одаққа мүше елдердің ұлттық банктері мемлекетаралық төлем айналымынан доллар мен евронаы шығарып тастау туралы мәселені жиі-жиі көтере бастайды. Бірақ бұл асығыстық танытатын нәрсе емес.

Бұл ретте «Халырақалық қаржы орталығының» сарапшысы Абзал Қалымбетовтың айтуынша, Ресей қазірдің өзінде аса белсенділік танытып отыр. Дегенмен бұл «жеті ойналып бір рет кесетін» дүние.

«Қазір Ресейдің алтын валюта қорындағы алтын құймаларды жинау көрсеткіші Қытаймен бірдей болды. Ресей алтын-валюта қорының басым бөлігін алытн құймалармен сақтай бастады. Қытай елі де солай. Доллардан арылу үрдісіне әлем елдері көше бастады. Әрине, осы көштен бізге де қалыспау қажет. Бірақ асығыстық танытпай кезең кезеңімен жүзеге асырылған жөн. Асығыстық болса бұл экономикаға қауіп төндіреді. Алапауыт АҚШ елінің көк қағазынан бас тарту әрине оңай емес. Бірақ макроэкономиканың өзі біртіндеп осыған әкеледі»,-дейді Абзал Қалымбетов.

Ғалымның сөзі дәлелді болуы үшін біз Ресейді алтын валюта қорында жинақталған алтын құмаларына қатысты деректерді де арнайы сызбамен көрсеттік. Расымен де, бұл ретте Ресейдің Қытай Халық Республикасымен деңгейлесіп қалғанын аңғаруға болады.

Ресей экономикасы

Жалпы, сарапшылар біздің Ұлттық қорымыздағы 100 млрд доллардан астам алтын-валюта қорының басым бөлігін доллармен сақтап отырғанымызды, мұндайдан болашақта «қашу» керектігін алға тартып отыр. Бұл ретте экономист-ғалым Абзал Қалымбетов біз үшін:

А) Бірінші кезекте Қытаймен, Еуроодақпен, Ресеймен импорт, экспорт төлем қатынасында сол елдердің валютасын және теңгені пайдалануға көше бастау керектігін баса айтты. Сондай-ақ маманның айтуынша, алтынның да келешекте төлем құралына айналу мүмкіндігі зор. Ендеше біз енді қолданысқа енгізе бастаған алтын құймаларды жекелеген тұлғаларға сату бағдарламасы тереңдетуді, дамытуды қажет етеді. Қазірдің өзінде алтын құймалар саудасы қызып келеді. Сұраныс бар. Сондықтан бұл жоабын халыққа тиімді етіп жетілдірген дұрыс.

Ә) Ал ішкі нарықта теңгенің құнын арттыру мақсатында қымбат көліктерді, жылжымайтын мүліктерді бағалау кезінде алтынмен немесе теңгемен бағалауды қолға алға жөн. «Біз үнемі макроэкономиканы құлдыратпаймыз деп ұлттық валютаның құнын түсіре береміз. Бұлай болмайды. Қазір Ресей де және басқа әлем елдері де төл валюталарының құнын өсіру үшін долларды ығыстыра бастады. Бұл ерте ме, кеш пе болатын дүние. Сондықтан осы көшке сауатты ілесу үшін бізге де  алға жылжу керек. Бірақ асығыстық танытпай нақты әрі ұтымды шешімдер қабылдау қажет» дейді экономист-ғалым.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір