• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 21:51:52
Алматы
+35°

26 Ақпан, 2018 Саясат

Ресейдегі президент сайлауы Қазақстанға қалай әсер етеді?

Биыл Ресей президенті әдеттегідей 4 жылға емес, 6 жылға бірақ сайланады

Ресейдегі президент сайлауына бір айдан аз уақыт қалды. Сайлауда кім жеңіске жетуі мүмкін? Ресей билігіндегі ауыс-түйіс Қазақстанға әсер ете ме? Qamshy.kz ақпарат агенттігі осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Ресейдегі президент сайлауы 18 наурызда өтеді. Биыл президент әдеттегідей 4 жылға емес, 6 жылға бірақ сайланады. Ресей тағынан сегіз адам үміткер: Ресейдің қазіргі президенті Владимир Путин, ілгеріде Санкт-Петербург губернаторы болған Анатолий Собчактың қызы Ксения Собчак, «Ресей жалпыхалықтық одағы» партиясының негізін салушы Сергей Бабурин, қанша сайлауда сүрінсе де, күреске тоймайтын Владимир Жириновский, 90-жылдары «Алма» («Яблоко») партиясының басшысы ретінде танылған Григорий Явлинский, Ленин атындағы Кеңшар директоры Павел Грудинин, Ресей Федерациясы коммунисттік партиясының мүшесі Максим Сурайкин, 2012 жылға дейін жеке кәсіпкерлердің құқығы жөніндегі уәкілетті өкілі болып қызмет атқарған Борис Титов.

Көріп отырғандарыңыздай, Путинге қарсылас болатындай мықты кандидат жоқ. Барлығы дерлік – қазіргі президенттің айналасындағы адамдар.

Сайлауға түсетін үміткерлер тізімі жария болмай тұрып, түрлі болжамдар айтылды. Ресейдің әлеуметтік қызметі «Путиннің орнын кім басуы мүмкін?» деген сұраққа сауалнама жүргізді. Сауалнама нәтижесінде, үздік бестікке Ресейдің саяси элитасы кірді. Бірінші орында – Дмитрий Медведев. Ол бұрын президент болған, тәжірибесі бар. Екінші орында – Сергей Собянин. Үшінші орында – Алексей Дюмин. Төртінші орында – РФ Қорғаныс министрі Сергей Шойгу. Бесінші орында – Федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко. Бесеуі де Путиннің командасындағы саясаткерлер екенін байқауға болады.

Сарапшылардың көбі Владимир Путиннің қайта сайланатынына еш күмән келтірмейді. Ол бұған дейін үш рет сайлауда жеңіске жетіп, ел басқарғанына аттай 18 жыл толды. Дмитрий Медеведев президент болғанда да халық оның көзбояушылық екенін, Медведевтің тек қуыршақ екенін, ал шын мәніндегі билік Путиннің қолында тұрғанын жақсы білді.

Негізі сарапшылардың болжамы қисынға келеді. Рас, Путиннің бәсекелестері әлсіз. Халықтың көбі Путинді қолдайтынын да ескеру керек. Мысалы, 2017 жылдың аяғында жүргізілген сауалнамаға қатысушылардың 82 пайызы Путинді таңдаған. Бұдан шығатын қорытынды – Ресей халқының жартысынан көбі Путиннің жүргізіп отырған саясатын жақтайды, Кремльдің агрессиясына қарсы сыртқы жаулардан Путин ғана қорғайды деп сенеді.

Ресейдегі президент сайлауы Қазақстанның сыртқы және ішкі саяси жағдайына қалай әсер етеді? Біздің ойымызша, екі ел арасындағы жағдай айтарлықтай өзгеріске ұшырай қоймайды. Ресейдегі билік басына кім келсе де, Путиннің жолын ары қарай жалғастырып әкетеді. Себебі, сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, Ресей халқының басым көпшілігі Путинді қолдайды. Сондықтан Путиннің орнына басқа адам келгеннің өзінде ол Путинге ұқсауға тырысады.

Кім сайланса да, Ресейде айтарлықтай радикалды өзгерістер болмайды. Сонымен қатар Ресейдің көрші елдермен қарым-қатынасында да оң өзгерістерді күту – бос әурешілік.

Қазір Ресейдің экономикасы санкциялардың әсерінен біраз тұралап қалды. Сайлаушыларға жемқорлықтың тамырына балта шауып, кедейлікпен күресетін басшы керек. Сондықтан Кремль сайлау науқанында қатаң сценарий ұстанып, президентікке үміткерлер қатарына ондай адамды жолатқан жоқ.

Кремльдің Украинаға қатысты агрессиялы саясаты өзіне соққы болып тиді. Шаруасы шатқаяқтап, қалтасының түбі көрініп қалды. Сириядағы соғысқа араласқан соң азын-аулақ қазынасы тақыл-тұқыл таусылуға айналды. Қазақстан мен Ресей бір экономикалық одақта болғандықтан, көрші елдегі ауыр жағдай Қазақстанға әсер етіп жатыр. Президент тағында Путин қалса, өзінің империялық амбициясын айға білеп, зорлықшыл саясатын жалғастырады. Басқа үміткердің бағы жанса да, жалғыз одақтасы Қазақстаннан айрылғысы келмейтіні анық.

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір