• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 16:40:18
+35°

07 Ақпан, 2019 Саясат

Венесуэла экономикасына 17 миллиард доллардан астам қаржы құйған Ресей Николас Модуроны сақтап қала ала ма, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз. Белгілісі, Ресей мен Қытай бір жақ та, қалған мемлекеттер одақтас болып отыр. Ал АҚШ қалай айтқанда да, Мадуроны орнынан тайдырмақ ниетте. CBS  телеарнасына  берген сұхбатында АҚШ президенті Дональд Трамп «Венесуэлаға әскер кіргізу Модуроны орнынан кетірудің бір нұсқасы» деп мәлімдеді. Бірақ биліктен кете қояр Мадуро жоқ.

–Трамп мырза, сіздің қоқан лоқыңыздан біздің үрейленетін жайымыз жоқ. Бейбіт отырған Венесуэла халқына қандай да бір әскери күш қолдануға ешқандай себеп жоқ. XXI ғасырда соғыс туралы әңгіме айту – ақымақтық. Біз қандай жағдайға қарамастан өзімізді қорғайтын боламыз,–деді президент Николас Мадуро.

Бұдан шығатын қорытынды не? Қазіргі уақытта Венесуэланың жағында әлемдегі ең қуатты мемлекеттердің бірі –Ресей мен Қытай тұр. Әсіресе, қазіргі уақытта Венесуэла Ресейдің кепіліндегі елге айналып отыр. Сондықтан да ресми Мәскеу Мадуроны биліктен кетіргісі келмейді. Венесуэла ЕуроОдақтағы бірқатар мемлекеттердің мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы талабын орындаудан бас тартты. Мұның себебі неде? Сарапшылардың айтуына қарағанда, Венесуэла Ресейге сеніп отыр. Бірақ сарапшыларды толғандырып отырған мәселе, алдағы уақытта сценарий қалай өрбиді? Орыс саясаткерлерінің өзі «Ресей Венесуэлаға Сирия сценарийін әзірлеп жатыр» дегенді айтуда. Мүмкін шын мәнінде солай ма, жоқ па, ол жағы әлі белгісіз. Бірақ мұның барлығы ашық айтылып жатқан жоқ. Ақиқаты, Венесуэла мәселесімен қазіргі уақытта Владимир Путиннің көмекшісі Владислав Сурков айналысып жатқан секілді. Бұған дейін Украинаның Донбасс аумағы пен Сирия мәселесінің жобасын жасаған Сурков бұл жолы да Внесуэланы АҚШ бастаған жақтастарға бере қояды деп айту қиын. Сондықтан Венесуэла астанасы Каракаста ешкім күтпеген оқиғалар орын алуы мүмкін. Тіпті АҚШ -та мұны аңдамай қалуы ықтимал. Елде екінші президент болып сайланған Хуан Гуайдо «егер мен президент болсам, Ресеймен және Қытайға бүгінгіден де тиімді болады» десе де, ресми Мәскеу АҚШ -тың үміткерін билік басынан көргісі келмейді. Сондықтан Путин басқарған жүйе Мадуроны барынша сақтап қалуға тырысады.

Егер АҚШ Венесуэлаға әскер кіргізетін болса, онда мұнда Каракас көшесі қанды оқиғаға айналады.

Әзірге екі президент те қазір билікте, өз-өздерін президент етіп жариялады. Бірақ оларға от көсеп, дем беріп отырған алпауыт мемлекеттер жетерлік. Екі жақ та саяси текетірес үстінде. 21 қаңтардан бері басталған толқудың екі жағында да халық тұр. Бірі Ұлттық Ассамблеяның төрағасы Хуан Гуайдоны, екіншісі Николас Мадуроны қолдайды. Ал Ресей президентінің  көмекшісі Сурков «Сирия сценарийін» әзірлеп жатыр» деген ақпарат бар. Каракас көшелерінде қақтығыс  болмауы тиіс. Қалай айтқанда да, екі жақ бітімге келуі керек. Елдің күткені де осы.

Ал АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео «Венесуэладағы биліктің ауысуы ең алдымен Ресей мен Қытайға және Кубаға тікелей байланысты. Қазірдің өзінде кубалықтар мен ресейліктер Мадуроның айналысында. Бірақ Путин жүйесі Венесуэла халқы мен экономикасына дербестік беруі керек» деп мәселені ашық айтты.

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір