• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 10:48:28
Алматы
+35°

06 Наурыз, 2019 Экономика

Қиын заман алда... Ресей экономикасы құзға құласа, біз қайтпекпіз?

Қазір халықаралық рейтингті бағалау агенттіктері алдағы үш жылда бірқатар елдердің экономикалық жағдайы ауырлай түсетінін ашып айтып отыр

Қазір халықаралық рейтингті бағалау агенттіктері алдағы үш жылда бірқатар елдердің экономикалық жағдайы ауырлай түсетінін ашып айтып отыр. Олардың тарапында көрші Ресей елі көш бастап тұр. Мысалы, Standard & Poor's және Moody's тәрізді экономикалық рейтингті бағалау агенттіктері жуырда Ресей экономикасыз әлдеқашан «ВВВ-»деңгейіне дейін төмендеп «қоқысқа малтықты» деп мәлім еткен болатын.

Жалпы, болжам бойынша 2012-2018 жылдар аралығында дағдарыс болған күннің өзінде Ресейде экономикалық өсім 2 пайызды құрауы керек болатын. Ал қазір Ресей сарапшылары «Ресейдің экономикалық өсімі 2012-2018 жылдар аралығында 1,5 пайыздан да аспады» деп отыр. 
Осыған орай көріш ел экономикалық жағдайын қайтадан барынша сүзгіден өтіп, бюджетін түзіп, үш жылдық бюджеттен бөлек қосалқы бір жылдық бюджет жобасына қайта көшіп алды. Бұған қатысты отандық сарапшыларымыз Ресейдің бұл қадамының дұрыс шешім екенін айтып отыр. «Болашақта Қазақстан үшін де бір жылдық бюджетке  қайта көшуді ойластырған жөн»,-деді мамандар.

«Әлемдік экономиканы бағдарласақ, қиын күндер әлі алда. Сондықтан ең алдымен бізге бюджетті сауатты жоспарлауға, қаржыны үнемдеуге басты назар аудару қажет. Мысалы, біз үш жылдық бюджеттің тиімділігін әлі күнге дейін сезіне алмай отырмыз. Осы жүйеге енерде белгілі азаматтар «үш жылдық бюджет жайбасарлыққа жол бермейді, қайта, ол дұрыс жоспарланса, түрленуге де бейім тұрады» деген болатын. Бірақ қазіргі жағдайда біз оның мүмкіндіктерін еш көре алмай келеміз. Мысалы, қазына қаржысы жыл сайын нақтыланып, оның параметрлері бір жылға бекітіледі де, қалғанын халық қалаулылары тек индикативтік яғни үлгі нобай түрінде қабылдайды. Бұдан барып келер жылдың бюджеті бір-біріне сәйкес келмей жатады. Кейбір бағдарламалардың орындалуына қатысты күтпеген орынсыз, жайсыз жағдайлар орын алып жатады. Бұл бағдарламаның сапалы шегіне жетуіне кері әсер етеді. Ресейдегі ахуалды, әлемдік мұнай бағасының түсіп жатқанын, жалпы әлемдік экономиканың құбылып тұрғанын ескерсек, бізге бір жылдық бюджет жобасын қайта қарастыру қажет. Мынадай құбылмалы заманда үш жылдық экономиканы болжаудың өзі өте қиын. Өткенде мұнай бағасы түскенде атқарушы биліктегілердің біразы «біз тоғыз айдың қортындысы шыққаннан кейін ғана есептеп, мұнайды сатқан түсімнен қанша пайда, қанша шығын көретінімізді нақты айта аламыз. Бір айдың есебімен болжам жасау қиын» деді. Қазіргі ахуалмен салыстырғанда индикативтік яғни үлгі нобай ретінде үш жылға жоспар жасауға болмайды. Себебі Ресей экономикасы төмендеп барады. Мұнай бағасы түсіп кетті.  Бір ғана Ресей экономикасының құзға құлауы Ресеймен ең ірі сауда-әріптестік қарым-қатынас орнатып ел ретінде бізге қауіп. Мұны жасырудың еш қажеті жоқ. Сондықтан болашақта бюджетті жоспарлауды қысқа мерзімге бағыттаған жөн»,-деді экономика ғылымының докторы Жаңабай Алдабергенов.

Экономист-ғалым Жаңабай Алдабергеновтың айтуынша,  Ұлттық экономика министрлігі осы мәселеге назар аударуы керек. Жергілікті әкімдерден әлеуметтік-экономикалық даму болжамы талап етілуі тиіс. Аудан-аймақ әкімдері әр тоқсан сайын стратегиялық жоспармен жұмыс істеп бюджеттің орындалуы нақты бақылауға алынуы керек.

«Бюджеттен әр салаға  қаржы салу деген бар. Міне, сол қаржыны үш жылға емес, жеке-жеке бір жылға есептеп беріп отыру керек. Қазір әлемдік экономикада қалыптасып отырған жағдайға байланысты көптеген елдер бюджетін қайта түзуде. Бізде бюджеттің шығыс бөлігіне үнемі өзгерістер енгізіледі. Үш жылға есептеп аламыз да ол бөлінген қаржы діттеген жеріне жетпей қалады, немесе, орта жолда «желініп» кетеді. Сондықтан біз үшін қосымша шығындарды көбейтпеу қажет. Ол үшін  нақ қазір тиімдісі бір жылдық бюджет жобасын қайта қарастырған жөн»,-деді Жаңабай Алдабергенов.

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, қазірдің өзінде бір жылда бюджет екі, үш рет нақтыланып отыр.  Ал үш жылда қаншама өзгеріс болатыны өз алдына, бөлінген қаржыны игере алмау көрсеткіші де өсіп кетуі әбден мүмкін. Бұл ретте экономист-сарапшы Дәурен Арынның айтуынша, болашақта «бюджет қаржысын игере алмағаны үшін кіналайды,  қаржыны игерсек болды» деп орынсыз ұстап жіберетін салалар да  жиі кездесуі мүмкін.  Сондықтан бізге осы мәселені шешіп алған жөн.

«Өткен жылы 47,1 млрд. теңге бюджет қаражаты  игерілмей қалды. Менің білетінім, өзім білім алған Жапония бюджеті арқылы бөлінген қаражат жылдың аяғына дейін 25 пайызға ғана жұмсалады. Ал жұмыстың орындалуы 95 пайыз нәтиже көрсетеді. Сонда бюджеттен қаржы артығымен бөлінетін болып тұр ғой. Бұл арада министрліктерге қаржы игерілмегені үшін мені кіналайды» деп қаражатты жұмсап жіберуге болмайды. Бюджеттің орындалуында бізде кемшіліктер бар. Сондықтан бізге біржылдық бюджет жоспары тиімді дер едім. Қаражаттың атқарылуы туралы Үкіметтен де, жергілікті атқарушы биліктен де сұрауға ыңғайлы. Көрші Ресей елі үшжылдық бюджетті қабылдап көрді, бір жылдан кейін мүмкін емес екеніне көз жеткізді. Қайтадан біржылдық бюджетке көшті. Өйткені бүгінгі таңда қаржы дағдарысы жедел шешім қабылдауды қажет етеді. Мәселен, мұнайдың бағасы бір өседі, бір түседі. Қазір түсіп кетті. Біржылдық бюджет Есеп комитетіне де тексерген кезде оңайға тиеді. Қазір Есеп комитеті үш жылға талдау жасаған. Оның барлығын қамту, терең зерделеу өте қиын. Бізде реттеуді қажет ететін тағы бір жағдай бар. Мәселен, республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге әлеуметтік маңызды нысандар салу үшін министрліктер арқылы берілген қаражаттар бар. Мысалы, үш аурухана салу үшін бюджеттен  8,5 млрд теңге бөлінді делік.  Ол ауруханалар үш жылда салынып бітпесе, «нысанды салу құны қымбаттап кетсе мердігер қалған қаражатты өзі табуы керек.  Өйткені Бюджет кодексінде солай жазылған» деп жергілікті жерге итере салған. Қымбаттап кететін себебі не? Сол жылы қаражат республикалық бюджеттен уақытында берілмейді. Сөйтіп, ол инфляцияға ұшырайды да, үш жылда инфляция 7 пайыздан 21 пайыз болады делік.. Аталған 8,5 млрд. теңге 21 пайызға құнсызданғанда, 1,5 млрд. теңгеге кемімей ме?! Осындай мысалдар аз емес. Осыдан барып бізде салынған  ғимараттың сапасы төмен болады. Сақалды құрылыстар көбейеді.  Әлемдік деңгейде қаржының тұрақсыз жағдайында біржылдық бюджет тиімді болмақ.  Өйткені бюджеттің әрбір теңгесін үнемді әрі тиімді пайдалану - басты мақсат»,-деді Дәурен Арын.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір