• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 17:21:16
Алматы
+35°

09 Тамыз, 2018 NEWS

Қоғамда өршіп тұрған өте қауіпті мәселе – педофилия дерті. Бүгінде елімізде педофилия эпидемиясы жүріп жатқан секілді. Бүлдіршіннің өмірі опат болғаны жайлы жаңалықтар күн санап көбеюде, ал қоғам жағасын ұстап, таңғалудан, әрі кетсе желіде отырып қылмыскерлерді қарғап-сілеуден әрі аса алмай отыр. Ал құзырлы органдардан педофилдерге өлім жазасын сұрап жатқандардың қарасы бүгінде көп болса да, баяғы жартас бір жартас... еш өзгеріс жоқ, ал педофилдердің құрбаны болып жатқан бүлдіршіндер мен олардың ет жақын туыстары тек сан соғып қалуда. Бұл мәселенің күрмеуі шешіле ме, әлде осылай жалғаса бермек пе?

Бірнеше күн бұрын Алматы облысында 6 жастағы қыздың зорлыққа ұшырағаны жайында ақпарат шыққан болатын. Оны адвокат Айман Омарова, ең алдымен, өзінің фэйсбук парақшасында жариялаған. Кейіннен Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында істің мән-жайын толық айтып берді.

Оның айтуынша, 6 жастағы бүлдіршін 2 тамыз күні 15-16 жас шамасындағы кәмелетке толмаған жасөспірім зорлап кеткен.

«Оқиға болғаннан кейін қыздың ата-анасы дереу Қарасай ауданының тергеу бөліміне барған. Алайда ол жердегілер экспертиза жасауға құжатты уақытылы бермей, созып жүріп алған. Сонымен қатар, бұл іске қатысты тергеу жұмыстарын бастауға да құзырлы органдар асықпай, тек фэйсбукке жазып, қоғамның талқысына түсе бастағаннан кейін ғана олар қозғала бастады. Тек содан кейін ғана осы істі қолға алды.

Жәбірленушіге сараптаманы дер кезінде жасамаса қиын. Бірнеше күн өтіп кеткеннен кейін денедегі көгерген, қызарған жерлер білінбей қалады. Кейіннен қылмыстық іспен айналысып жүргендер ешнәрсе болған жоқ деп айтады», - дейді заңгер.

Белгілі болғандай, құзырлы органдар бұл істі қолға алып, тергеу жұмыстары басталғаннан кейін жәбірленушінің үйіне Қарасай ауданының білім басқармасының мамандары, қылмыскердің туыстары келіп, зорлық көрсеткен балаға кешірім беруді талап еткен.

«Күндіз кішкентай қыз әкесімен қалада бір шаруаларымен жүрген кезінде, сағат 15:00 шамасында олардың үйіне бір топ адам келіп, келісімге келуді қалаған. Анасы оларды кіргізбей қуып жіберген. Кейіннен түнгі 22:00 шамасында он шақты адам олардың үйіне тағы да келіп, зорлық көрсеткен баланы кешірім беруді талап еткен. Зорлыққа ұшыраған қыздың ата-анасының қарсылығына қарамастан кешірімді талап етушілер үйді торуылдауын тоқтатпай, ертесіне сағат 9:00-де тағы да келіп, діттеген мақсаттарына қол жеткізе алмағаннан соң, сол күні сағат 15:00 шамасында мектеп директоры қыздың ата-анасына келіп: «Ол бала қиналып жатыр, асылып өлемін деп айтып жатыр» деген сөздер айтып, «кешірім беріңіздер, кешірім бермесеңіздер бізді жұмыстан шығарады» деп қыздың ата-анасын көндірмек болған. Қанша тырысса да, қыздың ата-анасы олардың айтқанымен келіспей, жыларман болып маған келді, көмек сұрады», - дейді адвокат Айман Омарова.

Бүгінде қоғамда зорлау фактілері көбейіп, азғындық іс-әрекеттер белең алуда. Ал жәбір көрген жазықсыз адамдар өзінің құқығын тапталғанын алға тартып, заң арқылы әділдікке қол жеткізу оңай емес. Заңгердің айтуынша, зорлықтың құрбаны болған адамдар сараптама жасату үшін берілетін қағазын уақытылы ала алмайды. Экспертиза дер кезінде жасалмағаннан кейін көптеген қылмыстардың беті ашылмай, жабулы күйінде қалып қалып жатыр.

Қоғамда адам құқығы тапталып, біршама тағдырлар тәлкіге түсіп жатса да, қылмыскерлер болмашы жазамен құтылып кетіп жатыр, соның салдарынан да азғындық іс-әрекеттердің азаятын түрі жоқ, тек күн санап көбеюде.

«Бүгінде зорлыққа ұшырап жатқан қыздарды қоғамда өздерін айыптайды. Қысқа киеді, ашық-шашық киініп, шашылып жүреді дейді. Ал 6 жастағы қыздың жағдайы ше? Оған не айтады сонда?» - дейді адвокат.

Жәбір көрген баланы қорғауына алған адвокат Айман Омарова бүгінде бұл мәселенің кеңінен етек жайып кеткендігін айтып, қандай да бір шара қолдану қажет дейді.

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір