• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 18:46:40
Алматы
+35°

27 Қыркүйек, 2018 NEWS

Құндылықтардың құлдырауы немесе мәдени экстремизм ұлтқа төнген қауіп

Экстремизм (фр. extremisme, лат. extremus) – әу-бастағы нақты аудармасында «шеттеу», яғни бағыттан ауытқу, белгіленген жерден тыс кету деген мағынаны береді

Алдымен экстремизм ұғымына түсінік берейік.

Экстремизм (фр. extremismeлат. extremus) – әу-бастағы нақты аудармасында  «шеттеу», яғни бағыттан  ауытқу, белгіленген жерден тыс кету деген мағынаны береді.  Бүгінгі дәуірде бұл түсінік жалпы тәртіпті мойындамайтын, өзінің пікірімен ғана іс-әрекет жасаушы деген ұғымға балама болып жүр. Экстремистік әрекеттер  адамның, немесе адамдар тобының жалпы адамзаттық қағидаттарды бұрмалап,  надандыққа, көрсеқызарлыққа бейімделген өзімшілдік көзқарасынан пайда болады.

Қазіргі таңда қолданыста саяси және діни экстремизм деген ұғымдар қалыптасқан. Саяси экстремизм мен діни экстремизмнің салдарынан болып жатқан оқиғаларды,  жағдайларды күнделікті теледидардан, газет-журналдардан, интернеттен оқып, көріп жүрміз. Кез келген мемлекеттің ішіне еніп, жақтастарын жинап, қоғамдық санаға әсер ету арқылы бүлік шығарып, ел арасына іріткі салып, соңы қан төгіс соғысқа ұласып жатқанын дәлелдеу керек емес шығар.

Жалпы алғанда, экстремизм дегеніміз қалыптасқан жүйені бұзуға, орныққан қағидаттарды құлдыратуға бағытталған іс-әрекет.

Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік дүние танымы, мәдениеті, наным-сенімі, салт-дәстүрі, жөн-жоралғылары бар. Бір сөзбен айтқанда, бұлар тек қана қазақ ұлты үшін қолданылатын өмір сүру қағидаттары. Яғни, нұсқаулық-инструкция. Егерде біз сол қағидаттарды ұстанып, ұлттың болашағын ұлттық мәдениетке негіздейтін болсақ, онда тек ұлт ретінде сақталып қана қоймай, сонымен қатар бүгінгі өркениеттің даму көшінен де кеш қалмаймыз. Ал егер ұлттық мәдениет, ұлттық сана, ұлттық рух жоғалатын болса, онда қазақ ұлты да сахына төрінен кетеді, қазақ деген халық  ұлт болудан қалады, жойылады. Кезкелген ұлттың өзге ұлттан айырмашылығы да сол ұстанған мәдениеті мен дәстүрінде, тілі мен ділінде.

Бүгінгі күні, жаһандану заманында өз мәдениетіміз бен салт-санамызды сақтап қалу өте маңызды. Себебі жаһандану деген ұғым шекараны, ұлт пен ұлысты, сан алуан мәдениет пен дәстүрді білмейді. Демек, жаһандану қағидаттарына сүйенетін болсақ, онда жаңа жалпыәлемдік мәдениетпен өмір сүретін боламыз. Айтап айтсақ, Америкадағы американдық та, Германиядағы неміс те, Қытайдағы қытай да, сіз бен біз де ортақ мәдениетпен өмір сүреміз. Бұндай жағдайда келер күніміз не болар?  

Біздер қанша тырыссақ та жаһандану процессі бізді айналып өтпейді. Экономикасы дамыған мемлекеттермен ыйық тірестіруге, тереземізді теңестіруге бағыт алып бара жатырмыз. Елбасымыздың жолдаулары, бағдарламалары, еліміздің дамуға бастайтын үлкен тапсырмалар, бастамалар- мұның барлығы халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға негізделген. Бұл бастамалардың барлығы жаһандану қағидаттарымен үндеседі.

Былтырдан бері Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасы жүзеге асып келеді. Бұл бағдарламалық мақаласы арқылы Президент аумал-төкпелі заманда, өркениет көшінен қалып қана қоймай, сонымен қатар ұлттық біргейлігімізді сақтап қалуды көздеген көрегендік, алдағыны болжап білу қасиеттерін тағы да танытты.

Қазіргі заманның ағымына сай заманауи технологиялар дамыған уақытта рухани құндылықтарымызды сақтап қалып, өскелең ұрпақтың санасына сіңіру басты мақсаттардың бірі болып саналады. Бүгінгі таңдағы ғаламдану үдерісінде, Еуропалық өмір салтына еліктеу басым болып тұрған қоғамда ұлттық құндылықтарды сақтау - ұлттық сананы сақтаумен егіз ұғым іспетті болып отыр. Батыстың әлеуметтік мәдениеті мен ақпараттық тасқыны жасөспірім мен жастардың қоғамға бейімделуін, ұлттық нышандарымызды сақтап қалу қабілеттерін бәсеңдетіп, одан мүлдем ажырату қаупін туындатып отыр. Осындай қайшылықты кезеңде бітім болмысынан ажырап үлкенге деген құрмет, кішіге деген үлгіні батыстың бейәдеп қылықтарымен ауыстырып алған жастар қатары көбейіп келеді. Өзіміздің сан ғасырлар бойы қалыптасқан дәсүрлі мәдениетіміз батыстық экспансияның ағымында кетпеуі үшін өткен мен бүгінгіні үйлестіріп бір бағытта дамыту заманауи қажеттілік. Президентіміз мақласында осы мақсаттарды  көздеген болатын.

Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласы жарық көрген күннен бастап әр өңірлерде қызу жұмыстар басталып кетті. Бабалар баянын  жаңғыртып, ұлттық құндылықтарымызды паш етуге бір кісідей атсалысуға белсене кірісіп кеттік. Сананы оятатын неше түрлі игі шаралар, бұрын-соңды болмаған батыл қадамдар жасалып жатыр.

Десекте, қоғамымызда ұлттық құндылықтарымызға, төл мәдениетімізге кереғар болатын дүниелер аз емес. Және олар ешқандай тосқауылсыз, бір сөзбен айтқанда батыстың жат мәдениеті, теріс идеологиясы кедергісіз ел арасында кеңінен таралып бара жатыр. Оған дәлел: әр түрлі бағыттағы телебағдарламалар («Қалаулым», «Гәкку», «МузTV» және т.б.), жаны мен тәнін жалаңаштаған, темекі тарту, арақ ішу, есірткі пайдалану сияқты  бейнеклиптердің үзілмей көрсетілуі, мәдениет саласында жүрген «майталмандардың» жат қылықтары, әлеуметтік желілердегі әр түрлі ақпараттар, еліміздің кинотеатрларындағы кинолардың мазмұны, кез келген адамдардың салт-санамызға жат кездесулер (тренинг, семинар) ұйымдастыруы, әсіресе мұндай сорақы тірлікке біздің қыз-келіншектеріміздің көптеп араласуы қынжылтады. Жалпы алғанда, ұлт әдебиеті мен өнерінің әлеуметтік әлеуеті әлсіреп, мән-мағынасы жоғалып бара жатыр.  Ұлттық тәрбиенің мәйегі саналатын  мәдениет пен  өнер, шығармашылық дүниелердің  басым бөлегі адамның бейәдеп (хайуани) сезімдеріне серпін беріп, ашықтан-ашық  дәріптеуге ден қойған. Қорыта айтқанда, зорлық-зомбылық, сатқындық, саддизм, бей-берекет жыныстық қатынастарды сана-сезімге сіңдіретін, сол бағытта тәрбиелейтін өнер "жұлдыздары" көбейіп келеді. Олар өзіміздің төл өнерімізді өгейсітіп, тіпті тасаға тастап, өзгелердің болмысымызға жат дүниелерін өзеури мадиықтап, барынша қолдап қолпаштап жүргендерін біле бермейді немесе білгілері де келмейді. Мақсаттары белгілі - төл мәдениетімізге балта шабу арқылы ұлтты ыдырату, жер бетінен жойып жіберуді көздейді!

Орайы келгенде айта кетелік, 1945 жылы Екінші дүние жүзілік соғыс аяқталғаннан кейін АҚШ-тың басты мақсаттарының бірі КСРО атты коммунистік режимде өмір сүріп жатқан алып мемлекетті әлсірету, тіпті жойып жіберу болғаны аян. Осы мақсатты жүзеге асыруға небір ғұламаларын, әскер басшыларын, ақылман саясаткерлерін жұмылдырды, ой-пікірлерін ортаға салды. Олар КСРО-ны қарудың күшімен құлатудың мүмкіндігі аз екенін білді. Қайтпек керек? АҚШ-тың Орталық барлау басқармасын басқарған Аллен Даллес деген зымян ойшылы Кеңес еліндегі патриоттық рухтың тамырына балта шабатын әрекеттерді ойлап тапты. Олар – жас ұрпақтың санасын улайтын, әдепсіздік, зорлық-зомбылық, экстремистік әдістер, тәнін жалаңаштау. бейберекет жыныстық қатынасты дәріптейтін насихат құралдарының небір түрлерін Кеңестер еліне бағыттады. А.Даллестің мына бір сөздеріне назар аударып көріңізші:   "Мы будем драться за людей с детских, юношеских лет, будем всегда главную ставку делать на молодежь, станем разлагать, развращать, растлевать её. Мы сделаем из них космополитов*. (А.Даллес директор ЦРУ США в 1953-1961 годах)

*Космополитизм (гр. kosmopolіtes) – әр ұлттың төл мәдениетін дамытудан гөрі жаһандану процесі арқылы бүкіләлемдік бірегей мәдениет қалыптастыруды артық көретін шектеулі дүниетанымдық бағыт.

Міне, осындай  жымысқы әрекеттер елу жыл бойы ел ішіне ауадай жайылып, ақыры Кеңестер одағын ыдыратуға алып келгенін білеміз. Мұндай зымиядық әдіс-әрекеттер қазіргі таңда  сол Кеңестер елінен шыққан тәуелсіз мемлекеттерді өздеріне қаратуға, бағынышты етуге бағытталып отыр. Олар ата-бабаларымыз ұстанып келген алтын діңгегіміз – дінімізді ірітуге, шұрайлы тілімізді шұбарлауға, қалыптасқан дәстүріміз бен рухани болмысымызды бұзуға ниетті екенін санасында саңылауы бар адам білуі керек-ақ.

Егерде саяси экстремизмге - билікке қарсы күрестің радикалды нысандары мен әдістерін қолдану, саяси мақсаттарға экстремалды әдістермен, соның ішінде лаңкестік әрекеттермен қол жеткізу деп, және діни экстремизмге - қоғам үшін дәстүрлі діни құндылықтар мен догматикалық құндылықтар жүйесін жоққа шығару, сондай-ақ оларға қайшы келетін «идеяларды» баса-көктеп насихаттау болып табылады деп анықтама беретін болсақ, онда қоғамымызда етек алып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызға жат және кері әсерін тигізетін "мәдениетті" насихаттауды - мәдени экстремизм деп атауға болады. Сондықтан, мәдени экстримизм ұғымы қолданысқа енгізіліп, заң жүзінде айқындалып, мәдени экстремизмді насихаттап, үгіттеп жүрген тұлғаларды жауапкершілікке тарту қажет. Мысалға айта кетейік: тәнін жалаңаштап ар-ұйяттан безген қыздарымыз болашаққа қандай үлгі? Бұндай азғындықтың арты ұлттың әлсізденуіне, азғындануына,  одан әрі құрып кетуіне әкеліп соқтырады. Ондай қыздардан қандай ана шықпақ? Ұлдардан қандай әке болмақ? Туған баласының бірі батыр, бірі данышпан болған асыл аналарымыздың ізін жалғай алмайды. Ал ер азаматтарымыз ше? Олар да солардың сорақы күйін кешуде. Шаштарын, беттерін бояп, сырға тағып,  бір жыныстылыққа аяқ басқан еркектерден не күтеміз? Бұлар ертеңгі күні тәуелсіз мемлекетімізге қалай иелік етпек? Осындай азаматтарымыз, соның ішінде жастарымыз үлгі болу түгілі "вирус" секілді жас ұрпақтың санасына теріс әсер етуде.

Елбасымыздың "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты жолдауындағы жетінші міндет: "Адами капитал - жаңғыру негізі" деп аталады. Ал адами капиталды дамытудың мән-мазмұны тек сапалы білім беру ғана емес, ең бастысы, адамның отбасына, әлеуметтік әлеуетіне мемлекет пен қоғамның рухани және мәдени салымдарын барынша күшейту  қажет. Сол себепті, адами капиталымыз, адами ресурстарымыз бәсекеге қабілетті, мықты болсын десек, ең алдымен рухани дүниемізді жаңғыртуды, қоғамды жат ағымдардан арылту жолындағы әрекеттерімізді күшейте түскеніміз жөн. Ол болмаса білім мен байлықтан пайда болмайды. Еліміздегі азаматтардың санасы уланса ел үшін ешкім еңбек етпесі анық. Мұндай іс-әрекеттер еліміздің адами ресурстарын құртып, сананы улап, батыстың азғындаған мәдениетін насихаттап, Ұлы ұлтымызды тарих сахынасының  төрінен бір жолата жоқ қылады.

Мәдениетіміздің мәйегін үрлеп, маңызын өрлететін әртістер мен әншілеріміздің бірқатары ұлттық мәдениетке, ұлттық санаға қарсы іс-әрекеттерімен халықтың алдына шығуда. Оларға "әй" дейтін әже "қой" дейтін қожа жоқ. Өкінішке орай, әрине. Теледидардағы ұлттық, яғни қазақ тілді арналардағы бағдарламалар, бейнеклиптер, жалпы халықтың назарына ұсынылып отырған дүниелердің көбі рухани дүниемізбен үндеспегені былай тұрсын, құндылықтарымызды құлдыратуға бағытталған сияқты.

Осы орайда,мәдениетіміз бен өнерімізге бақылау жасайтын жоғары деңгейдегі Көркемдік кеңестердің жұмыстарын жандандыру қажет,  санамызды улап жатқан жат мәдени  ағымдарға қарсы жұмыстар жаппай өрістетілгені абзал. Депутаттарымыз, заң шығарушы органдар мен атқарушы билік өз құзреттері аясында жат идеология мен батыстың азғындаған мәдениетін насихаттаушыларды  мәдени экстремизм бабы бойынша жазалағанын қалаймыз.

            "Той - қазақтың қазынасы" - деген екен даналарымыз. Ал сананы дүние билеген заманда қазынамыз азына болып кеткендей. Тойға бара қалсақ асаба қауымнан еститініміз: "Бір күні ағамыз араққа тойып келсе алдынан жеңгеміз оқтаумен күтіп тұр екен" - деген сарындағы қайдағы жоқ әңгімелерді естиміз. Естіген ел мәз, жас ұрпақ оны дұрыс екен деп қабылдап жатса таң қалмаймыз. Әй, асаба, қай бабаң араққа тойып хайуан ұқсап үйіне тиген? Қай шешелеріміз қолына оқтау алып байына қарсы келген? Бұл не? Батыстың мәдениетін жанама жарнамалау ма?

            Кішкентай қыздарымызға арнап әр түрлі шаралар, байқаулар ұйымдастырылып жүр. Олардың мән-мазмұнына қарап жатқан ешкім жоқ. Мысалы: өрімдей қыздарымыздың сәндік байқаулары кең етек алып бара жатыр. Мұндай байқаулар баланың санасын бұзады. Оған дәлел психолог, педиатр мамандардың пікірлері, психо-медициналық қорытындыларын айтуға болады. Яғни, баланың санасына теріс ұғым,  дәмі жат дәстүрдің дәні егіледі.

            "Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы" - деп әл-Фараби бабамыз айтқан. Бұл қанатты сөз қай заманда да күшін жоғалтар емес. Қазіргі таңда елімізде көптеген оқу орталықтары көбейді. Әр түрлі бағытта білім беруді ұсынып отыр. Байқап қарасаңыз төл мәдениетімізге негізделгені өте аз, көбі батыстың үлгісіндегі бағдарламалар. Олар не үйретіп жатыр? Қандай білім беріп жатыр? Ойланған ешкім жоқ. Бұл тұрғыда тәрбие мәселесі есіктің сыртында қалатыны белгілі жайт. Ертең уақыт өте келе, біз өте білімді,  бірақ тәрбиесіз, әдепсіз, көргенсіз, иманнан жұрдай болған ұрпақ алатынымызға сенуге болады.

            Бұл айтып отырғанымның барлығын ұлтымызға жасалып отырған ақпараттық соғыс деп айтар едім. Іштен ірітіп, ұлтты ұсақтатып, ақырында тұқымымызды тұздай құртуға бағытталған індет. Өкінішке орай бұл "ауру" жаһандану үрдісімен қатар жүріп талай ұлтты, талай нәсілдің тамырына балта шапты. Оған әлемдік тарихта мысалдар жетіп артылады. Бір кезде өркениеттің шырқау шыңына жеткен майя, ацтектер, тіпті, өздеріміз 70 жылдай бір шаңырақ астынада, КСРО мемлекетінде өмір сүрген ханты, мансы, хақас, чуваш ұлттары қазір қандай күйде? Ойланайық, ағайын!  Осыны біле білген, ұлт болашағын болжай білген Елбасымыз "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласын жариялады. Себебі жаһандану, ғаламдану заманында тек ұлттық бірегейлігін, ұлттық болмысын, рухани құндылығын сақтаған халық қана тарих сахынасында мәңгі жасайды. Елбасымыздың бұл бастамасын барша ел болып, жұмыла жүргізуіміз қажет. Қалай дейсіз ғой? Отан отбасынан басталады. Сондықтан отбасындағы ұрпақ тәрбиесіне айрықша көңіл бөліп, балаларымызды ұлттық рухтың уызына қандыра өсірсек, онда ұлттық құндылықтарымызды құлдыраудан сақтауға болады. Өскелең ұрпақтың санасына ізгіліктің, отансүйгіштіктің, рухани ұлықтықтың  ұрығын егейік. Нағыз ұлтжанды қайсар қазақ қып тәрбиелейік. Сонда ғана көсегеміз көгеріп, көркейеміз!     

Аят Исатайұлы,

"Ұлттық рух" қоғамдық бірлестігінің төрағасы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір