• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 09:36:32
Алматы
+35°

12 Сәуір, 2019 Экономика

Құм басқан аймақтың тұрғындары ата­-бабасының қайда жатқанын таба алмайтын күйге түсті

Қазақстан Экология Одағының мамандары Қазақстандағы құм басқан аймақтарды апатты аймақтардың санатына қосу керектігін айтып отыр

Қазақстан Экология Одағының мамандары Қазақстандағы құм басқан аймақтарды апатты аймақтардың санатына қосу керектігін айтып отыр. Мамандардың пайымдауынша, еліміздегі бұрынғы  шұрайлы, өсімдікке бай бұйраттар орнына 50–80 метрлік «құм таулар» пайда болуы жиілеген. Мәселен,  Маңғыстау облысына қарасты Сенек, Үштаған, Тұщықұдық ауылдары көшпелі құмдардың екпінді «шабуылына» ұшыраған. Қазірде құм көмген Ұштаған өз орнын екі рет, Тұщықұдық үш рет өзгерткен. «Бұрынғы колхоздардың орны мен қорымдардың көміліп қалғандығы сондай, тұрғындар ата­-бабасының қайда жатқанын таба алмайтын күйге түсті. Қазіргі заманғы жаңа орыннан салған ауылдарды да құм баса бастады» дейді мамандар. Экологтардың пайымынша, алда бұл мәселелерге салмақты қарамасақ, мәселені шешудің қиындай түсетіні тағы анық. Бұл ретте гидрогеолог маман Ғазиза Түсіпова былай дейді:

«Жалпы, шөлді, құмды аймақтарды ғылым тілінде «адамның күн көрісіне мейлінше қолайсыз аймақтар» деп есептейді. Бізде қазір осындай аймақтарда өнеркәсіп дамытпақ түгіл, күн көрудің өзі тауқымет. Бұл аудандардың халқын құнарлы жерлерге орналастыру мәселесі жедел шешімін табуы керек. Тіптен өзге елдерде, АҚШ-та, Канадада, басқаны қойғанда, «бізден дамуы артта қалды, ғылымы жетілмеді» деп мұрын шүйіріп менсінбейтін Оңтүстік Африкада құнарсыз, суы тапшы, нәрсіз, шөлейтті, құмды жерлерде тұратын жандарға жалақысына қоса үстеме төлемақы төленіп тұрады. Бұл үрдіс жағдайы төмен деңгейдегі Үндістанның өзінде жүзеге асып отыр. Жоғарыда аталған мемлекеттерде тұрғындарға мемлекеттік мекеменің үш деңгейінен көмек беріліп тұрады. Біріншісі – округтік әкімшілік, екіншісі – штаттық әкімшілік, енді бірі – федералды әкімшілік. Бай қаған шығарсыз, үшеуі де мемлекеттік мекеме. Біз «апатты аймақ» деп танымағанның өзінде осы мәселені ойластырғанымыз жөн. Осы екі мәселені шешкенде ғана қазақтың тұрмыстық жағдайы түзелетін болады. Қазақ ауылдарының болашағын ойласақ, осы мәселені шешуді жеделдету керек».

Сөйтіп маманның пайымынша, қазір мәселені шешудің екі жолы бар:  біріншісі – жыл сайын қаражат бөліп, ауылдарды бірте­-бірте басқа жерлерге көшіріп орналастыру, екіншісі – не де болса жауапкершілікті мойынға алып, көшпелі құмды тоқтату.

«Айталық Жаңаөзен қаласы мен Қаламқас кен орындарындағы халықты ауызсумен қамтамасыз ету қарқынды дамып келеді. Осы  қарқынды пайдалану салдарынан жерасты сулары көздерінің деңгейі төмендеп, қоры сарқыла бастады. Мысалы, Түйесу құм сілемінің оңтүстік бөлігіндегі жерасты суы бұрынғы деңгейінен 10­-12 метрге дейін төмендеп кетті. Батыс Қызылқұмның жерасты су қоры сарқылды. Мұндай жағдайда көптеген өсімдік тамыры суға жетпей қалатыны сөзсіз. Сонымен қатар ауылдарға табиғи газ жеткізілгенге дейін тұрғындар өздерінің табиғатқа қысастық жасап отырғанын ойламастан, құмдағы бұталарды отай шауып отқа жақты және малды есепсіз жайды. Міне, осыдан барып аймақта құм көше бастады, ауылдың сыртындағы құм ішін басып, проблемаға айналды. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселелерге қатысты арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдаған да артық болмайды», - деді Ғазиза Түсіпова.

Маманның бұл пікірін экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергенов те қуаттап отыр.

«Атырауда, Жаңаөзеннен 60 шақырым жерде Шелек деген жер бар. Қазір ауылдың шетіндегі үйлерді құм баса бастаған. Біздің қазақтың көнбістігі ме, әйтеуір, қай уақытта болсын мәселе әбден ушыққанда ғана байбалам саламыз. Құм басқан аймақтарды тазарту үшін әлдеқашан арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдауымыз керек еді. Ол ауылдарды құмнан аршып алуға жергілікті әкімдіктердің шамасы келмейді. Жергілікті әкімдердің ұйымдастыруымен құмды аймақтарға тал, сексеуіл егу мәселелері жасалып жатқан көрінеді. Бірақ мұның барлығы әлеуметтің әлеуетін көтеруде аздық етеді. Сондықтан құм басқан ауылдарды «апатты аймақ» деп жариялап, ол аймақтардың халқын басқа қауіпсіз аймаққа көшіріп, сол аймақ халқына арнайы жеңілдіктер берілуі керек. Осыған назар аударатын кезең жетті»,- деді Жаңабай Алдабергенов.  

Мамандар алға тартып отырғандай, болашақта әлемдік экологиялық климаттың ауытқушылығы жиі орын алатыны болжануда. Бұдан шығатын қорытынды, елді мекендердегі су басу, құм көшу, шөлейттену қаупі жоғарылай түседі. Демек, біз болашақта осындай экологиялық апаттардың алдын алу үрдісін жетілдіргеніміз дұрыс.

«Бұдан соң жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру қажет. Мысалы, Украинада жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіруге қатысты арнайы заң бар. Ал біз қазір жергілікті мемлекеттік басқару тәсіліне ғана сүйеніп отырмыз. Осының салдарынан жергілікті әкімдердің бас қару жүйесін тереңдете алмай отырмыз. Ойлап қарасақ, құм басып жатқан Атырау, Маңғыстау елді мекендерінде қазақтың мұнайын өндіріп, шетелге экспортқа жіберіп, қалтасы қалыңдап жатқан қаншама алпауыт компаниялар бар. Десек те, жергілікті әкімдіктер осындай апатты жағдайдан шығу үшін олардың көмегін пайдалана алмайды. Өйткені олар жергілікті әкімдердің талабына пысқырмайды да. Міне, өзін-өзі басқару жүйесінің жетілмегенінің бір сипаты осы. Сондықтан бұл проблемаларды шешу үшін алдымен осы аталған жайт тарды таразылап, зерттеп, халықты қолдаудың жан-жақты шараларын қарастыру қажет»,-дейді мамандар.

Қарлығаш Зарыққанқызы  

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір