• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 01:31:01
Алматы
+35°

20 Шілде, 2018 NEWS

ДЕНИС ТЕН (13.06.1993 – 19.07.2018)

Бүгін Қазақстанның талантты ұлы, бетке ұстар азаматы дүниеден озды. Небәрі 25 жасында бақилыққа аттанды. Қазақстанның көк туын шетелде желбіретіп, Қазақстанның намысын қорғаған чемпион енді арамызда жоқ. Артында жақындары, туыстары, достары, тілеулестері мен Қазақстанның спорт тарихындағы өшпес ізі қалды.

«Денис Тенді пышақтап кетті» деген хабар тарағанда, тезірек сауығып кетуін тілеп едік, алайда мәңгілікке айрыламыз деген ой болмады. Көп ұзамай, Денистің өмірден озғанын естігенде бойымызды мұз қарып өткендей болды. Неткен қатігездік! Әділетсіздік! Айдың-күннің аманында, тапа-тал түсте бір жұдырық әйнекке бола жап-жас жігіттің қыршыннан қиылғаны қазақ халқының жанына батты.

Кішкентайынан халықтың алдында жүріп, әрқашан тек жеңістерімен қуантып, қажырлы еңбек пен өз ісіне деген адалдық, шексіз махаббат қандай болатынын іспен дәлелдеп, көрсетіп жүрген азамат еді. Қысқа ғұмырында көп іс тындырды.

Денис адами қасиеті жоғары, зор жетістіктеріне қарамастан кішіпейілділігін, қарапайымдылығын сақтай білген азамат. Бұл тек мәдениеті жоғары адамның ғана қолынан келеді.

Қазақ халқы адам тегіне ерекше көңіл бөлетін халық. Текті адамның ұрпағы да текті болмақ. Денистің жас болса да бас бола білгені оның арғы ата-бабасының қанымен келген қасиет болар. Денис  Корей империясы кезінде даңқты қолбасшысы болған генерал Мин Гынхоның ұрпағы.

1993 жылы 13 маусымда Денис есімді Қазақстанның болашақ жарық жұлдызы дүниеге келген еді. Небәрі 13 жасында Қазақстан чемпионатында жеңіске жетті. 2006 жылы халықаралық аренаға шығуға талабы мен таланты жетіп тұрса да жасы жетпеген еді. Кішкентай Денис өзінен тәжірибелірек спортшылармен бәйгеге түсуге дайын болғаны анық. Екі жылдан кейін-ақ  Денис жасөспірімдер арасында «Гран При» сериясы бойынша өткен әлем кубогы кезеңінде 1 орынды иеленді.

2014 жылы Сочи олимпиадасында қола жүлдеге ие болды. Сочи олимпиадасында Қазақстан қоржынына жалғыз жүлдені дәл осы Денис Тен алып берген болатын.

«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Денис мәнерлеп сырғанаудан бөлек, теннис, акробатика, таеквондо, каратэ, жүзумен айналысқан. Би және сурет салу мектебіне барған.

Жан-жақтылығымен, өнерімен талайды сүйсіндірген спортшыны бүгін түскі үштер шамасында Алматыда Құрманғазы және Байсейітова көшелерінің қиылысында пышақтап кетті. 

Денис дереу ауруханаға жеткізілгенімен дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады. Денис көп қан жоғалтқан екен. Адам өмірі үшін маңызды ағзаларына қатты зақым келіп, спортшы о дүниелік болды.

Қазақ халқын Денистей ұлынан айырған қылмыскерлер өз жазасын алады деген үміттеміз. 

Мұз айдынында қалықтап, Қазақстанның намысын абыроймен қорғаған, көгілдір мұз ханзадасына бақұл бол дейміз. Бұл тек бір отбасының ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін ортақ қайғы. Баршаңызға қайғыра көңіл айтамыз.

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір