• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 08:43:19
Алматы
+35°

13 Наурыз, 2017 Әлеумет

Қорқыныштан жүрегі жарылып қаза тапқан жас жігіт

Халифа Омардың кезеңінде бір жас жігіт бар еді. Ол ешқашан мешіттен қалмай намаз оқып, құлшылығын мұқият орындайтын. Аллаһтың әмірлеріне өте тақуалығымен...

Халифа Омардың кезеңінде бір жас жігіт бар еді. Ол ешқашан мешіттен қалмай намаз оқып, құлшылығын мұқият орындайтын. Аллаһтың әмірлеріне өте тақуалығымен таңылатын. Хазіреті Омар намазға келіп жүретін өз жамағатын жақсы білгендіктен бір күні бұл жігітті мешіттен көре алмай қалады. Күніге намазға келіп жүргендіктен оның бірден көрінбей қалуы Хазіреті Омардың назарын аудартады. Намаздан кейін жамағатқа қарап: «Пәленше деген жігітке не болды екен, бір-екі күн болды оны мешіттен көре- алмадым?» - деді. Сонда жиналған жамағат бұған жауап бергісі келмеді. Бәрі бастарын салбыратып, Омардың бетіне тіке қарауға ұялады. Омар сұрағын тағы да қайталағаннан кейін барып, жамағаттан бірі: «Әй, мүминдердің Әміршісі! Ол жігітті (айтуға ұят болатын жерде) жолда өліп қалған жерінен тауып алдық. Сіздің көңіліңізді түсірмеу үшін дереу жаназасын шығарып, жерлеп жібердік», - дейді. Хазіреті Омар болған оқиғаны түсінеді. Аллаһ та оның жүрек көзін ашып жігіттің істеген тірлігін аян етеді. Оқиғаның барысы былай болғандығы мәлім болады. Бұл жігіт күніге мешітке келіп кетіп жүрген кезде сол көше бойында бір әйел оған сырттай ғашық болып жүреді. Жігіт әдемі, көрікті және бойдақ болғандықтан әлгі әйел оны өзіне қарату үшін шайтанның барлық қулықтарын қолданады. Әр жолыққан сайын жігіт оның ұсынысын қабыл етпестен күнә істемеуге тырысып бағады. Қанша дегенмен әрбір пенденің нәзік тұсы болады емес пе. Міне, сондай бір күнде сол жігіттің әлсіз тұсын пайдаланған әлгі әйел оны өйтіп-бүйтіп өзіне шақырады. Жігіт те шыдай алмай оның үйіне қарай бір-екі қадам жүрген кезде еріксіз түрде тіліне бір аят түседі. Жігіт еріксіз аузына түскен аятты оқи бастайды. Алғашқыда аяттың мағынасына аса мән бермегенімен, сосын аяттың мағынасын жете түсінеді. Аяттың мағынасы мынадай еді: «Тақуаларға шайтан тарапынан бір сыбыс тисе, олар Аллаһты еске алады да қырағылық істейді»  (Ағраф сүресі 201-аят). Бұл аяттың мағынасын түсініп оқыған кезде, тұла бойы дірілдеп, дәл сол кезде аят көктен жаңа түскендей жан дүниесіне қатты әсер етеді. Жігіт есін жиып, істемек болған ісі үшін Раббысынан қатты ұялып, қалайша күнә істеуге дәті барғандығына өзі түсінбей қалады да, тұла бойын қорқыныш билейді. Жігіт аузына келген аяттың мағынасын ойлаған сайын жүрегі қатты дүрсілдеп соғады. Бірақ, жүрек шіркін қорқыныштан шыдай алмай жарылып кетіп, жігіт сол жерде жарық дүниемен қош айтысқан екен. Хазіреті Омар жігіттің басына келген бұл оқиғаны білгеннен кейін дереу оның қабіріне қарай жүгіре жөнеледі. Қабір басына барып, жігіттің жатқан жеріне иіліп, бар даусымен: «Я, фәтә! Уа лиман хафа мақома раббиһи жәннәтан» (Ей, жігіт! Раббысынан қорыққандар үшін екі жәннат бар) деп айқайлайды. Дәл сол кезде Хазіреті Омардың айбарлы, гүрілдеген даусы сияқты бір дауыс естіледі. Бұл өлген жігіттің: «Ей, Мүминдердің әміршісі! Аллаһ маған сенің айтқаныңның екі есесін берді», - деген дауыс болатын.

Пенде  егер зина әрекеті кезінде өліп кетсе, тозақы болады. Себебі, Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Зина еткен кісі зина еткен кезінде мүмин ретінде зина етпейді (саналмайды)» (Муслим, Иман 100-102).

Алла Тағала зина туралы Құран Кәрімде де ескерткен:

«Зинаға жоламаңдар. Өйткені, ол анық арсыздық және жаман жол» (Исра сүресі 32-аят).

«Олар Аллаһпен бірге басқа тәңірге жалбарынбайды. Аллаһтың харам еткен жанын өлтірмейді және зина жасамайды. Кімде-кім осыларды істесе күнәға жолығады. Қиямет күні еселеніп азап болады. Олар онда қор болып, мүлде қалады» (Фурқан сүресі 68-69 аяттар).

«Зинашы әйел мен ердің әрбіріне жүз дүре соғыңдар. Егер Аллаһқа, ақырет күніне сенсеңдер оларға жұмсақтықтарың ұстама-сын. Әрі екеуінің жазасын мүміндерден бір тобы көріп тұрсын» (Нұр сүресі 2-аят). 

Алла Тағала осылайша құлдарына ескерту жасап, зинаға барғандарды жазалауды бұйырады. Имансыздықтан болатын бұл әрекет қоғамға көптеген кесірін тигізіп жатқаны рас. Баззардан жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Егер зинақорлық жайылса кедейлік пен қаріп-қасерлік те жайлады». Отбасын шайқалдырмай, жетімдердің санын арттырмай, түрлі ауруларды пайда болдырмаудың ең басты жолы әрбір пенденің зинаға жоламауы. Оның азабы бұл өмірде ғана емес, ақыретте де еселеніп берілмек. Зина жасау түгілі, оған жақындауға дініміз тыйым салады. «Азғындық істердің жариясына да жасырынына да мүлде жоламаңдар» (Әнғам, 151) дейді Алла Тағала. Зина жасаған қауымға Алланың мейірімі түспейді және ондай қауымның басына әртүрлі бәлекеттерді жібереді. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) бір хадисінде: «Зинақорлықтың алты түрлі жазасы бар. Оның үшеуі осы дүние де, үшеуі ахырет күнінде болады. Осы дүниедегі үш жазасы; Ол адамның бетінен нұры кетеді, кедей болады, өмірі қысқа болады. Ал, ахиреттегі үш сипаты: Алланың қаһарына ұшырайды, ахиретте есебі қиын болады, сондай-ақ, мәңгі отта қалады.-деп айтты» (ӘбуЛәйс Самарқанди,Қуррату-л-Ғуюн 21бет).

 Түкетаев Ардақ Әділханұлы

Ақтоғай аудандық орталық мешіттің бас имамы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір