• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 20:33:42
Алматы
+35°

23 Қараша, 2018 Әлеумет

"Қоқыстан кейін мәйітханаға апара салу керек еді". Ақтөбелік ата-аналар жаппай наразы

Эмоцияларына зер салсақ, әбіржіген, шошыған, өздерін жайсыз сезініп тұрған балаларды ғана көресіз.

Күні кеше Ақтөбеде «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері қаланың түрлі мектептерінен жалпы саны 150-ге жуық оқушыны жинап, қоқыс полигонына апарғандығы туралы ақпарат тарады. Белсенді жастардың мұндағы мақсаты өскелең ұрпақты қаланы, табиғатты таза ұстауға шақыру болған секілді.  Алайда арты реніш пен әкімдікке шағымдануға әкеп соқтырған бұл экскурсия жұрт назарын экология мен көше мәдениетіне емес, оқушылардың гигиенасы мен басшылықтың ата-анаға ескретпеу, рұқсат  сұрамау мәселесіне аударды. "Қамшы" экскурсия барысынан алған эмоциясын тікелей эфирде ұялы телефонға түсіріп алған бір оқушының видеосын ұсына отырып, екі түрлі позиция ұстанған қарапайым халықтың ой-пікірін талқыға ұсынады. Бір-ақ нәрсе түсініксіз: бұл шараны өткізу мемлекеттік тапсырма болғандығын ашық айтқан "Жас отандықтардың" балаларды маскамен қамтамасыз етпегендіктері.

 

Төмендегі видеоға көз жүгіртейік...

 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 

Здравствуйте, хочу выразить недовольство от имени родителей 8в класса сш№3 Актобе. 21.11.18г детей нашего класса повезли организованно на автобусах на экскурсию на мусоросортировочный завод, полигон ТБО. В этом здании смрад, холод, вонь, завели детей, после чего они приехали в шоковом состоянии от увиденного. Весь вечер дети жаловались на головные боли, рвоту, тошноту и т.д. Я понимаю все в принудительном порядке, что это массовка, но сколько можно уже использовать детей, чтобы отчитаться о проделанной работе? Народ сам видит, какую работу делает акимат. Публикацию на странице акимата закрыли от комментов. Сил нет как эта показуха надоела

Публикация от Жалобная Книга Актобе ? (@zhaloby.aktobe)

Мына видеодан қоқыс полигонында жүрген оқушыларды көре аласыз. Үйдегі кішкентай шелек қоқысқа толып қалып, дереу төгілмесе, асүйдің ішін жаман иіс алып кететінін жақсы білеміз. Ондай иіске шыдау мүмкін болмай кетеді. Ендеше, алып қоқыс полигонынан шығатын иістің қандай болатындығын елестету, болжау да қиын. Маскалары жоқ балалар мұрындарын жауып әлек. Эмоцияларына зер салсақ, әбіржіген, шошыған, өздерін жайсыз сезініп тұрған балаларды ғана көресіз. Үйлеріне аман-есен жеткен олардың денсаулықтары сыр беріп, тіпті кейбірі ата-анасына мән-жайды айтып, сыр ақтарған. 

Енді төмендегі мына жазбаға көз жүгіртіп жіберсек...

қоқыс полигоны

Мысалы, №3 мектептегі оқушының ата-анасы осындай арыз түсіріпті. Тәржімалап берейік.

«Сәлеметсіздер! Ақтөбедегі №3 мектептің 8 В сыныбының ата-аналарының атынан наразылық  білдіргім келеді. 2018 жылдың 21 қарашасында біздің сыныптың оқушыларын автобуспен қоқыс үйіндісін жинайтын зауытқа апарған. Ғимараттың ішінде жағымсыз иіс мүңкіп тұр, суық. Балаларымыз үйге аң-таң болып келді. Көрген дүниелерінен қатты шок алған. Кеш бойы бастары ауырып, жүректері айнып, лоқсып құсқан. Иә, түсінікті жағдай, оқушыларды мәжбүрлі  түрде апарды. Алайда мұндай тапсырмаларға балаларды пайдалануды қашан доғарасыздар? Әкімнің не жұмыс істеп жатқанын халық онсыз да көріп отыр. Әкімдіктің парақшасындағы пікірлерге шектеу қойып тастаған. Көзбояушылықтың не қажеті бар?».

Ата-аналардың айтуынша, балалары кеш бойы өздерін нашар сезінген, тіпті ертеңінде тең жартысы сабаққа бармаған. «Жас Отан» жастар қанаты «бұл – мемлекеттік тапсырма» деп жауапкершіліктен ат-тонын ала қашты. Ал экскурсия небәрі 15-20 минутқа жалғасқан. Әрі полигонды тек сыртынан бақылапты. Тіпті №3 мектептің басшылығы да жауапкершілікті арқалауға қауқарсыз. Директор орынбасарының айтуынша, балалар күртешелерінен жағымсыз иісті кетіру үшін жуған екен, ертеңінде кеппей қалғандықтан мектепке келмеген.

Халық не дейді?

Бұл жағдайда тұрғындардың пікірі екіге бөлінді. Бірі балаларды осындай экскурсияларға жіберіп тұруды дұрыс десе, енді бірі әкімдіктің әрекетіне ашулы. Желідегі пікірлер сарыны төмендегідей.

@LyudaFarzalieva Дұрыс... Балаларға сабақ болсын! Кейде балаларымызды тым қатты қорғаштаймыз. Сосын нәтижесі осындай болады. Жарты сағатта тұрған ештеңе жоқ. Өмірдің ақиқатына көздері жетсін!

@rino4ka_04 Меніңше, ол экскурсияға алдымен ата-аналардың өздерін апару керек. Бала үлкенге қарап өседі. Әрине, олардың да көргені дұрыс. Мәселен, көшеде анасы мен баласы кетіп бара жатыр. Анасы баласына шоколадты ашып берді де, қағазын жолға тастай салды. Мұны көрген бала қалыпты жағдай деп ойлайды. Келесіде өзі де солай істейтін болады. Ата-ана бірінші өзін тәрбиелесін!

@akzer_a Оқушылардың бәрін апару керек еді. Сол кезде, балалар аула тазалаушыларының еңбегін бағалар еді. Өз подъезін таза ұстауды үйренетін еді.

@asemgulesenalina Біздің мектептің үлкен сыныптары да экскурсияға барды. Арасында менің қызым да бар, 10 сыныпта оқиды. Бірақ оларды баруға ешкім мәжбүрлеген жоқ, қайда баратындарын алдын ала білді де. Қызым да арызданып келді, ішінің сасық екенін айтты, жүрегі айныды. Алайда экскурсия небәрі жарты сағат болған. Меніңше, қызым кішкентай емес, бой жетіп келеді. Өзінің не істеп жүргенін жақсы біледі. Ол гүл сататын дүкенге емес, қоқыс үйіндісін жинайтын зауытқа барды. Бәрі сөзсіз-ақ түсінікті еді. Балалардың көргендерінен сабақ алғандарына сенімдімін. Түймедейді түйедей қылудың қажеті жоқ. Өмірді танысын!

 Ал қарсы пікір не дейді?

@Luliiakorobova Ата-аналардың наразылығы орынды. Балаларды мұндай экскурсияға апармас бұрын рұқсат сұрау керек еді. Әкімдік балаларымызды қашанғы пайдаланады? Балаларымыздың өмірін қашанғы қауіпке тігеді? Ендігәрі мұндай экскурсияларға оқушыларды жібермесін! Керек болса, әкімнің балалары барсын!

@ayila.aliya Балалар сабақ оқуы тиіс, қоқыс арасында жүргені несі? Масқара...

@real_2910 Ата-ананың рұқсатынсыз баланы экологиялық қауіпті аймаққа жіберген. Ол жерде ауа арқылы инфекциялық ауруларды оңай жұқтыруға болады. Балаларға тіпті маска бермеген. Ал зауытқа апарарда пластиканы өңдеу зауытына апарамыз деп айтқан екен. Ал бәрі керісінше болып шықты.

@aikerim_zhumagali бірден мәйітханаға апарулары тиіс еді. Өмірдің қадірін түсінсін деп...

Қалалық қоқыс полигонына сыныбен барған Елена эмоциясын былай білдірді...

@elena_fil_ біз экскурсияда болдық. Ол жердің жағымсыз иісін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Үстімізге басқа киім кию жайлы да ескерту жасаған жоқ. Үстіміздегі киімге әлгі иіс сіңіп қалған. Жерде өлген иттер жатты. Ал енді біздің жағдайымызға кіріп көріңіздер, қаласыңыздар өздеріңіз де барып сезініңіздер!

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір