• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 11:21:02
Алматы
+35°

19 Қазан, 2018 Әлеумет

Қызыңыз үйде ме, әлде табыс табам деп кафе жағалап жүр ме?

Даяшылыққа қызметке алу үшін қысқа юбка киюін талап ететін «кастингшіл» мейрамханалар да бар көрінеді.

Көргеннен көзақы алмай бизнесіміз дөңгеленбейді деп ойлайтын кафе, мейрамхана, тойхана қожайындары кейінгі кезде ер азамат даяшыларын, алжапқыш болса мейлі ғой, шотланд килтімен (юбкасымен) орап тастайтын болған. Сөзден жеңілген бейпіл ауыз қатындар «еркек болмасаң юбка киіп ал!» деп ашуға мінуші еді, даяшылардың юбка киетіндей не жазығының бар екенін түсінбедік. Негізі, ер азаматтың юбка киюі бізде намыс болып көрінгенімен, бұл шотландықтардың ұлттық киімі. Дегенмен, өзге елдің ұлттық атрибутын бұтымызға жапсырғаннан не ұтып жатқанымыз ұғынықсыз. 
Чехия, Австрия, Франция, Түркия сияқты дамыған елдерде әйел затын, оның ішінде қыз баласын даяшылыққа жолатпайды. Бұл кәсіппен көбіне жасы 50-ден асып, ақыл тоқтатқан ер азаматтар айналысады. Еркек-гарсондар тағам мәзірін әйелдерге қарағанда сабырмен, салмақпен, ұғынықтылау жеткізеді деген дәстүр бар. Ал бізде түн жарымына дейін сыра тасып, арақ құйып жүрген өрімдей жас қыздарды көресің. Ащы суға сылқия тойып алып, бейәдеп қылықтарымен елдің берекесін қашырып жатқан атпалдай азаматтардың, бір жұтым ұрттап алса, сайқал күлкі қысатын масаң әйелдердің былапыт сөздерін осы қыздар күн сайын естуге мәжбүр. «Залалды» жұмыстан алатын тәулікақысы да мардымсыз. 1000-1500 теңге! «Мұндай абыройсыз жұмысқа қолымызға тиетін азын-аулақ шәкіртақымызға қосымша нәпақа болып қала ма деп мәжбүрліктен жегілеміз», дейді өздерін колледждің студенттеріміз деп таныстырған өрімдей бойжеткендер. Кейде масайрап, қарқ-қарқ күлкі қысқан жігіттердің тездетіп тапсырыс берудің орнына жүзіктің көзінен өткендей жап-жас қыздардың аты-жөндерін сұрап, жеті атасын түгендеп, уақыт өткізіп, келемеж етіп отырғандарын да байқайсың. Оны айтасыз, даяшылыққа қызметке алу үшін қысқа юбка киюін талап ететін «кастингшіл» мейрамханалар да бар көрінеді. Шетелде даяшыны таңдау басқаша жүреді: шет тілін меңгеруіне, мәдениеті мен этикетіне, мейрамхана мәзірін, әсіресе, тағам инградиенттерін, әр тағамның әзірлену технологиясын жатқа білуіне айрықша назар аударылады.
Қысқасы, «қызға қырық үйден тыю» болып тұрғанымен, түн жарымына дейін кальян мен темекі түтініне тұншығып, қолаңсы иістен бастары айналып жүрген қаракөз қарындастарымызды даяшылықтан тыя алмай отырмыз...
Сіз қалайсыз, қызыңыз үйде ме, әлде табыс табам деп кафе жағалап жүр ме?

Бекжігіт Сердәлі

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір