• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 05:04:26
Алматы
+35°

27 Қараша, 2016

Қызылордада өткен айтыста Ұларбек Минатхан темір тұлпар мінді

Қызылорда қаласында Облыс әкімдігінің қолдауымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған халықаралық аламан айтыс өтті.

Қызылорда қаласында Облыс әкімдігінің қолдауымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған халықаралық аламан айтыс өтті.

Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Монғолиядан ақындар қатысқан аламан дода болды. Айтыс нәтижесі төмендегідей: Бас жүлде (шетел автокөлігі) -  Мұхтар Ниязов (Қызылорда) Бірінші орын (автокөлік) -Ұларбек Минатxан (Қытай) Екінші орын (екеу, жеті жүз мың теңгеден) - Серікзат Дүйсенғазы (Астана), - Сара Тоқтамысова (Астана) Үшінші орын (екеу, төрт жүз мың теңгеден) - Дидар Қамиев (Қарағанды) - Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда) Арнайы жүлде (екеу, төрт жүз мың теңгеден) - Элмирбек Иманәлиев (Қырғызстан), - Асылбек Маратов (Қырғызстан). 

Айтыстың бірінші орын жүлдесі Ұларбек Минатханның қанжығасына байланды. Бірінші орынға да берілген автокөлікті иеленген Ұларбек Минатханұлы Жүрсін Ерманның арнаулы шақыруымен Қытайдан келген қандасымыз. Ол Алтайдың ақ иық ақыны Еркін Ілиясұлының төл шәкірті. Еркін мектебінің сарынын айтыс сүйер ағайынның алдына ала келген Ұларбек Алғашқы айналымда  Болатбек Оразбайұлымен айтысты. Екеуінің айтысы Еркін мен Ораздың айтысындай әсер қалдырды. Ол Болатбек Оразбайұлы мен Серікзат Дүйсенғазинды «біріңғай онмен» жеңіп, финалға шықты. Айтысында:

«Сімірген Өр Алтайдың таза ауасын, 

Жігітпін ісім адал таза басым. 

Ағайын білесің бе Алтайымда, 

Еркіндей өткен еді ғажап ақын. 

Бұл жаққа келем деген арманына, 

Жете алмай кетіп еді азаматым. 

Үш жыл бұрын өмірден аттанып ед(і), 

Қапияда мерт болып қазанатым. 

Әуенімді осы елге жеткіз деген, 

Көрсет деп дарқандықтың ғаламатын. 

Салайын алдарыңда әуеніне, 

Орындап ұстазымның аманатын», - Деп жыр нөсерін селдетіп, халықты тебіренткен Ұларбек Минатханұлы өткен жылдың дәл осы күнінде Қытайдағы қандастарымыз арасында өткен үлкен телевизиялық жоба «Жезтаңдай» ақындар айтысында 48 ақынның арасынан суырылып шығып, бас жүлдесін қанжығаға байлаған еді. Ол Қытайдағы ақындар айтысында берілген жүлдедегі алғашқы автокөлікті мінген болатын.

Арғы беттегі ағайынның сәлемін Атажұртқа жырмен жеткізіп, тәуелсіздікті жырға қосқан Ұларбек Минатханұлының жеңісін құттықтаймыз.

Ерлан Төлеубай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір