• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 07:16:46
Алматы
+35°

09 Сәуір, 2019 Экономика

"Қытайға ерік берсе, полигон аймақтарын да гүлдендіріп алар еді"

Қазірде Семей полигон аймақтарына инвесторлар тарту жайы жиі талқыға түсіп жүр.

Полигон аймақтарына инвесторлар тарту қаншалықты тиімді?

Қазірде Семей полигон аймақтарына инвесторлар тарту жайы жиі талқыға түсіп жүр. Қайсыбір мінбелерде осы мәселе қолдау тауып жатса, енді бір тарап «елдегі полигон аймақтары толық сену қиын» деген пікірлерді де алға тартады. Байқауымызша, біздің елдегі полигон аймақтарына іргедегі Қытай халық республикасының залалсыздандырылып біткен жоқ. Демек ол аймақтарды қолданысқа берудің табысқа жетелейтініне инвесторлары инвестиция салуға бейіл танытып отырған көрінеді. Ал енді бұлайша полигон аймақтарына инвесторлар тарту тиімді ме? Полигон аймақтарына салынған инвестиция өзін-өзі ақтай ма? Жалпы, мұндай аймақтар қолданысқа беруге даяр ма? 

Ұлттық ядролық орталықтың директоры Қадыржановтың айтуынша, Семей полигон аймағының 95 пайызын шаруаларға қолданысқа беруге болады. Ал қалған 5 пайыз жер ол тікелей ядролық сынақ жасалған жерлер «бұл аумақтар жабық болуы тиіс. Ол 5 пайыз жерлерге мамандардан басқа адамдардың кірмейтініне біз сенімді болуымыз керек» дейді Ұлттық ядролық орталығының директоры. 

Сөйтіп, ұлттық ядролық орталықтың біраз жылғы зерттеулеріне сүйенсек, бүгінде аталмыш полигон аймақтары 95 пайызға залалсызданып болған. Оған инвестиция тартуға да, ол жерлерден шаруа қожалықтарын ашуға да болады. Тіпті полигон аумақтарын сауықтыру мақсатында ядролық сынақ болған өңірлерде экстремалды туристердің саяхатын ұйымдастыру да қолға алуға болады. 

Бұған қатысты «экзотика мен шым-шытырық оқиғаларға, қаупі жоғары аймақтарға бас тігіп саяхаттауды қалайтын саяхатшыларға Семей полигоны аймағын зерттеу тым қызықты, сондықтан полигон аймақтарында экстремалды туризмнің өркендеуіне жол беру керек» деген мамандар да табылды.

Негізінен, осы полигон аймақтарын қолдануға беру турасында ойды шығарып жүргендердің бағамдауынша: полигон аймағында тұрып жатқан елдер сол жерді тұрғылықты мекен етті. Тіпті сол елде қайсыбір қауым «кезінде ашық-шашық жатқан полигон аймақтарына жылқыларымызды жайғанбыз, қазір де олар сонда жайылып жүр, ол жылқының қымызын бүкіл ел ішеді, етін біраз қауым азық етеді, сондықтан да сол бұрынғы полигон аумағынан жер алып, оны құжатпен заңдастырсақ, жөн болар еді» дейтін де көрінеді. Міне, полигон аймақтарын халық шаруашылығына беру мәселесі осыдан барып туындады» дейді мамандар.

- Мәселен, Абай ауданы, Саржал ауылы төтенше радиациялық аймаққа жатады. Бірақ осы ауылдың шаруа қожалықтары бұрынғы Семей ядролық полигонының жерлеріне жылқыларын жайып жүр. Осыған орай шаруа қожалықтарының басшылары полигон жеріне шаруашылық мақсатқа пайдалану үшін 100 мың гектар жерді бөліп беруді Үкіметтен сұрап отыр. Осыдан барып полигон аймақтарына инвестиция тарту жайы сөз болып кетті. Қазірде тіптен сырттан инвесторлар тарту арқылы осы аймақтарды жетілдіру  сөз болуда. Қытай инвесторлары сол аймақтарға келгісі келетінін білемін. Оларға ауқымды жер болса, Қытай оны гүлдендіріп жіберуге дайын. Қытайға ерік берсе сол полигон аймақтарында гүлдендіріп алар еді. Бірақ бұл мәселе әлі мемлекеттік талқылауды қажет ететін дүние. Өз басым толық зерттелместен сырттан инвестиция тартудың қажеттілігі жоқ деп ойлаймын. Болашақтың тұрғысынан ойласақ әрине ол аймақтарды өркендетіп туризм ошақтарын салып, ауыл шаруашылығына пайдалануға беру тиімді екені даусыз. Әйтсе де залалы толық зертеліп, әбден залалсыздандырылып алып барып, байыпты түрде іске салмақты шешімдер қабылдау қажет. 
Негізінен, деректерге жүгінсек, Семей полигон аймағында  470 атом сынағы жүргізіліп, сол кездерде 606 ядролық жарылыс, оның ішінде әуеде – 90, жер бетінде – 26, жер астында 354 жарылыс жүргізілді. Олардың жинақталған тротилдiк баламасы 17,7 мегатонна болған. Әуе мен жер бетінде жүргізілген 55 жарылыстың радиоактивті бұлттары және жерасты жарылыстарының 69 газ фракциясы полигон шегінен тыс жерлерге тарады. Дәл осы 124 жарылыс Қазақстан аумағының шығыс бөлігін радиациямен ластады. Бұған қатысты сарапшылардың бағалауы бойынша, «Семей полигоны маңайындағы радиацияға ұшыраған жерлердің нормаға келуі үшін кемінде 200 жыл керек»...  
«Ғылыми деректерге жүгінсек, плутоний-240 изотоптары табиғи жолмен – 6500 жылдан кейін, плутоний-239 изотоптары 21 мың жылдан кейін ыдырайды. Ал плутоний-241 ыдыраған кезде жаңа альфа-сәулесі түзіледі, америций-241 изотоптарының төндіретін қаупі жыл сайын тек өсе береді. Егер плутонийдің бір бөлігі адам ағзасына түссе, сүйек тінінде – 80 жыл, бауырда 40 жыл өмір сүреді екен. Барлық тірі жасушаны өлтіріп, олардың табиғи қасиетін жойып, бұзуға әкеліп соғады. Ал осындай деректерге анық қол жеткізе отырып, сол аймақтарды қалайша халықтың қолданысына береміз?! Бұған қатысты айтарым, Семей полигоны аймағындағы қайғы-қасіреттің буы әлі тарқаған жоқ. Семей халқы оның зардабын әлі тартып отыр. Сондықтан ол елдегі полигон аймақтарына инвестиция салуға мүлде қарсымын»,-деді химия ғылымының докторы, Қорлан Әбсалықова.  
Абзалында мамандарымыз бүгінде бір ғана тек Семей полигоны ғана емес шын мәнінде, қазақ даласының 19 млн.га жері 40 жыл бойы ядролық сынақ аймақтары болғанын зерттеп отырғаны белгілі. Қазірде ғалымдар Семей полигон аймағына қоса Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы «Капустин Яр» және «Азғыр» әскери полигондарын аймақтарын да кешенді түрде залалсыздандыру қажеттігін алға тартады. «Ал енді осы аймақтарға инвестиция салсақ, зауыт-фабрикалар орнатсақ, өндіріс орындарын ашсақ елдің экономикалық ахуалы көтеріліп кете қояды» дегенге мұндағы қауым да сеніңкіремейді. «Полигон аймақтарын инвесторлардың ошағына айналдыру болашақтың еншісіндегі дүние. Сауатты жүзеге асыра алған күннің өзінде мұндай шараларды қолға алып оның нәтижесін көру үшін кем дегенде 30 жылдай уақыт қажет. Ал  әзірше бізге полигон аймақтарына инвестиция салудан бұрын алдымен осы аймақтарды залалсыздандыру мәселесі, халықтың денсаулығын оңалту жайы бірінші кезекте алаңдатуы тиіс. Бұған қоса  полигон аймақтарындағы жұртшылыққа мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік төлемдерді де көбейту жайын шешу қажет» дейді мамандар...

Қарлығаш Зарыққанқызы

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір