• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 02:32:56
Алматы
+35°

29 Мамыр, 2018 Әлеумет

Қытайда ұсталған этникалық қазақтар босатылды - Қайрат Әбдірахманов

Келіссөздердің қорытындысы бойынша 12 адамның тоғызы босатылды. Қалған үш азамат бойынша жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатыр.

Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қытайда ұсталған 12 қазақстандықтың тоғызы босатылғанын мәлімдеді. 

Министрдің айтуынша, қос азаматтық алған этникалық қазақтардың мәселесі үкіметтің басты назарында.

«Біз күн сайын бұл мәселе бойынша жұмыс жүргіземіз. Cәуірде делегаттарымыз Қытайға екі рет сапарлап барып, осы мәселені талқылады. Соның ішінде Қытайда ұсталған 12 Қазақстан азаматының мәселесі қозғалды. Қытай тарапы ҚХР азаматтығынан шығу процедурасын дұрыс рәсімдемеген. Келіссөздердің қорытындысы бойынша 12 адамның тоғызы босатылды. Қалған үш азамат бойынша жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді министр үкімет отырысының үзілісінде. 

Сонымен қатар Әбдірахманов министрлікке жүгінген Қытайда ұсталған қазақстандықтардың тағдырына бейжай қарамайтынын жеткізді. Бүгінде сыртқы істер министрлігінде қиындыққа тап болған 170-тей этникалық қазақ туралы ақпарат бар.

Былтырдан бері Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшырағаны жайлы ақпарат дүркін-дүркін жарияланып жатыр. Бірнеше ай бұрын Qamshy.kz ақпарат агенттігі осы мәселеге қатысты ҚР Сыртқы істер министрі Әбдірахмановқа бірнеше сауал жолдаған еді.

Ал министрлік келіп түскен шағымдарға байланысты Қытай Сыртқы істер министрлігіне Қытай аумағында қамауға алынған Қазақстан азаматтары жайлы тиісті ноталарды жолдай отырып, ҚР азаматтарына консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатқанын айтқан.

Жуырда ғана Qamshy.kz ақпарат агенттігі Қазақстандағы отбасына жету үшін шекараны амалсыздан заңсыз кесіп өткен Сайрагүл Сауытбайдың мәселесіне қатысты ҚР ҰҚК Шекара қызметіне сауал жолдады.  

Жалпы, Қытайда ұсталған этникалық қазақтардың мәселесі осы уақытқа дейін бәсеңсімесе ушығып тұрды. Бірнеше рет бас қосып, бұл мәселені талай талқылаған қоғам белсенділерінің бар үміті билікте болды. Еліміздің құзырлы органдары шекараның екі жағында қалған қазақтардың жанайқайына құлақ асып, мәселелерді шешеді деп үміттенді. ҚР Сыртқы істер министрлігінің араласуымен оңынан шешіле бастаған бұл күрделі мәселенің күрмеуі таяу арада шешіледі деген сенімдеміз.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір