• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 00:55:51
Алматы
+35°

06 Шілде, 2017 NEWS

ҚЫТАЙ ҚЫСЫМЫНА ХАЛЫҚ ПЕН БИЛІК БІРЛЕСЕ ҚАРСЫ ТҰРУЫ КЕРЕК

«Қытайда қазақ ұлтының өкілдеріне жойқын қысым жасап жатыр», «Қытайда қазақтар қамалып, қудалануда» деген ақпараттармен бірге &laquo...

«Қытайда қазақ ұлтының өкілдеріне жойқын қысым жасап жатыр», «Қытайда қазақтар қамалып, қудалануда» деген ақпараттармен бірге «Қытай Қазақстан мұнайын  сатып алуды 2,5 есеге қысқартты»  деген тақырыптағы мақалаларды да жиі оқып жатырмыз.

Шыны керек, экономикалық, саяси тақырыптарға келгенде қазақ тілді басылымдар, сайттар кеш қалып немесе самарқаулық танытып жатады.

Жарайды, менің айтпағым ол емес.

Қытай елі өз жеріндегі қазақтарға қысымды күшейтіп, негізгі табыс көзі болып отырған Қазақстан мұнайын сатып алуды 2,5 есеге қысқарту арқылы Қазақстан билігіне, нақтырақ айтсақ Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қысым, орысша айтқанда шантаж жасап жатыр деп ойлаймын.

Менің ойымша, жеке пікірім бойынша оның бәрі жер үшін болып жатыр деп есептеймін.

Сырт көзге байқалмағанымен өткен жылғы жер дауы, жер митингілері орасан зор өзгерістерге, қазақ ұлты үшін зор мүмкіндіктерге қол жеткізді.

Нақтырақ айтсақ, шетелдіктерге жердің сатылуына, жалға берілуіне тойтарыс бердік, 1,7 млн. гектар жердің сатылуына тосқауыл жасадық. Президент 2021 жылға дейін ауылшаруашылық жерлерін шетелдіктерге жалға беруге мораторий жариялады. Оны елдің бәрі біледі.

Одан өзге жалпы халық біле бермейтін жәйттар бар. Тек бір мысал айтар болсам, Қазақстанның 5 миллион гектардан аса шұрайлы жеріне ие болып отырған, негізінен егістік жерлерді жалға алған, миллиондаған тонна астық сақтайтын элеваторлары бар 3 агрохолдинг банкротқа ұшыраудың аз алдында тұр. Олар, «Алиби», «Иволга» және «Казэкспортастык» аргохолдингтері.

Соның ішінде  айрықша мән беретін жағдай, Қазақстан бойынша астық экспорты бойынша бірінші орындағы «Казэкспортастык» ходингіне аты шулы «Бәтуа» серіктестігінің артында тұрған қытайдың «Oriental Patron Financial Group» компаниясы 2016 жылы 500 млн.$ инвестиция құймақ болады.

Оның негізгі  себебі, менің ойымша «Казэкспортастык» ходингіне ие болу. Егер холдинг  500 млн.$ инвестиция алғаннан кейін де банкрот болса, Қазақстанның банкроттық заңы бойынша банкрот болған компанияның барлық мүлкі кредиторларға үлестіріліп беріледі. Арғы жағын түсінген боларсыздар. 

Президент мораторий жариялағаннан кейін «Oriental Patron Financial Group» компаниясы «Казэкспортастык» холдингіне инвестиция салудан бас тартыпты деп естідім. Қазір банкротқа бет алған 3 агрохолдингтің қарыздарын «Проблемалы несиелер қорының» есебінен жаппақшы көрінеді. 

Бұған қоса «Бәтуа» серіктестігі алған 91 432,5 га. егістік жерді ҚР Ауылшаруашылық министрлігімен бірлесе отырып мемлекетке қайтардық. Бұдан басқа қайтарылатын жерлер де аз емес.

Қорыта келгенде, өткен жылғы жер дауынан кейін Қытай елінің жерімізге жаппай ие болу жоспары іске аспай қалды. Қытай компанияларының осыған дейін алып алған жерлері қайтарыла бастады. Қытайдың 51 зауытын Қазақстанға көшіру жоспары қазақ халқының  үлкен наразылығын туғызды.

Ал Қазақстанға миллиардттаған доллар қарыз берген Қытай елі үшін қайткен күнде де өз жоспарын іске асыруы керек, яғни жерді алуы тиіс және 51 зауытты қайткен күнде де Қазақстан жерінен ашуы керек.

Әр зауытқа бәленбай қытай азаматын Қазақстанға енгізуі тиіс.

Сондықтан да, менің ойымша халықтың каһарынан қорқып жерді шетелдіктерге жалға беруге мораторий жариялаған Қазақстан билігі енді Қытай билігінің зор қысымына тап болды.

Шетелден қарыз алуға құрамтып, тегін ақша құйылып жатқанда көрген Қызақстан билігі, Президент өзінің жаңсақ саясатының тұтқынына айналды.   Ал оның зардабын  қарапайым қазақтар көруде.

Енді не істеу керек?

Ең бастысы, жердің шетелдіктердің сатып алуына, жалға алуына мүмкіндік бермеу керек. Миллиардттаған доллар қарыз алып, былыққа белшесінен батқан Қазақстан билігі Қытай билігінің кейбір талабына мойынсұнуға мәжбүр болуы мүмкін.

Қазірдің өзінде бірнеше облыста қытай зауыттарының құрылысының бітіп немесе басталып жатқаны туралы ақпараттар жарияланып жатыр.

Бұл жағдай, бүгінгі сәт Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздігі, қазақ жерінің тұтастығы, жердің сақталу немесе сақталмауы, қазақ ұлтының ұлт ретінде жойылу немесе сақталуы таразы басында тұрғанын көрсеткендей.

Биліктің халыққа сенім артпауы, халықтың билікке сенімінің жоғалуы, билік пен халық арасындағы байланыстың үзілуі қауіпті одан әрі өршіте түскендей. Бұл жағдайды белгілі бір күштер бізге қарсы пайдалануы әбден мүмкін. Билікті халыққа, халықты билікке айдап салу арқылы елдің қорғаныс мүмкіндігін әлсіретуі ғажап емес.

Құрметті бауырлар, қадірлі халайық, біз бүгін шешуші сәттің алдында тұрғандаймыз. Осы сәтте қажырлылық, қайсарлық, жерімізді, тәуелсіздігімізді сақтап қалу жолында жанкештілік танытуымыз керек деп ойлаймын.

Президент, билік басында отырғандар халықпен бірлесуге барынша талпынып, өз халқымен бірлесе отырып, қауіпке бірге қарсы тұрып, ел тәуелсіздігін, жер тұтастығын сақтап қалуы тиіс деп есептеймін.

Ата-бабадан аманат болып қалған жерімізді қайтсек те сақтап қалайық, соған барынша жұмылайық, бауырлар!

 

Мақсат Ілиясұлы.

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір