• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 13:41:17
Алматы
+35°

13 Наурыз, 2018 Сұхбат

Қытай қазағы: Қазақстанда жақсы мен жаманның орны ауысып барады

Елімізде білім гранттарымен туындайтын мәселемен Қытайдан келген қандасымыз да танысып үлгерген.

Qamshy.kz журналисі Қытайдан келген қазақ жігітімен Қазақстандағы жағдайға көзқарасы жайында әңгімелесті.

Назар Гіміш – Бейжіңдегі Орталық Ұлттар университетінен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне бір жылға білім алмасу үшін келген студент.

– Қазақстанға былтыр қыркүйекте келдік. Әне-міне дегенше алты айдан астам уақыт өтті. Алматыда болдым, арасында Астана, Семей, Өскемен қалаларын араладым. Қазақстанға келудегі  басты мақсатым – оқу. Сонымен қатар ел көріп, жер көріп, атажұртымның мәдениетімен жақын танысуды ойладым, – дейді Назар.

Ол Қазақстанға алғаш келгенде көп дүниеге көңілі толмаған. Барлығына сыни көзбен қарап жүрген. 

– Бес-алты айдың ішінде мен байқаған кемшілік аз емес. Тайға таңба басқандай анық көрінетін тұстары да көп болды. Әсіресе, Қазақстанға алғаш келгенде бізді орналастыру жұмыстарымен ағайымыз біраз әуре-сарсаңға түсті. Құжат қабылдайтын, мөр басатын орындарда «шеттен келген» деп бізге онша мән бермейтіндер де кездесті. Ол кісілерге қарап, «амалсыздан жұмыс істеп отыр ма?» деген ой туады, – дейді Гіміш.

«Сырт көз – сыншы» екенін ескерсек, қандасымыздың пікірі де орынды. «Сен де бір қазақтың баласысың ғой» деп ешкім құшақ жайып күтіп алмаса да, ол бүгінде өз ортасын кеңейтіп, достарын көбейткен.

– Меніңше, Қазақстанда теңсіздік мәселесі өзекті болып тұр. Көп жағдайда мәселені ақша шешіп кетеді. Қолыңнан келмесе де, ақшаң болса жеткілікті. Озбырлардың аты озып, жақсы мен жаманның орны ауысып бара жатқан сияқты. Бұл барлық елде болуы мүмкін, дей тұрғанмен Қазақстанға келгелі аталмыш мәселе алдымнан бірнеше рет шықты. Ал еліміздегі озық мәдениет қоғамдық орындарда жиі көрінеді екен. Үлкенге орын беру, қыз балаға жол беру – барлығы қазақы мәдениеттің көрінісі, - деп бағалады Назар.

«Қытай қазағы» деген атауың кең қолданыста екені белгілі. Шеттегі кей қандасымыздың жолы болып елге оралып, Қазақстан азаматтығын алып жатса, енді бірі әлі де атажұрттан тыс өмір сүріп жатыр. Дегенмен жүрегі «қазақ» деп соғатын азаматтардың қарасы қалың.

– Мұндағылар Қытайдан келгенімізді бірден біліп жатады. Оның басты себебі  – тілдегі ерекшелік. Сырт келбет барлығымызда бірдей. Мен қазақ тілінде диалект жоқ деп қараймын. Ресейдің Сібіріндегі қазақ пен Қытайдың қазағын бір-бірімен жолықтырсақ, өзіндік тіл ерекшеліктері байқалады, алайда бір-бірін түсініп, әңгіме өрбіте алары хақ.

Көпшілігі «қазақтың қаймағы бұзылмаған төл сөздерін сақтап қалғансыңдар», «таза қазақша сөйлейсіңдер» деп таңырқайды. Қытайда жүргенде әңгіме арасында қытай тілін қолданатынымыз жасырын емес. Ал Қазақстанға келгелі еш қоспасыз қазақша сөйлеп жүрмін. Мүмкін менің ерекшелігім осында, - деп ағынан жарылды Назар.

Назар шетелде туып-өссе де, қазақы мәдениетпен тығыз байланыста екенін айтады. Қазақ ақын-жазушыларының шығармаларымен де етене таныс.

– «Әу» демейтін қазақ жоқ. Көпшілік орында Абайдың «Көзімнің қарасынан» бастап, басқа да елге мәлім әндерді орындап жүреміз. «Шетте жүріп бұл әндерді қайдан білесіңдер?» деп таңдана қарайтындар да кездесті. Біз қазақтың әні-күйін, ертегілері мен жыр-дастандарын жадымызға тоқығанбыз. Қазақылықтан шет қалып қойған жоқпыз, - дейді Назар Гіміш.

Елімізде білім гранттарына қатысты мәселеден Назар да хабардар болып шықты. Оның ойынша, елдегі оқу ақысы қымбат.

– Қазақстанда қаншама жастың оқуға түсе алмай жүргенін байқадым. Барлығы қаржыға келіп тіреледі. Грант ұтып ала алмаған соң өзі қалаған мамандыққа түсе алмайды немесе қаржы төлеп оқуға жағдайы болмайды. ЖОО-ларда оқу бағасы жоғары. Ол мемлекеттің экономикасына да келіп тірелуі мүмкін. Мен ұсыныс жасағанымен, бұл шешіле салатын нәрсе емес, дегенмен  оқимын деген жастарға қол ұшын беріп, солардың арманын жолдан кесіп тастамауға жағдай жасалса екен. Ал Қытайда студенттерді мемлекет өз қамқорлығына алады, – дейді Назар.

Ол шетелде жүріп-ақ ұлт мүддесі үшін жұмыс істеуге болады деп санайды. Себебі қазір заман өзгерген, қатынас оңайлаған, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын құралдар бар.

– Жолымызда кездескен  екі адамның бірі: «Елге ораласың ба?», - деп сұрайды. Біреуіне: «Иә, келемін», - деп жауап берсем, енді бірде: «Жоқ», - деймін. «Келемін» десем, қолдаушылар табыла кетеді. Елге біржола тұрақтап, ата-бабаның жолын жалғағаның дұрыс деп айтады. Енді біреулер: «Не үшін келесің? Бұл елді жан-жақтан жеп жатыр», - деп нақты мысалдарын төге кетеді. Өзім қай жерде болсын қазақ үшін қызмет еткім келеді. Оған менің қайда тұрғаным және құжатымда қай елдің мөрі басылғаны маңызды емес, - деп түйіндеді сөзін Назар Гіміш.

Aigerim Taubay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір