• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 07:30:46
Алматы
+35°

15 Тамыз, 2017 NEWS

Қырық даудың қыспағында, мың мәселенің арасында қашанғы отырасың, Сағадиев?

Ерлан Сағадиев БҒМ басшылығына келген сәттен білім саласында халық күтпеген жаңалықтар көптеп шыға бастады...

ҚР БҒМ басшылыққа Ерлан Сағадиевтің келгеніне бір жарым жыл уақыт болды. Сол уақыт аралығында білім және ғылым саласына қатысты біршама даулы мәселелер туындап, бірнеше рет халық сынына ілікті.

ҚР БҒМ басшылығына келмес бұрын біршама лауазымды қызметтерді атқарып, 2016 жылдың 3 ақпанында ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Білім және ғылым министрі болып тағайындалды. Жоғарыда атап өткеніміздей, Ерлан Сағадиев БҒМ басшылығына келген сәттен білім саласында халық күтпеген жаңалықтар көптеп шыға бастады. Олардың көпшілігімен халық келіспей, тіпті, кейбір зиялы қауым өкілдері де қарсылық білдірген болатын.

Атап айтар болсақ, ең алдымен елдің ашуына тиіп, халық «керексіз заң» деп таныған «үштілділік мәселесі». Министр Ерлан Сағадиев жаңа лауазымына тағайындала салысымен шулы бастамалармен дауға қалып, өзекті тақырыптарды қамтыған сұрақтарға елдің алдында жауап берген еді.

Ол 2016 жылдың ақпанында «1 қыркүйектен бастап Қазақстан жаңа білім беру жүйесіне көшеді» деп айтқан. Жаңа білім беру жүйесінің басты жаңалығы – үштілділік мәселесі. Яғни, бірінші сыныптан бастап мектеп оқушылары қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қатар меңгеруі тиіс болды. Сонымен қатар, мектепте бірнеше пәндер ағылшын тілінде өтеді деген шешім қабылданған.  Алайда, бұл жүйені енгізу үшін 4 жыл қажет екендігін айтып, ең алдымен жоғарғы сыныптарда пәндерді ағылшынша өту жоспарын тәжірибеден өткізбек. Министрліктің шешімі бойынша, 9-11 сынып оқушыларына бірнеше сабақтар, көпшілігі жаратылыстану бағытындағы сабақтар ағылшын тілінде жүргізілмек екен.

Біршама ата-аналар бұл бастамаға қарсылық білдіргенімен, шешім қабылданып, Қазақстандағы 7,5 мың мектептің барлығына да енетіндігі айтылды. Ерлан Сағадиев бұл бастамаға халықтың дайын екендігін сенімді түрде атап өткен.

Алайда бұл бастамаға мектеп оқушылары дайын ба? Сонымен қатар, жоғарғы сыныптарға күрделі пәндерді ағылшын тілінде өткізе алатын мұғалімдер бар ма? Бұл мәселенің түйінін шешуге 4 жыл жеткілікті ме? Осы сынды сұрақтар қазіргі таңда көпшіліктің алаңдаушылығын тудырып, әлі күнге дейін оң шешімі табылған жоқ.

Келесі даулы мәселелердің бірі – «Қазақ әдебиеті» мен «Қазақ тарихы» мамандықтарының жоғары оқу орындарынан алынып тасталады және «Серпін» бағдарламасы тоқтатылды деген жаңалық еді. Әлеуметтік желілерде ҚР БҒМ-ның мамандықтар классификаторындағы «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тарихы», «Лингвистика» және «Шығыстану» секілді бірқатар мамандықтарды алып тастады деген ақпарат тарап, елді дүрліктірген болатын. Алайда, ведомствоның ресми парақшасында бұл ақпаратты теріске шығарып, жалған деп таныды.

Аталмыш мәселеге қатысты ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев видеоүндеу жолдап, анық-қанығын өзі түсіндіріп берген. Сонымен қатар, білім және ғылым министрі педегогтар, ата-аналар мен оқушыларды тек сенімді дерек көздерінен таралатын ақпараттарға жүгінуге кеңес берді.

Министрдің айтуынша, мамандықтар классификаторында ешқандай да өзгерістер болмаған және де «Серпін» бағдарламасының тоқтатылғандығы жалған ақпарат болып шықты. Дегенмен, жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды деген тағы бар...

Келесі бір тоқтала кететін мәселе – біршама жылдардан бері айтылып келе жатқан, әлі күнге дейін күрмеуі шешілмеген қазақ әліпбиі мәселесі. Елбасының «2025 жылға дейін толығымен латын әліпбиіне көшуіміз қажет» деген бастамасы – биылғы жылдың басты әрі маңызды жаңалықтарының бірі болды.

Алайда Ерлан Сағадиевтің баспасөз қызметімен кездесулерінің бірінде бұл жобаны іске асыруға асығыстық танытпайтындығы байқалды. Себеп неде? Өйткені, бір жыл бойы латын әліпбиінің түрлі нұсқасы жасалып, тек жылдың соңында ғана нақты қаріп бекітілмек екен.

Бәлкім, асығыстық танытпай, әр қадамды ақырындап әрі аяңдап басқан дұрыс та шығар. Алайда осы уақытқа дейін латын әліпбиінің бірнеше нұсқасы жасалып, көптеген жобалары таныстырылды. Көпшілігі бір-біріне ұқсас болып келеді.

Латын әліпбиіне көшу туралы бастамадан соң қоғам екіге жарылып, екі түрлі пікір қалыптасты. Бірі – латын әліпбиіне көшуді қолдаса, басқасы кирилл қарпін қолдана беру керек деген пікір айтуда. Сонымен қатар, сайтымыздың бетінде шыққан «Латын әліпбиіне көшу үрдісі қалай жүріп жатыр?» атты мақаламызда латын әліпбиінің министрлік жанынан құрылған комиссия мүшелері дайындаған екі түрлі нұсқаның – лингвистикалық және интернет жобасы – талдап, көрсеткен болатынбыз. Ол екі жобаға қатысты да түрлі түсінік туып, мәселеге біржақты көзқараспен қарау мүмкін болмай жатқандығы белгілі.

Латын әліпбиіне қатысты тағы бір айта кететін жайт – қоғамның пікірі, қарапайым халықтың көзқарасы мен позициясы. Жоғарыда аталған мәселелер секілді халықтың пікірі мен көзқарасы елеусіз қалып, түсініспеушіліктер туындамайды деген үміттеміз...

Кейінгі шыққан дау-дамайы көп, әлі күнге дейін басылмай, ушығып тұрған мәселе – ҰБТ мәселесі. Биыл ҰБТ-ның негізгі форматы өзгертіліп, мектеп бітіруші түлектер мектепте бір рет емтихан, кейіннен ЖОО-ға түсу үшін тест тапсырды.

Айта кетер болсақ, 2017 жылғы ҰБТ форматы 5 пән бойынша 120 сұрақтан тұрады, 3 пән міндетті болса, 2 пән талапкердің жоғары оқу орнына тапсыратын мамандығына байланысты бекітілген.

ҰБТ форматы мен ондағы тапсырмаларға қатысты ата-аналар мен оқушылар екі түрлі көзқараста болып, түрліше пікір білдірді. Көпшілігі ҰБТ-ның ескі форматын қалдырған жөн еді десе, оның жаңа форматын да қолдап, сол арқылы әділ болады деп пікір айтып жатты.

ҰБТ-мен қатар көтерілген «Алтын белгі» мәселесін де айта кеткен жөн секілді. Әдетте, жыл сайын ҰБТ нәтижесі арқылы өздерінің «Алтын белгілерін» қорғап шыққан түлектер алғашқылардың бірі болып грант иегерлері атанатын, алайда, биылғы шыққан жаңа заң бойынша «Алтын белгі» иегері ешқандай да мүмкіндікке ие бола алмайды екен. Демек, «Алтын белгіні» түлектер енді көрімдік үшін ғана алатын болады...

ҰБТ-мен ілесе ушыққан мәселе – МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТ иегерлерінің тізімі болды. Шындығында, оның шуы әлі күнге дейін басылмай келеді. Естеріңізге сала кетсек, 10 тамыз күні мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі жария болған еді. Жоғарыда айтқандай, мектепте өздерінің «Алтын белгілерін» қорғаған түлектер ешбір құзыретке ие бола алмайды деген, алайда 10 тамыз күні шыққан нәтижеде жағдай мүлдем өзгеше болып, елдің арасында көптеген түсініспеушіліктер туғызды. Бір мамандыққа 100-ден аса балл жинаған бала түсе алмай қалған болса, 70-тен төмен жинаған бала «Алтын белгі» иегері болғаны үшін мемлекеттік грант иегері атаныпты. Расымен де, мұны әділетті деп айта алмаймыз. «ҰБТ-дан 70-тен төмен жинаған түлек қалайша «Алтын белгісін» қорғап, емтихан тапсырды?» деген сұрақ туындайды.

Ата-аналардың наразылығын тудырған бұл мәселе мемлекет деңгейінде көтеріліп, БҒМ алдына арыз айта барған ата-аналардың шағымына министрлік құлақ түрген болатын. Нәтижесінде мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі қайта қаралып, 14 тамызда жаңа тізім жасалып шықты.

«Егемен Қазақстан» газетінде жария болған тізімде 10 тамыздағы нәтиже бойынша грант иегері өзінің мемлекеттік грантын сақтап қалады деп айтылған. Белгілі болғандай, тізім қайта қаралғаннан соң министрлік мемлекеттік грант санын 4%-ға көбейткен. 

Алайда жаңа шыққан тізімге де ата-аналар мен түлектердің көңілі толған жоқ. Бірінің «Алтын белгі» құқығын алып тастаған болса, енді біреулердің алғашында грантқа түскен Жоғары оқу орнын кейіннен басқа Жоғары оқу орнына ауыстырып жіберген тұстары тағы бар. Халықты екі толғандырып, екі рет тақымын қысуға мәжбүр еткен министрліктің бұл ісіне ел түсінбей дал болды. 

Елдің біраз наразылығын тудырып, біршама келеңсіздіктерге жол берген ҚР Білім және ғылым министрлігі бір жүйені қалыптастырып, мәселелердің оң шешімін табады деп үміттенеміз... Қашанға дейін қырық даудың қыспағында, мың мәселенің арасында отыра бермек екен?

Назерке Лабихан

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір