• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 01:51:28
+35°

14 Шілде, 2018 Фото-баян

Қырымбек Елеуұлы балықшылардың мәртебесін өсіріп, Арал арнасына толған күн (Фото)

Арал өңірінің ата кәсібі - балық шаруашылығы саласы жаңа деңгейге көтеріліп, қарқынды дамуда.

Бірнеше ай бұрын ғана жазушы Әбді-Жамил Нұрпейістің «Туған анаңдай, қайран, туған жер» деген эссесін оқығанбыз. Қаламгер «Арал тіпті көнбіс. Тіпті төзімді. Заман қанша өзгерді. Қоғам да, адамдар да жанталасып өзгеріп жатыр. Апырай, бірақ Арал өзгермейді. Құдайдан да, адамдардан да үміт үзгесін ешкімнен ештеңе дәметпейді», деп сипаттаған Аралдың ащы тағдыры жүректі сыздатқан сонда. Бірақ, Арал өзгеріп келеді екен... Үмітсіз емес.

Балықшылар слеті

Біз Аралды екі нәрсемен есте сақтаған едік. Бірі ақын Сырбай Мәуленовтың

«Теңізге жалпы халық боп,

Жасайды енді иелік.

Жатқандай Арал балық боп,

Поезға жедел тиеліп», - деп жырлайтынындай мектепте оқыған «Тарих» пәнінен білетін «Майдан үшін 12-16 сағат жұмыс істеп, соғыс шебіне және  Орловқа қамқорлық ретінде миллиондап ақша аударып, мыңдаған тонна балық пен тұз жөнелтетіні болса, екіншісі күн сайын асқа қататын тұз. Сол аты мәшһүр Аралды көру бүгін нәсіп болды. Арал дегенде кешегі арнасынан жырылып қалған Қамыстыбас, ел аузындағы Қамбаш көліне бардық. Қамбаш жағасында Қызылорда облысының әкімдігі «Балықшылар слетін» өткізді.

Қорқыт ата кешені

Аралға жету

Астанадан бет алып, «Қорқыт ата» әуежайына қонғанда күтіп алған әкімдік қызметкерлері өз өңірлерін айтып емес, көрсетіп мақтанатынын дәлелдеді. Қызылордадан шыға сала «Абзал и К» компаниясының демеуімен гүлденіп тұрған қала іргесіндегі Нағи Ілиясов ауылын көрсетті. Күріш егумен, өндірумен айналысатын ауыл тұрғындарына не керектің бәрі бар. Жағдайын жасап қойған ауылдың өз баласы, бүгінде Парламент Мәжілісінде депутат Абзал Ералиев. Нағи Ілиясов – Қызылорда қаласынан 50 шақырым қашықтықта, аудан орталығы Тереңөзек кентінің оңтүстік-шығысында Шіркейлі каналының жағасында орналасқан аядай ауыл екен. Бізді ауылдың әкімі, Тәуелсіздіктің түйдей құрдасы Сағадат  күтіп алып  таныстырды. Совет-Фашист соғысында от кешіп келіп, ауылға аямай терін төккен Нағи Ілиясов есімін иеленген елді мекенде жанға керектінің бәрі бар. Мектеп, мешіт, мәдениет үйі, дүкен, спорттық кешен, мыңдаған түп ағаш пен алуан түрлі жайнаған гүл. Мемлекетпен әріптестік аясында кәсіпкер қаржысымен гүлденіп, ауылың қайсы десе мынау дейтіндей менмұндалап-ақ тұр. Оны тіпті ауыл имамы да растады. Ерекше көзімізге түскен ғимарат мешіттің дәл іргесіне салынған ауыл әкімдігі ғимараты. Күріш сабағы пішінімен көкке бой созып тұр.

Нағи ауылы

Аралға бет алған жолда кешкі шапақпен Қорқыт ата мемориалына бұрылдық. Самалмен қобыз үні құлаққа жетіп, Сырдың суы сырланып ақты. Дұғамызды жасап, жолды жалғадық. «Батыс Қытай, Батыс Еуропа» магистралы бойлай салынған Қызылорданың қоңыр даласында қараңғы түнді орталап барып, он екіде Аралға жеттік. Қамыстыбас ауылы іргесіндегі Қамбаш емдеу-сауықтыру орталығына жете сала Аралдың балығынан дәм таттық.

Қорқыт ата кешені

Қамбаш жағасындағы той

Той таңмен дүбірлеп басталды. Сахналандырылған қойылым сәтті шықты. Көл бетінде ойнақ салған қайық пен катер, шаттанған бала мен масат көңілді ересек жұрт. Сәні де, салтанаты да келісіп тұрған киіз үй. Слетта арнайы көрме мен фотобаян да ұйымдастырлған. Тіпті «Алтын балық» та қармаққа түсті.  «Балықшылар слетін» Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев ашты. Өңірдегі бес жарым жылдан бергі әкім келе сала еңбекші жұртқа көңіл бөліп, мән бере бастаған. Оның дәлелі 4 жылдан бері дәстүрлі өтіп келе жатқан «Малшылар слеті», «Балықшылар слеті» сияқты қара терін төгіп, қиыршық құммен, тымырсық күнмен, аяусыз аязбен, мәңгілік боранмен алысып ғұмыр кешіп жатқан еңбекшілердің басын қосып, марапат беретін салтанатты жиындар. Жиын емес-ау, торқалы той.

Балықшылар слеті

2 ай бұрын өткен «Малшылар слетін» жазғанбыз. Ал, бүгінгі «Балықшылар слеті» тіптен бөлек. Арнайы қонақтар қатарында Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл мен Геннадий Шиповских, экс депутат, Қоғам және Мемлекет қайраткері Нұрлан Өнербаев, әзіл-сықақтың тарланы Бауыржан Ибрагимов бар. Одан тыс шараға арнайы қатысуға Мелиорация және су шаруашылығының экс-министрі Қыпшақбаев Нариман Қыпшақбайұлы, балық шаруашылығының экс-министрі Саржанов Құдайберген, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы, сонымен бірге, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы атқарушы дирекциясының, Республикалық Ауыл шаруашылығы саласының кәсіподақтар қауымдастығының, «Казрыбхоз» балықшыларының қоғамдық бірлестіктері мен балық шаруашылығы субъектілерінің республикалық қауымдастығының және Ресей Федерациясының өкілдері, Ресей Федерациясы, Жамбыл, Ақтөбе, Түркістан, Маңғыстау облыстары делегациясы келген.

Балықшылар слеті

Қырымбек Көшербаев

Салтанатты жиынды ашқан облыс әкімі Көшербаев:

«Өткен жылы Орталық Азия елдері өкілдерінің қатысуымен Қызылордада ұйымдастырылған бірінші Арал халықаралық тұрақты дамыту форумы барысында Халықаралық Аралды құтқару Қорының құрылған күні 26 наурыз - «Арал теңізінің күні» болып жарияланды.

Биыл біз Халықаралық Аралды құтқару Қорының 25 жылдығы аясында алғаш рет 26 наурыз - «Арал теңізінің күнін» облыста  салтанатты түрде атап өттік.

Елбасының бастамасымен жүзеге асқан «Ғасыр жобасы» атанған Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жоба аясында бірінші кезекте атқарылған ауқымды шаралар нәтижесінде, Арал өңірінің ата кәсібі - балық шаруашылығы саласы жаңа деңгейге көтеріліп, қарқынды дамуда.

Бүгінде Арал теңізінен жылына 8 мың тонна балық ауланып, жергілікті балық өңдеу зауыттарында өңделуде.

Өңделген Аралдың балықтары Ресей, Грузия, Дания, Польша, Әзірбайжан, Қытай елдеріне экспортталуда», - деп баяндады өңірдегі балық шаруашылығы жайын.

Қырымбек Көшербаев

Ел есімін білуге тиіс балықшылар

Біз слеттің шын мәніндегі басты қонақтары, облыс әкімінің өз қолынан марапат алған балық шаруашылғының «батыр есімдерін» толық жариялайық:

 Балықшылар слеті

 

Номинация

атауы

Номинация

Иегері

Өндірісті

көрсеткіштері

Ұсыныс

беруші

1

2

3

4

5

1.

Балық шаруашылығы саласындағы үздік шаруашылық

 

"Арал" СДО"  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

(директоры Аимбетов Нурбек Адилбекович),

сыйлық-компьютер

Балық шаруашылығы саласында 2001 жылдан бері жұмыс жасауда. Балық өңдеу зауытында 40  адамды және маусымда 100-120 балықшыны жұмыспен қамтуда.

Балық  өңдеу зауыттарының ішінде Европа нарығына балық өнімдерін шығарған кәсіпорын. Бүгінгі күні, өнімдерінің көп бөлігін өңдеп, экспортқа шығаруда.

Арал ауданы

2.

Балық өнімдерін экспорттаушы үздік шаруашылық

 

ЖК "Игликов" балық өңдеу зауыты

(жеке кәсіпкер Игликов Төребек Жұмабекұлы),

сыйлық-компьютер

Балық шаруашылығы саласында 2005 жылдан бастап жұмыс жасайды. 2017 жылы заманауи балық өңдеу зауытын  салды. Сол жылы евростандарт сапа белгісін алып, өнімдерін Польша, Голландия, Ресей елдеріне шығаруда.

Балық өңдеу зауытында 50 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сол сияқты балықшыларға 100-ден астам қайықтар сатып алып берген.

Қазалы ауданы

3.

Үздік балық өңдеуші

 

І орын

"Арал" сервистік дайындау орталығы" ЖШС-нің балық өңдеушісі - Утегенова Жанагуль Джаксылыковна,

сыйлық-телевизор

 

Тәжірибелі балық өңдеуші, күніне 1-1,5 тоннаға дейін көксерке балығының сүбесін дайындайды. Сонымен қатар, жастарға өзінің тәжірибесін үнемі үйретуде.

Арал ауданы

ІІ орын

"Камбала балық" БӨО" ЖШС-нің балық өңдеушісі - Жумахметова Маржан,

сыйлық-ноутбук

2004 жылдан бері балық шаруашылығы саласында жұмыс жасайды. Өзіне белгіленген балық өңдеуді 97 пайызға орындап отырған балық өңдеуші.

Күніне 1 тоннаға дейін көксерке балығының сүбесін дайындайды. Өз тәжірибесін жастарға үнемі үйретіп келеді.

Арал ауданы

ІІІ орын

"Арал балық өңдеу зауыты" ЖШС-нің балық өңдеушісі - Тукешова Жастаргуль Сарыбаевна,

сыйлық-ноутбук

"Арал" СДО" ЖШС-де 2007 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Бір күндік балық өңдеу көрсеткіші  500-600 кг. дейін балық өңдейді.

Арал ауданы

4.

Үздік балық аулайтын бригада

 

І орын

"Бақыт" ШҚ-ның балықшылар бригадирі -

Сержанов Ербол Айдарович,

 сыйлық-телевизор

Балық аулауда тәжірибесі мол бригада, маусым кезінде күніне 5-7 тоннаға дейін балық аулайды.

Арал ауданы

ІІ орын

"Қуаныш" ЖШС-нің балықшылар бригадирі - Мняжов Муратбек,

 сыйлық-ноутбук

"Қуаныш" ЖШС-де 2008 жылдан бастап балықшылар бригадирі болып жұмыс жасап келеді. Шаруашылықта жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отырған озат бригадир.

Балық аулау маусымы кезеңінде 4-6 тоннаға дейін балық аулайды.

Арал ауданы

ІІІ орын

"Аста" ЖШС-нің балықшалар бригадирі -

Алимагамбетов Альмурза Аманбаевич,

 сыйлық-ноутбук

10 жылдан бері шаруашылықта балықшылар бригадирі болып жұмыс жасап келеді. "Аста" ЖШС-не бекітілген балық аулау лимитінің (285,5 тн) толық орындалуына өз үлесін қосып келеді.

Арал ауданы

5.

Үздік балықшы

 

І орын

"Қуаныш" ЖШС-нің балықшысы -

Изаев Жасулан,

  сыйлық-телевизор

Арал өңіріндегі тәжірибелі балықшылардың бірі, балық аулау жоспарын 120-150 пайызға дейін орындауда.

Арал ауданы

ІІ орын

"Камбала балық" БӨО" ЖШС-нің балықшысы -

Наурзбаев Кайрат,

сыйлық-ноутбук

Шаруашылықта ұзақ жылдар бойы тынымсыз еңбек етіп келе жатқан балықшы. Өзіне бөлінген балық аулау лимитін толық орындап келеді. Үздік балық аулаушы ретінде абройлы азамат. Жылдық жоспары 25 тонна болса, биылғы жылы оны 28 тоннаға дейін өсірген.

Арал ауданы

ІІІ орын

 

 

 

 

ЖК "Махсатбаев"  -

Махсатбаев Темирхан,

 сыйлыққа-ноутбук

Махсатбаев Темирхан "Жанай" көлін пайдаланып келеді. Облыс, аудан көлемінде ұйымдастырылған жәрмеңкелерге сапалы балық өнімдерін ұсынып келеді. 2007 жылы "Жаңару" СТК төрағысы болып сайланды. Балық шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқаны үшін аудан әкімінің алғас хатымен марапатталған.

 

Қазалы ауданы

6.

Балық шаруашылығы саласындағы үздік ғылыми қызметкер

 

"Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты" ЖШС-нің Арал филиалының ғылыми қызыметкері -

 Балымбетов Нурлан Куанышбаевич,

сыйлық-ноутбук

 

"Қазақ БШҒЗИ" ЖШС Арал филиалының ұсынысы

"Қазақ БШҒЗИ" ЖШС Арал филиалы

 

7.

Балық қорғау саласындағы үздік инспектор

Қызылорда облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының

бас маманы - Умбетов Орынбасар,

сыйлық-ноутбук

Қызылорда облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының ұсынысы

Қызылорда облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

 

8.

Үздік балық өсіруші

"Қамыстыбас балық питомнигі" РМҚК-нің

өндіріс меңгерушісі - Сулейменов Алмас Асанканович,   сыйлық-ноутбук

"Қамыстыбас балық питомнигі" РМҚК-ның ұсынысы

"Қамыстыбас балық питомнигі" РМҚК-ны

9.

Үздік балықшылар мұражайының қызметкері

 

Арал аудандық тарихи өлке тану музейіне қарасты балықшылар музейінің меңгерушісі -

Медетбаев Айбек Маликович, сыйлық-ноутбук

 

Арал ауданы әкімдігінің ұсынысы

Арал ауданы

10.

Үздік қолөнер суретші

 

Арал аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкері - Алпысбаев Арғын Алпысбайұлын, сыйлық-ноутбук

 

Арал ауданы әкімдігінің ұсынысы

Арал ауданы

11.

Балық шаруашылығы саласын насихаттаудағы үздік журналист

"Сыр бойы" газетінің тілшісі -

Адайбаева Сара Қорғанбайқызы,

сыйлық-ноутбук

 

"Сыр медиа" ЖШС-нің ұсынысы

 

"Сыр медиа" ЖШС

"Хабар Агенттігі" АҚ  Хабар 24 арнасының Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі -Бекенов Камбар Галимович, сыйлық-ноутбук

 

Арал ауданы әкімдігінің ұсынысы

 

Арал ауданы

 Балықшылар слеті

Үздік балықшы Изаев Жасұланды сөзге тарттық. Балық аулаудың қыры мен қиындығын сұрадық. Қаратерең ауылының тұрғыны балық аулаумен 10 жыл бойы айналысып келеді екен. Мамыр-маусым айларында қармаққа балық көп түссе, күз айларында қоржыны қалың болатын көрінеді. Айына 3 тоннаға дейін балық аулайтын Жасұлан Кіші Аралдың айдынында 30 км-ге дейін дендеп кіріп, ау құратынын баяндады. Өткен жылы алғыс хат алған ол өз кәсібін сүйемін дейді.

 Балықшылар слеті

«Барса келмес» бүгінде «өлсе тірілмес»

Слет көрмесін аралап жүрген Ұланбай Мұқанов ақсақал Аралдың жарты ғасырдан бергі көне танысы. Облыстық табиғи ресурстар инспекциясында қызмет етіп зейнетке шыққанын айтқан ол, Арал туралы терең сыр шертті. Қайрандап қалған кеме, құмы ұшқан теңіз тағаны трагедияның біткені емес екен. «Барса келместе» 100 шақты ғана құлан бар дейді Ұланбай қария. Соны өсіре алмай отырмыз деп ашынады. Кешегі айдыны шалқар жатқан Аралдың тағанында бүгін таттанған кеменің қаңқасы қалса, ертең «Барса келместің» мың бір құпияға толы табиғаты, Қызыл кітаптағы жануарылары қағаз бетінде ғана қала ма деп қауіптенеді.

 Балықшылар слеті

Арал айдынынан ғана емес қазағынан да айырыла жаздаған

Концерттік бағдарлама жалғасып жатқанда облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы сценарийсыз сөйлеп, халықты мерекемен  құттықтады. Елі етене жақсы көретін әкім өз сөзінде жұрт білмейтін бір жайдың басын ашты. 

Қырымбек Көшербаев

«Президенттің көмекшісі болып жүргенімде Мемлекет басшысының үстелінен екі құжат көріп едім. Ол Үкімет дайындаған «Қызылорда облысын тарту» және «Арал қазақтарын көшіру» туралы қаулы. Елбасы ешқайсысына да келіскен жоқ. «Қасиетті, киелі жер. Қиыншылық бар болса да қолдаймыз» деді. Ол кезде мемлекетте ақша да жоқ, инфляция 2400 пайыз. Айлық жоқ, зейнетақы жоқ, әлеуметтік төлем жоқ. Мемлекетте бюджетте ақша жоқ болды. Дүниежүзілік банктен займ алып, САРАТС-тың бірінші кезеңіне кірісіп кеткенбіз. Нәтижесін көрдіңіздер. Сондықтан балықшыларымыздың мәртебесін, қоғамдағы моральдық орнын көтеру үшін жаңа жобаларды іске асырып, осы слеттерді өткізіп отырмыз. Аралдың балықшыларының еңбегін ештеңемен салыстыруға болмайды. Қыстың күні мұздың үстіне шығып, мұздай суға салған қолын демімен жылытып жүрген адамдарды көргенде басымды иемін. Аралымыз жасарып, жаңара берсін» - деді облыс әкімі тұрғындармен бүкпесіз әңгімесінде. Жиналған жұрт тойды жоғары бағалап, балықшылардың осындай тойы өткені Аралдың айдыны толғаны десті.

 Қырымбек Көшербаев

Арал қаласынан 100 км кетіп қалған айдын қазір 17 км ғана алыста

«Алғашында Аралда балықтың бір түрі ғана қалса, САРАТС жобасы бірінші кезеңі жұмысынан кейін қазір 27 түрі бар. Оның үстіне балық аулау жылына 8 мың тоннаға жейін жетті. САРАТС II жұмысы аясында 6 жоба іске асады. Оның екеуі Дүние жүзілік банкпен бірлесіп жүзеге асырылады. Соның аясында 17 мың тоннаға жетеді деп отырмыз.  Арал өңірінде бұрын 4 балық өңдеу зауыты болса, соңғы 10 жыл ішінде тағы төрт балық өңдеу зауыты іске қосылды. Атамекені Аралдан көшіп кеткен, Қапшағайдағы, Алакөлдегі, Каспидегі балықшылар қазір қайтып оралып жатыр. Елді мекендерде оларға керекті әлеуметтік инфрақұрылымға республикалық, облыстық бюджеттерден қаржы бөлінуде. Аралға автомагистрал, темір жол салынды. Газ келді». Журналистерге берген брифингінде облыс әкімі Аралды қалпына келтіру туралы жұмыс жайында осындай статистика айтты.

Қырымбек Көшербаев

 «Ағымдағы жылы наурыз айында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Арал балық өндеу зауытында болғанда облыстың балық шаруашылығының жағдайы және Аралда өткен арнайы мәжілісте «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» - САРАТС жобасының екінші фазасының іске асырылу барысы кеңінен талқыланды.

Нәтижесінде, САРАТС жобасының екінші фазасының  4 компонентін республикалық бюджет есебінен іске асыру жөнінде шешім қабылданды.

Бүгінде Қызылорда су торабын кешенді жөндеу, Жалағаш, Қармақшы аудандарында өзеннің қорғаныс бөгеттерін нығайту және арнасын түзету, Қазалы ауданында Бірлік елді мекені тұсында көпір салу бойынша жұмыстар басталып кетті.

Сонымен қатар, балықшылардың өтініші бойынша Көкарал бөгетін нығайту және «Қарашалаң» мен «Тұщы» көлдерінің тұсында өзеннің атырауын қалпына келтіру жөнінде де тиісті шешімдер қабылданды.

Бұл шаралар - Көкарал бөгетін нығайтуға, Солтүстік Арал теңізінің су айналымын қалыптастыруға, теңіздің тұздануын төмендетуге және балықтардың Үлкен Арал теңізіне кетуін азайтуға мүмкіндік береді», - деп мәлімдеді облыс әкімі Аралды құтқару жұмыстары жайында.

Балықшылар слетіБалықшылар слетіБалықшылар слетіНұрлан ӨнербаевБауыржан Ибрагимов

Слет соңында Қамыстабас ауылының бір тұрғыны мол дастарханын жайып журналистерді қонақ етті. Аралдың арғы-бергі тарихынан әңгіме шертті. 8 Кеңес Одағының батыры, 21 Социалистік Еңбек Ері, 2 Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты шыққан Аралдың қай тұрғыны болса да ерекше мақтан тұтатынына куә болдық. Қамбаш көлінде жүздік. Аралдың тағанын көруге жол алыс болды. Арал қаласына жолай соғып, балық өңдеу зауыттарын көруге уақыт қысқа болды. Жоғарыда сөзін келтірген Әбдіжәміл Нұрпейістің әдеби үйін де көретін едік.  Бәрібір де, Аралға жасаған сапарымыз ұзақ есте қалатын болды. Біз де іштей «Жасарып, жаңара бер Арал!» деп дұға тілеп қайттық.

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір