• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 09:06:16
Алматы
+35°

27 Ақпан, 2017 Саясат

Қырғыз билігі оппозициялық саясаткерді тұтқынға алған

Бүгін таңертең Венадан іссапардан оралған Омурбек Текебаевты Бішкек әуежайында ұстап, тергеуге әкеткен. Кейін билік оның 48 сағатқа ұсталғаны туралы хабарлады...

Бүгін таңертең Венадан іссапардан оралған Омурбек Текебаевты Бішкек әуежайында ұстап, тергеуге әкеткен. Кейін билік оның 48 сағатқа ұсталғаны туралы хабарлады деп жазды Азаттық.

Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласында бүгін ел астанасында ұсталған «Ата Мекен» оппозициялық партиясының парламенттік фракциясы лидері Омурбек Текебаевты жақтайтын жиырмаға жуық адам мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимараты алдына жиналып, наразылық акциясын өткізген. Бұдан соң жиынға қатысушылар баспасөз мәслихатын өткізіп, биліктен «саяси қуғынды» тоқтатуды талап еткен. Егер талаптары орындалмаса наразылық акциялары жалғасатыны туралы мәлімдеген.

Қазір Бішкектегі мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимараты алдында Текебаевты қолдаушылардың наразылық акциясы жалғасып жатыр. Оппозициялық депутатты қолдау шеруі Жалалабад облысы Базарқорған ауданында да өткен. Оған қатысушылар акцияны ертең жалғастыратындарын айтып тараған.

Сонымен бірге Текебаевты жақтайтын жүзге жуық адам Таластан Бішкекке жолға шыққаны туралы ақпарат тарады.

Бұдан бір күн бұрын билік Омурбек Текебаевқа қатысты қылмыстық кодекстің «алаяқтық» және «жемқорлық» баптары бойынша іс қозғағаны белгілі болған. Текебаевтың өзі Австрияда жүріп Азаттықтың сұрағына берген жауабында ол қылмыстық іс туралы бейхабар екенін айтқан еді.

 Сондай-ақ, Қырғызстанда 2010 жылғы шілдеден 2011 жылғы желтоқсанға дейін уақытша президент міндетін атқарған саясаткер әрі дипломат Роза Отунбаева Бішкекте бүгін ұсталған парламенттегі «Ата Мекен» оппозициялық партиясы фракциясының лидері Омурбек Текебаевты қолдау акциясында сөз сөйлеген. Ол елдегі саяси күштер Қырғызстанның қандай жолмен жылжитынын талқылап, кеңесуі қажет деп мәлімдеген. «Өзара айыптауды доғарып, кейінгі балаларымызға не қалдыратынымызды ойлануымыз керек. Елдегі барлық саяси күштерді кеңесулер бастауға шақырамын» деген Роза Отунбаева.

Кейіннен белгілі болғандай Ақпанның 26-сына қараған түні милицияның арнайы бөлімшесінің қызметкерлері 10 адамды ұстаған. Олар бүгін таңғы сағат үш кезінде Венадан оралған «Ата Мекен» партиясы парламенттік фракциясы жетекшісі Омурбек Текебаевты Бішкек халықаралық әуежайында ұстаған биліктің ісіне наразылық білдірмек болған.

Айта кетсек, Омурбек Текебаев 2005 жылы сол кездегі Қырғызстан президенті Асқар Ақаев пен 2010 жылы Құрманбек Бакиев қызметтерінен кеткен кезде белсенді әрекет еткен қырғыз саясаткерлерінің бірі болды. 2010 жылы шілдеде Қырғызстан Уақытша үкіметі төрағасының орынбасарлығына тағайындалып, конституциялық реформаларды жүргізуге жауапты конституциялық кеңес төрағасы қызметін атқарған. Кейіннен Қырғызстанның сот жүйесін әрі қарай реформалау бойынша комиссияны басқарған. 2015 жылы «Атамекен» партиясының тізімімен парламент депутаты болып сайланған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір