• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 04:56:55
Алматы
+35°

17 Мамыр, 2019 Саясат

Қырғын дебат: Қосановты қолдаушылар мен бойкот жариялаушылар дауласты

Журналистің айтуынша, егер Әміржан Қосанов осындай мәлімдеме жасаса, өзі де қателеспейді, халықты да тура жолға бастайды-мыс.

ҚР кезектен тыс президент сайлауы басталғалы бері әлеуметтік желілерде сұхбат алаңдары мен түрлі жанрдағы жазбалар қатары көбейді. Сондай сұхбат алаңдарының бірі белгілі журналист Жанболат Мамайдың еншісінде. Ютубтағы "Азат арна" атауымен белгілі болған сұхбат алаңына келген кезекті қонақтардың бірі, белгілі режиссер Еркін Рақышев сайлау туралы өз ойын білдірді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Жанболат Мамай арнасындағы кезекті шығарылымына қонақ ретінде режиссер Рақышев пен журналист Рысбек Сәрсенбайды шақырған.

"Сайлау алдында азаматтық қоғам екіге жарылып тұр: бірі Қосановты қолдаса, ендігі бір шоғыры сайлауға бойкот жариялауды жөн санауда. Көпшілік азаматтар Әміржан Қосановты халық арасынан шыққан "Барлық үміткерлерге һәм билікке қарсы үміткер" деп төбелеріне көтеріп жатса, келесі топ Әблязовтың насихаты арқылы және басқа топтардың үгіті арқылы бұл науқанға белсенді бойкот жариялап отыр", - деп бастады сөзін журналист Мамай.

Қызықты қараңыз! "Азат арнаға" қонақ болып келген екі азамат та жоғарыда айтылған қос мүддені қолдап жүргендер қатарынан. Режиссер Рақышев Қосановты қос қолдап қолдаса, Рысбек Сәрсенбай белсенді бойкот жариялағандардың жағына шығыпты.

"Мейлі, ол саясатта 20 жыл, мейлі 30 жыл жүрсін, бұл "ойынның" шарты уақыт өтілін санамайды. Мәселе мына сұрақта: Қосанов сайлауда жеңіп шыққан күннің өзінде билікті ұстап тұра алады ма? Ұстап тұруға оның әлеуеті жетеді ме? Қазіргі билікке қарсылық көрсетуге қауқарлы ма? Бұл жерде көп мәселе бар. Біз бойкотты неліктен жариялап отырмыз?", - деп сөзін риторикалық сұрақтан бастаған Рысбек Cәрсенбай өз сауалына өзі жауап беруге тырысты.

Оның айтуынша, Қосановтың барлық идеясы дұрыс-ақ. Дегенмен, ол жердегі билікті бағындыру үшін күш керек. Ол күш Қосановтың уысында бар екендігіне белгілі журналист күмән танытты.

"Қосановтың сайлауалды бағдарламасының өзі көптеген сұрақтарға жауап береді. Оның билікке қарсы шығып, егер президент болған күнде күллі парламентті таратып, жемқорлықты жоямын, шетелдіктерге жерді сатпаймын, халық мүддесіне жұмыс жасайтын заң қабылдаймын деген сөздерінің өзі халыққа дем береді, оның уәдесінің нық, пиғылының таза екеніне кепілдік береді. Қосанов – басқа үміткерлердің барлығынан ерек тұрған кандидат", - деді белгілі режиссер Еркін Рақышев.

Ал бұл сөздер Рысбек Сәрсенбайдың мықтап бекіген саяси позициясын, көзқарасын өзгертуге қауқарлы болмады. Ол бойкотты кімге жариялап отырғанын түсіндіріп берді.

"Біз бойкотты Қосановқа емес, сайлауға жариялап отырмыз. Қосанов қатыссын, өзін дәлелдесін, тіпті, жеңіске жетсін. Оған ешқандай қарсылық жоқ. Бірақ бізге мұндай мемлекеттің, қазіргі биліктің сценарийімен жасалып отырған сайлаудың түкке қажеті жоқ", - деп турасынан қайырды Рысбек Сәрсенбай.

Сондай-ақ, ол бұл сайлаудың науқанында біреуді жақтап, біреуді даттаудың қажеті шамалы екендігін айтты.

"Қызылкеңірдек болып қайтеміз? Одан да осы сайлауға, қарау сайлауға халық болып қарсы тұрайық", - деді Рысбек Сәрсенбай.

Рысбек Сәрсенбайдың айтқан пікірлеріне қарсы сөз айтамын деп эмоциясына ерік берген Еркін Рақышев келесі уәжін алға тартты.

"Сіздер неге сайлауға ғана бойкот жариялайсыздар?! Егер қарсылықтарыңыз рас болса, осы уақытқа дейін "мына заңдарыңыз дұрыс емес, біз бұған бойкот жариялаймыз" деп неге айтпайсыздар? Сайлау кезінде ғана бой көрсетеміз. Енді бәрі кеш. Пойыз жүріп кетті. Біз халықты түрлі бағыттарға тартып шатастырудамыз. Бұл – барып тұрған арандатушылық".

Қырғын дебаттың ақыры Рысбек Сәрсенбайдың Қосановқа ұсынысымен аяқталды.

"Ең қайырлысы – Қосанов сайлау болатын күні өзіне де, басқа үміткерлерге де дауыс беруден бас тартсын. Бұл оның ең үлкен жеңісі болмақ. Ешқашан елдік, халықтық мүддені жеке мүддеге айырбастауға болмайды", - деді ол.

Журналистің айтуынша, егер Әміржан Қосанов осындай мәлімдеме жасаса, өзі де қателеспейді, халықты да тура жолға бастайды-мыс.

Ушығып келе жатқан "ұлы" даудың бетін бағдарлама жүргізушісі Жанболат Мамай әп сәтте бұрып үлгерді. Қос қонағынан өзге кандидаттар туралы пікірлерін сұраған ол ауызбіршілікті жауап алды.

Рақышев пен Рысбек Сәрсенбайдың айтуынша, басқа кандидаттардың ашық пікір білдіріп, белсенділік танытпағанына қарағанда, олар – адам санын көбейту үшін додаға қосылғандар.

Режиссер Сәдібек Түгелдің ұлтжандылығын, ел үшін қызмет жасап жүргенін ескергенімен, оның қоржынында ешқандай "шанс" жоқ екенін кесіп айтты.

Бізге керегі – дау-дамай мен жаға жыртыс емес. Біздің қалауымыз, халық қалауы – әділ сайлау мен бұқара ахуалын көтере алатын кандидаттың жеңісі.

Дайындаған: Әділет Мәдениет

Әділет Мәдениет

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір