• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 18:46:46
Алматы
+35°

01 Сәуір, 2019 Әдебиет

Қыпшақтар тұрғызған Мысырдағы "Төртінші пирамида"

Мәмлүктер дәуірінде Мысыр мен Шам жерінде сәулет өнері шарықтау шегіне жетті

Мәмлүктер дәуірінде Мысыр мен Шам жерінде сәулет өнері шарықтау шегіне жетті. Араб тарихшысы Абдуррахман Зәки: «Һижраның 600-ші жылы Каир қаласында 13 медресе болса, мәмлүктер заманында мешіт-медреселердің саны еселеп өсті», – дейді. Тіпті әйгілі жаһангер ибн Баттута Қалауын әулеті тұсында Каирге жасаған сапары кезінде мешіт-медреселер туралы: «Көптігі соншалық, санына жету мүмкін емес», деген. Бұл кезеңде көптеп салынған мешіт-медреселер арқасында Каир «Мың мұнаралы қала» деген атқа ие болды. Солардың ішіндегі ең көрнектісі – Қалауын сұлтанның тікелей ұрпағы Хасан сұлтан (1347-1351 ж. және 1354-1361 ж. билік құрған) салдырған мешіт-медіресе. Бұл мешіт-медіресе аса биіктігімен, құрылыстағы геометриялық дәлдігімен, әшекейлеу, әрлеу жұмыстарының алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Сонымен қатар құрылысындағы мәрмәр тастардың қашалу шеберлігі, мыспен нақышталып қапталған есіктері мешіт-медресеге әр беріп тұр. Қабырғаларының жоғарғы жағындағы қошқармүйіз пішінінде қатар-қатар өрілген бөлігі мешіт-медресеге қазақы өң беріп тұр. Мешіт-медресе ортасындағы ашық алаңқайда мәрмәр тастан қашалған сегіз ұстынға бекітілген үлкен күмбез, сол алаңқайдың төрт қапталындағы үлкен төрт иуан (күмбезделіп қаланған үлкен қақпа немесе қуыс), әр иуанда ислам дінінің төрт мәзһабын оқытатын төрт медресеге апаратын есіктер – мешіт-медресенің қайталанбас өзіндік ерекшеліктерінің бірі. Сұлтан өз көмекшілерінен әлемдегі ең үлкен иуан туралы сұрағанда, көмекшілері парсы патшасы салдырған ғимараттың иуаны екенін айтады. Оны естіген сұлтан өз мешітінің иуаны парсы патшасы салдырған иуаннан үлкен болуын бұйырған деседі. Халық арасында «Перғауындар заманындағы Мысыр пирамидаларымен мақтанса, ислам кезеңіндегі Мысыр Хасан сұлтан мешітімен таңғалдырмақ» деген сөз тараған. Архитекторлар арасында «Төртінші пирамида» деген атқа ие болған Хасан сұлтан мешіт-медресесін өз көздерімен көрген орта ғасырлық тарихшылар мен еуропалықтардың сипаттамаларына қарап-ақ бұл мешіттің дәрежесі қандай деңгейде болғанын аңғаруға болады. Мәмлүктер елінде өмір сүрген тарихшы ибн Тағриберди (Тәңірберді): «Бұл медресенің екі мұнарасы мен күмбезі – әлем кереметтерінің бірі. Сонымен қатар, ислам өркениетіндегі ең әсем ғимарат», – десе, сол дәуірде өмір сүрген тарихшы әл-Мақризи: «Ислам елдеріндегі мұсылман ғибадатханаларының ішінде осы мешітке тең келетін ғибадат орны болған емес, мұндай ғибадат орны тіпті Мысыр, Шам, Ирақ, Мағриб, Йемен жерлерінде де салынған емес», – деп сипаттайды. Француз шапқыншылары: «Расында да бұл Каирдегі, тіпті бүкіл Мысыр жеріндегі ғимараттардың ең көріктісі», – деген. Француз шығыстанушысы Гастон Виет: «Бұл Каир мешіттерінің ішінде құрылысының мықтылығы мен биіктігімен ерекшеленетін, сондай-ақ ою-өрнектерінің әсемдігімен көздің жауын алатын бірден-бір мешіт. Аса танымал, аса бағалы бұл ғимараттың ислам өркениетінің даңқы мен қуатының рәмізі екеніне күман жоқ», – деген. Әлемді тамсандырған мешіт-медресенің бас архитекторы тегі мәмлүктік түрік Мұхаммед ибн Білік әл-Мухсини болуы да түрік жұртын бей-жай қалдырмасы анық.

Қазіргі Мысыр Орталық Банкі тарапынан шығарылған жүз жүнейлік банкноттың бет жағында Хасан сұлтан мешіт-медресесінің бейнесі бедерленуі ғимарат мәртебесінің мысырлықтар арасында жоғары деңгейде екенін аңғартса керек.

2009 жылы АҚШ президенті Барак Обама мен Мемлекеттік Хатшысы Хиллари Клинтон Мысыр еліне жасаған тарихи сапарында пирамидаларға барудан бұрын мың мұнаралы қаладағы Хасан сұлтан мешіт-медресесіне зиярат етуді таңдағаны және мешіт-медіреседе белгіленген уақыттан бірнеше минутқа артық аялдағаны аталған мешіт-медіресенің әлемдік деңгейде құрметке ие екенін білдірмек.

Каир

Қалдыбай Қыдырбаев

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір