• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 02:56:31
Алматы
+35°

21 Қыркүйек, 2018 NEWS

"Қазпоштаның" кезекті ірі жобасы іске қосылды

Ағымдағы жылдың 8 айлық көрсеткіші бойынша Қазақстандағы электронды сауда көлемі 159 млрд. теңгені құрап отыр

Астанада «Қазпошта» АҚ-ның ірі жобасы – фулфилмент-орталығы іске қосылды. Ағымдағы жылдың 8 айлық көрсеткіші бойынша Қазақстандағы электронды сауда көлемі 159 млрд. теңгені құрап отыр. Ал аталған орталық еліміздегі электронды сауданың одан әрі дамуына септігін тигізбек. Оның басты қызметіне тауарларды қабылдап, сұрыптап, сақтап және одан әрі иелеріне жеткізу сынды қызмет түрлері жатады. Орталық толықтай заманауи технологиялармен жабдықталып, тұрғындарға сапалы қызмет ұсынуға негізделген.

Іс-шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев, «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов, сондай-ақ фулфилмент орталығының алғашқы тұтынушыларының бірі «KBT Group» компаниясының өкілдері қатысты.

Шара барысында Асқар Жұмағалиев «Қазпочта» АҚ-ның кәсіпкерлер үшін ашқан алғашқы фулфилмент орталығының ішкі тыныс-тіршілігімен танысты. Ол орталық тарапынан алдағы уақытта ел экономикасын айтарлықтай көтеретін нәтижелі көрсеткіштер күтетінін айтты.

«Сіздер білесіздер, шағын жəне орта кəсіпкерлікті Елбасының өзі қолдап отыр. Соның негізінде бүгінде салық кодексіне өзгерістер енгізілді. Аталған өзгерістерге сəйкес кəсіпкерлердің салық төлеуі жеңілдеді. Оның электрондық саудаға да қатысы бар, сондықтан үкімет сіздерден нəтижелі жұмыс күтеді. Ең бастысы, ел экономикасын дамытуда жаңа жұмыс орындарының ашылуы, бұл қуантарлық жағдай», – деп мәлімдеді Асқар Қуанышұлы.

Орталық кәсіпкерлердің тауарды иесіне жеткізуін жеңілдетіп қана қоймай, одан басқа қоймалармен, байланыс орталықтарымен, логистика және қызметкерлер құрамымен қамтамасыз ету шығынын айтарлықтай азайтуға көмектеседі.

«Интернет-сауда мәдениетінің дамуымен қатар, қазақстандықтардың оны жеткізіп беруге деген талабы да артты. Қазір біз жеткізу мерзімдерін қысқарту бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз, халықаралық курьерлік және логистикалық компаниялармен және пошта операторларымен ынтымақтастық орнаттық. Қазіргі күні жалпы ауданы 3 мың шаршы метрлік қоймада 20 интернет-дүкеннің 600 мың тауары сақталған. Жыл басынан бері 700 мыңнан астам жөнелтімдер өңделіп, тұтынушыларға жеткізілді» – деді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов. 

Жаңа орталықтың тұтынушысы «KBT Group» компаниясының директоры өз кезегінде Асқар Жұмағалиевке орталықтағы қызметін баяндады.

«Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап біз осы орталықта қарқынды жұмыс жасаудамыз. Қойма керемет, жүк тасымалдау заманауи технологияларды орынды пайдалану арқасында өте жылдам жүргізіледі. Барлық жүйе автоматтандырылған. Бұған дейін біз Қазпоштаның басқа бөлімдеріне барып, жұмыс барысы ұзаққа созылатын. Ал қазір фулфилмент орталығының арқасында мәселе шешілді. Электронды тапсырыс аламыз, тауарды Қазпоштаға тапсырамыз, әрі қарай олар қажетті мекен-жайға жіберіп, бізге табыс әкеледі» – дейді Олжас Нұралдинов «KBT Group» директоры.

«KBT Group» компаниясы өз жұмысын 5 жыл бұрын бастаған. Ол кезде жылына жіберіліп отыратын жөнелтілімдердің саны 15 000 болған. Ал қазір мұндай заманауи орталықтардың арқасында бұл көрсеткіш миллионға жеткен. Компания қазірде Қырғызстан, Армения елдеріне тауар жөнелтеді, алдағы уақытта Ресей және Өзбекстан елдеріне жөнелтімдер жіберу көзделіп отыр.

«Қазақстандағы электрондық сауда нарығы өте тез дамып келеді. Әзірге елімізде жылына 30-40% өсетін жалғыз нарық болып отыр. Өйткені көптеген артықшылықтар бар: логистика жағынан алып қарасақ та, төлем құралдарын алсақ та, тұтастай алғанда, халық электронды сауданы қолдап, сенім артуда» – деп айтып өтті Асқарбек Алшанбаев «Қазпошта» АҚ электронды сауда бойынша атқарушы директоры.

Айтып өту керек, осындай орталықтар құру 2018-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында электрондық коммерцияны дамытудың жол картасында бекітілген.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір