• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 19:04:27
Алматы
+35°

29 Сәуір, 2019 Саясат

Қазыбек Иса: Бізді сайлауға заңымыздың заңсыз тосқауылы жібермеді

Ұлт зиялылары да бес жыл мемлекеттік қызметте істемегендіктен, Президент сайлауына қатыса алмай қалды

Президент сайлауының дүбірі естіле салысымен әлеуметтік желі мен чаттарда «Ақ жолдан» сайлауға кім түседі? Азат Перуашев немесе сіз түсетін боларсыз?» деген сауалдар көп қойыла бастады. Ал 24 сәуірдегі президенттікке үміткер анықталған партия құрылтайынан соң енді «Неге сіз сайлауға түспедіңіз? Біз сізді түседі деп үміттеніп едік?»-деген сауалдар қаптай бастады. Кеше Шымкентке, Түркістан облысына барғанда да саясаттан xабары барлардың көбісінің, әсіресе, ел ағаларының ең алдымен қойған сұрағы осы болды…

«Ақ жол» партиясы төрағасы Азат Перуашев бұл мәселеге байланысты құрылтай үстінде-ақ өзіне байланысты да, маған байланысты да жауабын берді. «Қазекеңе байланысты айтарым, партиядағы зиялы қауым өкілдерінің Президенттікке үміткерлікке түсе алмауына мемлекеттік қызметтегі кемінде 5 жыл қызмет өтілінің болмауы себеп болды» деді.

Иә, негізі Президент сайлауына 30 жылдан бері алғаш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатыспайтындықтан, үміткерлер бұрынғыдан екі-үш есе көп болуы керек еді… Бірақ, өткенде Ұлттық кітапxанадағы қазақ қаламгерлерінің жиынында да айттық, бұл жерде Сайлау туралы заңның бір кемшілігі, Президенттікке үміткер болып, мемлекеттік қызметте 5 жыл істеген шенеуніктер ғана тіркеле алатындығында болып тұр… Бес жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар, жасы 40-тан асқан адамды іздесек, бүкіл халқымыздың 10 пайызына да жетпейді екен… Сонда қалған халықтың Президент сайлауына қатысу құқы шектеле бермек пе? Қазағым деп, қабырғасы қайысып, қайрат көрсетіп жүрген қайраткерлер де, кәсібі арқылы елдің нәсібін арттырып жүрген кәсіпкерлер де, ұлтыма болсын деп жүрген ұлт зиялылары да бес жыл мемлекеттік қызметте істемегендіктен, Президент сайлауына қатыса алмай қалды… Біздің заңдарымыз бойынша алпауыт ел АҚШ-тың Президенті, миллиардер Дональд Трамп та, Президент болмақ түгілі, сайлауға үміткер болып тіркеле алмайды… Бұл талап «Әркім сайлауға да, сайлануға да құқылы» деген Конституциямыздың. ???…. .бабына қайшы болып табылады.

Биылғы сайлауда кім Президенттікке үміткер болып тіркелсе де, тіпті құдай қолдап Президент болса да, ең алдымен елден алар басты аманатының бірегейі Ұлттық мүддемізді қорғау болуы тиіс! Ұлттық мүдде дегеніміз маңызы әлеуметтік-экономикалық әлеуеттерді арттырудан еш кем емес – Мемлекеттік тілден басталады! Бізде осы отыз жылдай уақытқа дейін Мемлекеттік тіл туралы Заң қабылданған жоқ! Сол баяғы Кеңес Одағы кезіндегі – қызыл империяға отар кезімізде қабылданған Тілдер туралы заңды жамап-жасқаумен келеміз… Өзге тәуелсіздік алған мемлекеттердің бәрі бұл ең басты мәселелелердің бірі – Мемлекетік Тілді сол кезде-ақ, баяғыда шешіп алған.

Тілің болса ғана – Тірілігің айқын, Тірлігің жарқын! Отыз жылға жуық уақыт Конституциядағы Мемлекеттік тілдің заңды төріне шығуына, қоғамдық-саяси әлемде толық қолдануына тосқауыл – темір тежегіш болып келе жатқан Конституция мен Тіл туралы заңдарымыздағы орыс тілі туралы тармақтарды алып тастауға тиіспіз. Өйткені, 7 баптың 1-ші тармағы газ болса, 2-ші тармағы, иә, газды басуға мұрша бермейтін темір тежегіш. Біз, әсіресе, ұлт зиялылары осы сайлауда Президенттіктен үміткерлерден осыны талап етуіміз керек! Әйтпесе, біздің Тіліміздің тірлігі – баяғы Брежневтың тоқырау заманын келекелеген анекдоттағыдай, «Тоқтап қалған трамвайды жүріп келе жатыр деп ойласын, жолаушылар, орындарыңда селкілдеп отырыңдар»-дегендей мүшкіл аxуал…

Сайлаудағы ең басты мәселе – Сайлау туралы заңымызға алдағы парламент сайлауына дейін өзгерістер енгізуге тиіспіз! Әйтпесе, қазіргі Сайлау туралы заңның көп кемшілігі талайдан бері айтылып келеді. Өйткені, қазіргі заңымыз бойынша кез келген адамды Президент етіп өткізуге болады…

Бірақ, Сайлауға түсуге құқымыз жоқ болса да, Сайлауға xақымыз бар, сондықтан өзіміздің азаматтық құқымызды орындап, қалаған үміткерімізге дауыс беру парызымыз.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Президент сайлауы әділ де, ашық, таза өтеді деп кепілдік беремін»-деген сертті сөзіне сенім білдіре отырып, Президенттікке үміткерлерге Ақ жол тілейміз!

Қазыбек ИСА,

«Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір