• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 03:15:37
Алматы
+35°

03 Қазан, 2018 Әдебиет

Анти-Поэзия аяр жыландай төрімізде шалқасынан түсіп біраз уақыт керіліп жатты да, ирелеңдеп, босағадан шығып бара жатты - Мұқағалидың 80 жылдығында... Оның Аллаға қарайлап, Алаштан аяғын тарта бастаған бір кезі осы-ау деймін.... Сол күні Қарасазға жеткенше Мұқағали әлеміне жүзіп барғандай болдық. Тау да, тас та—Мұқағали!

Бүгін қазақты бүкіл дүние таныды десе де болады. Танығаны өз алдына, Атыраудан—Арқа—Алатау—Алтайға дейінгі ұлан-асыр аймақты алып жатқан жеріне, оның астындағы, үстіндегі қазынаға қарап, тамсанып отыр. Елде жоқ ерен қонақжайлылығын да көріп, шетінен мәз-мәйрам өздері... Осы өзіміздің төсекте басы, төскейде малы қосылған ормандай орысты былай қойғанда, табалдырығымызды осыдан 20-жыл бұрын аттап, төрімізде шалқақтай бастаған шүршіттің өзі де қазақ халқына қатысты дүниені бес саусағындай біледі! Тек бір-ақ нәрсені білмейді. Ол не дейсіз бе? Қазақ поэзиясы — қазақтың қара өлеңі! Әлемдік әдебиеттің ортасынан ойып орын алса, адамзаттық руханияттың бүгінгі болмыс-бітімін 180 градусқа бұрып жіберетіндей тегеруіні бар телегей-теңіз құндылықты білмейді! Білгісі де келмейді! Қазақтың ұлттық коды осында жатыр...

Сол қазақтың қара өлеңін ғаламдық биіктікке шығарған тұлғалардың бірі һәм бірегейі—Мұқағали Мақатаев!

Қазақтың жырын, қалған дүние өз алдына, қазақтың өзі де таразылай алмай қалғандай уақытта өмір сүріп жатырмыз. Совет өкіметі кезінде кемеліне келген қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдеби сыны бұрнағы жүрдек жүрісінен жаңылғалы қашан. Мұқағалитанудың өзі Мұқағали поэзиясынан 20-30 жыл кейін қалып қойды! Мысал айтайын ба? Мақатаевтың—«Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» -деген өлеңі бар. Ақын оны неге айтқан? Сол өлеңнің өрімін ғұлама филиологтарымыздың өзі әлі таратып айтқан жоқ.

Ол әдебиетке келген 50-шы жылдардың аяғы, 60-шы жылдардың басы қазақ өлеңінде демьянбедныйшылдықтың салтанат құрып тұрған заманы еді. Абай әлі өз тұғырына қонбаған кез. Мағжан —"қара тізімде...". Қазақ жырына еуропалық мәдениет әкеліп, оны Қыз Жібектей құлпыртып, Төлегендей үкілеп төрге шығарған Қасым да әдеби ортасынан, ел-жұртынан да өз бағасын алмаған. Өлеңдегі лирикалық кейіпкерлерінің біреуі—партия, біреуі—Ленин, біреуі—завод-фабрика, біреуі—калхоз-сохоз болатын! Қысқаша айтқанда, сұп-сұр сұрғұлт дүние! Сол кезде аға толқын Әбділдә Тәжібаев, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, кейінгі буын Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Жұмекен Нәжимиденов бастаған қазақ өлеңінің реформаторлары оған орыстың озық үлгілерін молынан сіңістіруге білек сыбана кірісіп еді. Сталиндік цензура орыс поэзиясының да алқымынан қысып тұрған. Бірақ олар ел иесі, жер иесі ғой. Партияның ХХ-шы съезінен кейінгі «жылымықты» біздерден бұрын терең сезініп, емін-еркін сөйлеуші еді..

Абайдың "дүниенің кілті —орыста, сондықтан оның тілін білу керек "-дегені бар. «Зарарынан алыс боларға» дегенін ұмытып кеттік. Қазақ поэзиясына орыс өлеңінің ырғағы мен әуені, бояуы ғана емес, күллі болмысы тұрған орнынан тік көтеріліп, көшіп келе бастаған. Міне, осы кезде қазақ жырына жүрегін қолына ұстап Мұқағали жетті! Қазақтың ұлттық эпосы мен қара өлеңінен шығып, орыстанып бара жатқан жырымызды ассимилияцидан аман алып қалған—сол! Қара өлеңнің мәнгі-бақи сарқылмайтын мүмкіндігін жарқыратып көрсеткен Мұқағали Мақатаев! Оның «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» дейтіні—содан! Мұқағалиды сол кездегі қаламдастарымен салыстырып, қайта оқып шығыңызшы. Қазақтың қара өлеңінің «кемелденген социализм» заманында қалайша түрленіп, жасарып, жаңарған сәтін көресіз! Дантенің «Божественная комедиясының» қазақшасына қараңыз: «Тәңірінің тәлкегі»! Аты—қандай?! Заты қандай! Мұқағали емес—Бұқар Жырау тәржімалап жатқандай!
Менің Мұқағалиым, міне—осы!

Жаһандану заманы есіктен кимелеп кіргеннен бері қазақтың өзі сол атадан мұра болып қалған , "жұп-жұмыр тегіс келген айналасы" (Абай) қасиетті қара өлеңіне жатырқап қарап, Батыстың қаңсығын таңсық көре бастағандай сыңай танытады. Қазақ қара өлеңінің қасиетін сезінбей, оны орынсыз быт-шыт қылып, батыстың туажат ақ өлеңін төріне шығарған күні өзінің Құдай берген поэтикалық дүниесін қара дүрсін анти-поэзияға айналдырады!

Қазақ поэзиясы — қара өлеңімен қасиетті! Басқасын айтпағанда, халықтың қара өлеңіндегі ғашық жігіттің сүйген қызына "Сырғаңды қайық қылып, өткіз мені..." деген бір жолдың көркемдік қуатының өзі қандай? Әлем әдебиетінде бар ма осы сөз?!. Мұндай сиқыр жырлар қаншама? Ұлттық жырымызға еуропалық өлең мәдениетін сіңірген Абай да оның табиғи өлшемінен аттап кеткен жоқ-ты. Қайта оны одан сайын байытып, тереңдетіп, кемелдендіріп кетті. Одан кейінгі Мағжан, Ілияс,Қасым, Мұқағали, Тұманбай, Қадыр, Сағи, Өтежан, Фаризалардың классикалық шығармаларының бәрі де осы қара өлең желісінің жемісі!

Дүниежүзі поэзиясындағы өлең өлшемдерінің ішінде ең кемеліне келген үлгісі де осы біздің қазақтың қара өлеңі. Бірақ, оны бізден басқа ешкім біліп жатқан жоқ. Білмегені жақсы...

Серік Ақсұңқардың фейсбук парақшасынан

 
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір