• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 22:30:07
Алматы
+35°

31 Қаңтар, 2019 Спорт

Қазақтың тұңғыш кәсіби футболшысы Тимур Сегізбаев жайлы не білеміз?

Қазақ жұртының футболға деген ықыласы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ерекше күшейді

Қазақ   жұртының футболға деген ықыласы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ерекше күшейді.  Екінші жаһандық соғыстан енді-енді есін жиған қазақ ауылдары  кеш түсе доп тепкен қара домалақтардың дуына бөленетін. Ол кезде қазіргідей доп ауыл баласының түсіне де кірмейді. Қозы-лақтың терісінен домалақтап пішіп, ішін сабанмен немесе шүберекпен нығыздап толтырған «допты»  қара табан  балалар  армансыз қуады. Кей ауылдың балалары киіз допты ермек қылды.

Иә, сол тұста алаш жұртының өз топырағындағы үлесі отыз пайыздың шамасында еді. Совет  империясының қанды  шеңгелі барынша тарылып, қазақ мектептері бірінен соң бірі жабылып жатқан кез. Ұлттық рух білте шамдай өлеусіреп  тұрған. Дәл осы кезде аладоп майданында Тимур Сегізбаев найзағайдай жарқ ете қалды. ХХ ғасыр басынан небір қырғынды басынан өткерген қазаққа керегі осы екен. Сонау Еділден Алатауға дейінгі ауылдар Тимурмен бірге ду ете қалды. Ұзынқұлақ Тимур Сегізбаевтың даңқын байтақ далаға әп-сәтте  жайып  жіберді. Бойдағы қаны ысып, рухы көтерілген халық бір серпіліп қалды.

Содан ел ішінде Сегізбаев туралы аңызға бергісіз  әңгімелер желдей есті дейсің. «Тимурдың оң аяғы сұмдық қуатты дейді. Оң аяқпен тепкен добын адам  баласы  ұстай алмайды екен!» «Бір жолы оның ұрған добынан қақпаны қорғаған  маймыл  сеспей  қатыпты». «Қақпашылар Тимур доп теберде  қақпаны тастай қашады екен...»,  «Сегізбаев оң аяғына «тебуге болмайды» деген  белгі  ретінде қызыл  шүберек байлап шығады», деген әңгімелер бір ауылдан келесі ауылға «сымсыз телефон» арқылы толассыз тарап жатты.  Жетпісінші жылдардың басында осындай әңгімелерді біз де рахаттана тыңдайтынбыз. Сегіз-тоғыздағы  аңқау, мұңсыз кезіміз, сол әңгімелерді құмарта тыңдап қана қоймай, кәдімгідей сенетінбіз. Қысқасы, Сегізбаевтың  сол кездегі абыройы  қазақ  жанкүйерлері үшін Пеле мен Эйсебиодан кем соққан жоқ.

Иә, Тимур «Қайраттың» сапындағы алғашқы бәсекесінде-ақ айды аспанға бір-ақ  шығарды. 1960 жылы 14 мамырда КСРО чемпионатының жетінші турында  Минскіде  жергілікті «Беларусьпен» алаңға шыққан «Қайрат» бұған дейінгі алты ойынның бесеуінде жеңіліп, біреуінде ғана тең ойнаған болатын. Ал бұған дейінгі бәсекелердің бәрін ұтқан алаң иелері қонақтарды  қалпақпен  ұрып аламыз  деген  нық сенімде еді. Бірақ 19  жастағы  бозбала  қазақ «Беларусьтің» қақпасына келістіріп тұрып екі гол соқты. Бұл – қазақ жастарының  КСРО  футбол  чемпионатының  жоғары тобындағы ең алғашқы голдары еді.   

Тимур

Енді ойланып көріңіз, небір тісқаққан  тарландармен тұңғыш рет тайталасқа түскен көкөрім қазақ шүу дегеннен көсіліп ойнады. «Бірінші ойыным, қалай  болар екен» деп сасып-салбыраған жоқ. Күшті командаға қарсы жүрексініп, тайсақтамады. Егер Сегізбаевқа дейін 5-10  қазақ футболшысы Совет одағының чемпионатында көзге түссе, бір сәрі. «Қайрат» деген аты болмаса, Алматы командасына Тимурға дейін қазақ футболшысы тұрақтай алмай жүрген еді. Империялық пиғылдағы кейбір астамшыл мамандар мен жанкүйерлер «қазақтан футболшы шықпайды», деген сөзді жалаулатып айта бастаған  болатын. Сегізбаев  қазақ  футболшыларынан бірінші болып, сондай «білгіштердің» аузына құм құйғандай қылды. Ең бастысы, алаш баласының футболдағы несібесі мол екенін жер шарының алтыдан бір бөлігін бауырына басқан  Совет одағы деңгейінде қолмен қойғандай дәлелдеп берді. Ал сол кезеңде совет футболы дүркіреп тұрған еді. КСРО құрамасы 1960 жылы Еуропа чемпионатында  жеке-дара шықса, 1966 жылғы әлем біріншілігінде 4-орынға табан тіреді. Біздің Сегізбаев қамшының сабындай қысқа уақытта осындай алып мемлекеттің айтулы футболшыларының бірі боп шыға келді.

Тимурға  дейін «Қайратта» ойнаған  бірлі-жарым қазақ жігіттері болды. Бірақ олардың  ешқайсысы кәсіби шеберлік жағынан Тимурдың деңгейіне көтеріле алған жоқ. Минскідегі бәсекеден  кейін Сегізбаев «Қайраттың» құрамына біржола бекіді. Тимур Санжарұлы  жасыл алаңдағы cауатты әрі айшықты қимылымен  миллиондаған жастар үлгі тұтатын тұлғаға айналды. Ол тек жастардың ғана емес, тұтас республиканың мақтанышы болды. Ендігі жерде Алматыдағы, одан  тысқары  жерлердегі  қазақ  жанкүйерлері  Тимурдың ойынын көруге ынтығатын болды. Тимурдай болуды армандаған мыңдаған бала футбол үйірмелеріне толассыз ағылып жатты. Бір ғана Сегізбаевтың даңқымен республиканың әр қиырындағы шағын ауылдарға дейін ала доптың дүбіріне   бөленді.  

Енді Тимурдың тағы бір мерейлі сәті туралы айта кетейік. 1964 жылы 26 тамызда Алматының «Қайрат» командасы КСРО чемпионатының кестесіне орай Мәскеуде жергілікті «Спартакпен» ойнады. «Спартак» атағынан ат үркетін команда. 1962  жылғы КСРО чемпионы, 1963 жылғы чемпионаттың күміс жүлдегері  әрі Кеңес  одағы  кубогының бірнеше дүркін жеңімпазы.        Футбол мамандары мен жанкүйер қауым мәскеуліктердің Алматыдан келген ортаңқол команданы қиналмай  ұтатынына күмәнсіз сенген. Бірақ Еуропаның небір күшті командаларын ұтып жүрген «Спартак» өз үйінде масқара боп жеңіліп қалды. Тимур Сегізбаев «Спартактың» қақпасына екі доп салды. «Қайрат» өз қақпасына доп жіберген жоқ.

Бәсеке біткен бойда  «Спартактың» негізін өз қолымен қалаған, совет футболының мэтрі Николай Старостин «Қайраттың» киім ауыстыратын бөлмесіне өз аяғымен келіп, Тимур Сегізбаевтың қолын қысады. Мықтыны мықтының  мойындауы, осы болса керек.Себебі, Мәскеуде «Спартактың» қақпасына  жауапсыз  екі доп соғу ол кезде  Еуропаның ең күшті командаларының қолынан келе бермейтін.

Осы ойыннан  кейін одақ чемпионатында олжа салып жүрген Мәскеудің ЦСКА және «Торпедо» командаларының бапкерлері Сегізбаевты өз командаларына шақырды. Тимур «Қайратты» тастап кете алмады. Мәскеудің намысын  қорғағаннан  гөрі қалың қазақтың мүддесін жоғары қойды. Осы деректің өзі Сегізбаевтың сол тұста кеңес футболындағы «жарық жұлдыздардың» бірі болғанына бұлтартпас дәлел.  

«Спартакты» ұтқан ойыннан соң Тимур Сегізбаев «Қайрат» командасының капитаны болып сайланды. Ал команда тілеулестерінің қатары күн санап қалыңдай түсті. «Қайраттың»  Алматыдағы ойындарына республиканың түкпір-түкпірінен  келетін көрермендердің көбейгені соншалық, ойын билеттері бірнеше күн бұрын таусылып кететін. Ойын күні Алматыдағы Орталық стадионның  маңайы құмырсқаның илеуіндей қайнап жататын. Себебі, Тимур мен оның командасы нағыз халықтық команда дәрежесіне көтеріле білді. Мыңдаған жанкүйерлер «Қайрат» ойнайтын күнді дәл бір айтулы мереке тәрізді асыға күтуші еді. Егер Қазақстанның қазіргі ұлттық құрамасында Тимур Сегізбаевтың деңгейінде екі-үш ойыншы болса, стадионға жиналатын тілеулестер қатары бүгінгіден әлдеқайда көп болар еді.

Тимур Сегізбаев 1970 жылдың мамыр айында ескі жарақаттары маза бермеген соң ойыншылық кәсібін доғарды. Бірнеше жыл «Қайраттың» капитаны болған Сегізбаев команда сапында 168 рет алаңға шығыпты.

Сол жылы ол КСРО чемпионатының «Б» класындағы Қызылорданың «Автомобилисінің» тізгінін ұстады. Бірінші айналымнан кейін  21 команданың ішінде 14-15 орында келе жатқан Сыр бойы футболшылары маусым қорытындысында алтыншы орынды жеңіп алды

Тимур Санжарұлы 1971 жылы Қарағандының «Шахтер» командасының бас бапкері болып тағайындалды. КСРО чемпионатының бірінші тобында ойнайтын қарағандылық футболшылар Сегізбаевтың басшылығымен 22 команда сынға түскен аламанда тоғызыншы орынға ие болды. Чемпионат барысында Тимурдың  командасы Днепропетровскінің «Днепр», Куйбышевтің «Крылья Советов» секілді азулы қарсыластардан, сонымен қатар, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Молдова, Латвия, Литва республикаларының бетке ұстар командаларынан басым түсті.

1976 жылы Сегізбаев өзінің ұзақ жылғы үзеңгілес досы Станислав Каминскиймен тізе қосып, «Қайратты» Кеңес одағы чемпионатының бірінші тобынан  жоғары топқа  алып  шығады. Табиғатынан зиялы, шығармашылық ізденіске жете мән  беретін Тимур Санжарұлы  баптаған  Алматының  «Қайрат» командасы 1986 жылы КСРО чемпионатының қорытындысында 7-орынға табан тіреді. Алматылық футболшылар 1960 жылдан бері КСРО чемпионатының жоғары тобында 8-орыннан биік көтеріліп көрмеп еді. Сегізбаевтың  бұл  жетістігі   қазақ мамандарының футбол саласында да несібесі мол екенін аңғартса керек.

Тимур аға 2017 жылы желтоқсан айында дүниеден озды.

Әңгімені түйіндей келе, қазіргі таңда қазақ футболына Тимур Сегізбаевтай ақылды да қайратты ойыншының, дәл осы  кісідей білімді әрі алғыр бапкердің жетіспей тұрғанын айтқымыз келеді.                            

Қыдырбек Рысбек

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір