• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 06:49:32
Алматы
+35°

09 Ақпан, 2017 Кәсіпкер

Қазақтың әскери құрылымы һәм қорғанысын көрсететін фильм «БЕС ҚАРУ» (Трейлер)

Қазақтың қорғаныс өнерін, әскери әлеуетін сипаттайтын деректі, ақпаратты-танымдық «Бес қару» атты фильм жарыққа шығады. 3 серия болып шығатын...

Қазақтың қорғаныс өнерін, әскери әлеуетін сипаттайтын деректі, ақпаратты-танымдық «Бес қару» атты фильм жарыққа шығады. 3 серия болып шығатын фильмнің режиссері Ардақ Төлеубай.

«Қамшы» тілшісі жобаның жетекшісі, Идеа авторы: Гүлжанар Амантайқызынан аталған фильм туралы сұрады. Амантайқызының айтуынша фильмге Мәжіліс депутаты, ардагер  Бақытбек Смағұл және ағайынды ұсталар Айтберген Құлменов пен Махмут Құлменовтар кеңесшілік еткен. Сценариін жазғандар Нұрлан Санжар, Жанат Досхожина.

              

 «Бес қару» атты 3 сериялы деректі-көркем фильмін түсірудегі мақсат және оның бүгінгі таңдағы өзектілігі  неде?

Қазақ халқының Мәңгілік мекені, Отаны қазақ жері көлемі жағынан әлемде тоғыншы орында екендігі баршамызға мәлім. Асты мен үсті байлыққа толы Қазақ жеріне бүгінгі күні ғана емес, ықылым заманнан көз тігушілер көп болғанын да білеміз. Қазақ қазақ болғалы осы ұлан байтақ жерді сыртқы жаудан қорғау мақсатында көптеген соғыстарды бастан өткізді. Қазақтың жауынгер халық болуының басты себебі де осы еді. Тәуелсіз ел атанған бүгінгі күнге дейін біз жауынгер халық бола тұра, арнайы әскер ұстамаған, бейбітшіліктің алғышарттарын берік ұстанған халық едік.  Бірақ, жерімізге көз алартқан сыртқы жаулардан үнемі қорғанып, қауіп төнген жағдайда жедел түрде әскерін жасақтап, жауларына қарсы тұрып және оларды жеңе білген бабаларымыздың өз кезегінде халықтың әскери құрылымын кәсіби тұрғыдан қалыптастыра білгендіктерін мойындамасқа болмас. Бабаларымыздың жүріп өткен жолына көз салар болсақ, жауынгерлік өнер қазақ халқының өмір сүру салтының ажырамас бір бөлігі болғандығына көз жеткіземіз. Яғни, қазақтың тұрмыстық салт-дәстүрі қаншалықты дамыған болса, әскери өнері де кәсіби тұрғыдан соншалықты жоғары дәрежеде дамыған және әскери құрылымының негізі берік қаланған. Осы жерде қазақ халқы осыншама ұлан-байтақ жерді жан-жағындағы анталаған жауларынан қалай қорғап келді?, Кіммен соғысса да неге үнемі жаулары жеңіліс тауып отырды? Деген сұрақтар заңды түрде туындайды. Ал, біз сол сұрақтарға жауап беруге тырысып келеміз.     

Бірақ, бұл тақырып әлі зерттелмей, тың және құпия қалпында қалып келе жатыр. Біз бүгінгі күні әлем елдері алдында өзіміздің қуатты мемлекет екендігімізді көрсету әрі қазақ елін әлемге жете таныту мақсатында көптеген жұмыстар атқарылып жатқандығына куәміз. Сол жұмыстардың ең күрделісі әрі жауапкершілікке толы маңыздысы «EXPO-17» жобасы. Бұл жоба шетелдіктердің қазақ елінің ерекшеліктері мен ұлттық құндылықтарын жете тануға зор мүмкіндіктер туғызатын бірден-бір ірі жоба болып табылады. Сондықтан да «Бес қару» жобасын біз еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында халықаралық «EXPO-17» көрмесіне келген қонақтарға ұсыну мақсатында жасап отырмыз.

Фиьмде қамтылатын мәселелер қандай?  

Ерекшеліктерін атап айтар болсам:

1.Қазақ халқының әскери құрылымының қалыптасудағы алғы шарттары (жауынгерлерді жасақтау және жасақтың түрлері);

2.Әскери құрылымды басқарудың заңдылықтары және әскери шендердің өсу әдістері мен олардың киім үлгілері;(Сарбаз, онбасы, жүзбасы, мыңбасы, түменбасы, сардар, қолбасшы)

3.Әскери жасақтардың жабдықталуы (Ұсталық өнер туралы, темшілердің қару жасаудағы заңдылықтары мен әдіс-тәсілдері).

4.Жауынгерлердің жеке қаруларының түрлері және оларды қолданудың әдіс-тәсілдері.

5. Батырлардың жекпе-жегі;

6.Соғысты жүргізудің әдіс-тәсілдері;

Жоғарыда атап көрсеткен тақырыптарды тереңінен талдай отырып көрерменге көркем қойылым арқылы дәлелді түрде көрсету көзделген. Сол себептен де фильм деректі-көркем жанрда түсірілді. Қазір монтаж жұмыстары жүріп жатыр. 

Фильм: Қазақша, орысша, ағылшынша үш тілге аударылып, EXPO-2017 қонақтарына ұсынылатын болады.

Сұхбаттасқан Нұрғали Нұртай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір