• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 16:15:03
Алматы
+35°

04 Ақпан, 2019 Әлеумет

Қазақстанның "жазғы" уақытта қалғаны халықты аурушаң етпей ме?

Әлемдік билеушілердің күн мен түннің табиғи ауысу ырғағын әдейі оздыра бұзу салдарымен халық санын азайту жоспары болған ба?

 Жүрек- қан тамыр ауруларынан Еуразияда алдыңғы орында тұрған Қазақстанда  бұл ауру  өлімге душар ететін дерттердің көшін бастап тұр.  Әлемде жыл сайын тек қана осы дерттен 17 миллион адам көз жұмады екен. Бұл дерттің негізгі шығу себебін түсінген бүкіл Еуропа  Еуропарламенттің шешімімен «жазғы» уақыттан бас тартқалы отыр.

Кеңес Одағы тарқардан он жыл бұрын Қазақстанда да  «жазғы» уақыт пайда болған. Электр энергиясын тиімді пайдалану деген мақсатпен. Наурыз айының соңғы жексенбісінде сағат тілін жыл сайын бір сағатқа  кейін жылжытушы едік. Ал қазан айының соңғы жексенбісінде жазғы уақыт тоқтатылып, сағат тілі бір сағатқа ілгері жылжитын. Оны да бастан кештік. Нәтижесі не болды?  Балалар тас қараңғыда мектепке баруға мәжбүр болды, ұйқылары қанбағандықтан сабақ үлгерімдері нашарлады. Адамдар уақыттан жаңылысып, табиғи ырғақ бұзылды, қолайсыздық жүйке жүйесіне кері әсер етті, денсаулықтары сыр берді.  Құдай оңдап, «Салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі Ұлттық орталықтың» тұрғындар арасында жүргізген сауалнама қорытындылары  себепші болып, 2005 жылы  наурыз айында Үкімет қаулысымен «жазғы» және «қысқы» уақытқа көшу тоқтатылды. Тоқтатылғаны дұрыс болды дегенмен, Қазақстан «жазғы» уақытта тұрақты қалып қойды. Дұрысы, сол  кезде «қысқы» уақытта тұрақтап қалуымыз керек еді...

Қазақстанның сағаттық белдеуі 1930 жылы бір сағат алға жылжытылған екен. КСРО  Халкомдары кеңесінің арнайы декреті бойынша. "Электр энергиясын үнемдеуден пәлен пайда табамыз" деген мақсатта. Бірақ осы декреттік уақыттың экономикалық тиімділігін күні бүгінге дейін әлем ғалымдары дәлелдей алмаған.  Соған қарағанда  басқаша мақсат көзделіп, бірыңғай кеңес халқын қалыптастыру үшін тәжірибе жасалынған секілді. Осы декреттік уақытқа сәйкес 5-сағаттық белдеудегі Астана, Алматы сияқты қалалардың бәрі көршілес 6-сағаттық белдеудің уақытын пайдаланады. Бұл – осыдан 90 жылдай уақыт бұрынғы  уақыт белдеуімізде жіберілген қателік!  Географияға жүгінсеңіз, халықаралық келісім бойынша Жер шары 24 меридиандық сызық арқылы 24 сағаттық белдеуге бөлінгенін көресіз. Белдеулік уақыт АҚШ-та 1883 жылы енгізілсе, КСРО-да 1919 жылы енгізілген. Әр өңірдің уақыты меридиан сызығы бойынша белгіленеді. Мұның бәрі адам өміріне қолайсыздық тудырмас үшін жасалынған. Жалпы, Қазақстан өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін үш түрлі уақытпен жүрген. Мәселен, Батыс Қазақстанда  сағат бес болса, Алматыда - алты, Шығыс Қазақстан мен Павлодарда сағат жеті дегендей. Кейін Шығыс Қазақстан мен Павлодар уақытын Алматы уақытымен теңестірген. Сөйтіп, үш түрлі уақыттан екі түрлі уақытқа түстік. Ал неге осы бір сағаттық айырмашылықты  жойып, Қазақстанда бір ғана уақыт стандарты болмасқа?!   Жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орында тұрған елімізде географиялық уақыт белдеуі әр түрлі болуы заңды да шығар, бірақ оның да шешу жолын іздеп, бірыңғай уақыт стандартына көшсек, тәуелсіз ел дарын іздестіргеніміз дұрыс-ау...

Былтыр Қызылорда облысы өздеріндегі  уақытты тиімді  әрі қолайлы етіп шешіп алды.  Яғни  бұрын географиялық белдеу бойынша табиғи биологиялық уақыттан ауытқу халықтың денсаулығы мен көңіл-күйіне, күнделікті тіршілігіне теріс ықпалын тигізіп, жылдар бойы қалыптасқан өмір сүру ритмін бұзып келсе, енді қызылордалықтар  уақыты табиғи жарықпен сәйкестендірілді.  

         Ғалымдар «Адамдарды өзге географиялық уақытымен таңның атуынан бұрын мәжбүрлеп тұрғызу созылмалы (хронический) аурулардың өршуіне, жаңа аурулардың пайда болуына, обыр (рак), қантамырлары жүйесі аурулары, суицид, тіпті жол-көлік оқиғаларының көбеюіне де себеп болады және де ағзаға әсері, әсіресе, «күзгі-қысқы» уақыттарда, ең бірінші балалар мен егде кісілердің саулығына кері әсері қатты болады» деген тұжырымға келген. Ал Дания ғалымдары ұйқы бұзылған жағдайда әйелдердің төс обыры (рак молочной железы) ауруы 1,5 есеге артатынын дәлелдепті. Мелатонин обыр клеткаларын жайылуын тоқтататыны бұрыннан белгілі, ал ол таң атысынан бұрын тұрған жағдайда адам ағзасынан дұрыс бөлінбейді. Және де ұйқыдан тұрған адамның қан қысымын жоғарылататын норедоналин мен картизол да ұйқыдан таң атысынан бұрын тұрған жағдайда қан құрамына енбейді, ал оның болмауы инфаркттің басты себепкері» депті.

Әлемнің озық ойлы адамдары қазіргі заманда неше түрлі өршіп тұрған аурулар осы уақыт белдеуі мен сағат тілінің сәйкес келмеуінен деген шешімге тоқтаған. Ғалымдар «адам тұрмысында уақыт өлшемі әсер етпейтін бірде-бір саласы жоқ, аурушаңдыққа ұшырамайтын бірде-бір органы жоқ» дейді.  

Осыны білген соң,  әлемдік билеушілердің күн мен түннің табиғи ауысу ырғағын әдейі оздыра бұзу салдарымен халық санын азайту жоспары бар дегенге сенбеске амалың жоқ.

 

 

Төреғали Тәшен

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір