• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 20:18:55
Алматы
+35°

04 Шілде, 2017 NEWS

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР: ӨЛІМ ЖАЗАСЫ ҚЫЛМЫСҚА ТОҚТАУ VS АДАМ ҚҰҚЫҒЫН ТАПТАУ

 Адам - қоғамның, мемлекеттің негізгі құраушысы, маңызды бөлігі және оның тиісінше өз құқықтары мен бостандықтары бар.  

 Адам - қоғамның, мемлекеттің негізгі құраушысы, маңызды бөлігі және оның тиісінше өз құқықтары мен бостандықтары бар.  

Адам баласының ешкім ешқашан айыруға тиісті емес  ең үлкен құндылығы мен басты құқығы -өмірі мен өмір сүру құқы. Кез-келген қоғамның үшін адам басты құндылық екені рас.  Барлығы адамдар үшін жасалады. Заң да тиісінше адамдар үшін қызмет етеді. Алайда адамның құқықтары мен бостандықтары шектелетін кездер де болады. Міне, осындай жағдайдың бірі – адамды өмір сүру құқынан айыру.

Әрине, Құдай берген өмірді адамның немесе мемлекеттің яки болмаса басқа біреудің қиюы моральдік тұрғыдан да, діни тұрғыдан да дұрыс емес деп есептейміз. Алайда әркім өзінің өмірі үшін жауапты. Және осы жауапкершілік адамның барлық өмірі бойында мойнында болады. Демек адам өз өмірінің қожайыны, иесі болғандықтан ол өзінің жасаған, істеген әрекеттеріне тиісінше жауапты.

Қатпары мен қалтарысы мол тарлан тарихқа көз жүгіртсек, өлім жазасының қайсыбір заманда болмасын, қай мемлекеттің ішкі саясатында, заңында болмасын өзекті әрі даулы мәселе болғанын көреміз. Қамшы ақпараттық агенттігі әлемдегі өлім жазасының даумы мен адам құқығы жайындағы мақаланы оқырман назарына ұсынады.

Адамның жасаған қымысы не болмаса дұрыс емес әрекеті үшін өмірін қию арқылы жазалау- сонау ерте замандарда, тіпті қоғам қалыптаспай тұрған таптық кезеңдерде орын алған. Ең алғашқы өлім жазасының эволюциясы «қанды кектен» бастау алады.

Ерте кездерде адамдар бір-бірінен кек алмаса ол үлкен осалдық, әлсіздік деп, жасаған қылмыс үшін адам ең ауыр жаза тарту керек деп есептелген.

Ал бүгін әлемнің көптеген мемлекеттері өлім жазасын қолдап оны өз тәжірибелерінде белсенді түрде қолдануда.

Өлім жазасы- адамды өмір сүру құқынан айыра отырып жазалаудың   түрі. Бұл жаза  аса   ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлерге қолданылады.

Әлемде өлім жазасының мынадай түрлері қолданылады:

-Ату жазасына кесу;

-Дәрі (инъекция) егу;

-Дарға асу;

-Таспен ату;

-Бас шабу:

-Электрлі орындық арқылы;

-Газдалған камера;

Ату жазасы – жазаға кесілген қылмыскердің көзін байлап қабырғаға тақап тұрғызады немесе бағанға байлап қояды. Қылмыскерді бірнеше мерген  атады. Мергендердің өз оқтарының қылмыскерге тиіп-тимегенін білуді қиындату үшін жазаға тартылушыға арнайы киім кигізеді. Бүгінде ату жазасын Қытай, Сомали, Тайвань, Белорусь Өзбекстан, Вьетнам сияқты елдер қолданады.

Дарға асу- мойынға байланған арқаннан адам денесінің салмағының қысымынан пайда болатын асфиксация. Дарға асылған адамның тыныс алу орталығы қысылып 4-5 минаттан кейін көз жұмады. Бұл жаза түрін қолданатын елдерге Мысырды, Иран, Иордания, Пәкістан, Сингапур, Ирак, Жапонияны да жатқызамыз.

Бас шабу- биологиялық өлім өте тез жүзеге асады. Жазаның бұл түрі Ирак пен Сауда Арабиясында қолданылады.

 

Электрлі орындық- 19 ғасырда АҚШ-та ойлап табылған. Адамды тоқ ұру арқылы өлтіру. Тұтқынды орындыққа отырғызып аяқ қолын байлайды. Басына арнайы дулыға кигізіп көзін байлайды. Денесін белдіктермен бекітеді. Бастапқыда 2000 вольт тоқ өткізеді, одан кейін тоқ мөлшерін азайтып тағы бір рет жібереді. Адам бұдан жүрегі тоқтап өледі.

Дәрі егу (инъекция)- өлім жазасының ең бір жеңіл түрі ретінде белгілі. Қылмыскерге үш дәрі егеді. Біріншісі анестезия үшін, екіншісі – дененің салдануына әкеледі, ал үшінші екпе жүрек тоқтауына әсер етеді. Бұл өлім жазасының түрі АҚШ-тың 38 штатының 37-де қолданылады, Филиппин аралында да жазаның  белсенді түрі.

Газдалған камера-бұл жазаның түрі АҚШ-та ғана қолданылады. Камера ішінде жазаға кесілушіні орындыққа байлап арнайы құбырлар арқылы газ жібереді. Газдың әсерінен адам есінен танып 9 минуттан кейін көз жұмады.

Тас лақтыру

Өлім жазасы әлем елдерінде

Шығыс елдері мен Азияның бір қатар елінде таспен лақтырып адамды жазалау кең таралған. Иран мен Ауғанстанда, Судан мен Нигерияда осындай жаза түрін кездестіруге болады. Бір топ адам жиналып құрбанды жерге басын көрінетіндей етіп көміп тастайды. Содан кейін оған тас лақтырады.

Бүгінде әлемнің 170 елі өлім жазасынан бас тартып немесе мараторий жариялады. Соңғы уақыттары Еуропа елдерінің біршамасы жазаға тартудың бұл түрінен бас тартып жақандығын, тіпті жыл сайын бір-екі мемлекеттің өлім жазасынан бас тартуы тенденцияға айналып келе жатыр.  БҰҰ да өз кезегінде мемлекеттерді мұндай ауыр жаза түрінен бас тартуға шақырып жатқанын атап өтуге болады.

«Өмір сүру құқығы- адамның негізгі маңызды құқығы. Өмірден айыру – қайтымсыз процесс. Бір адамның өзге біреудің өмірін айыруға болмайды. Бұл толықтай адамдық пен адамгершіліктің жоқтығы»-деп атап өтті БҰҰ бас хатшысы.

Осыған қарамастан әлемнің 58 елінде өлім жазасы қолданылады.  Бұл  елдердің ішінде АҚШ, Ауғанстан, Вьетнам, Ирак, Иран, Йемен,   ҚХР, КХДР,  БАӘ,  Пәкістан, Сауда Арабиясы, Сингаупр, Палестина, Мысыр бар.

2006 жылғы есеп бойынша әлемде 5 мың 628 адам өлім жазасына кесілген. Amnesty International жүргізген 2014 жылғы есеп бойынша әлемнің 22 елінде 1061 адам өлім жазасына кесілген.    2014 жылы БҰҰ-ға мүше 20 елде өлім жазасы өткізілген.

Сонымен бірге үкім жарияланып бірақ өлім жазасы іске аспайтын мемлекеттер де бар. Оларға Кариб бассейнінің елдері мен Азия, Африка құрлығының бірнеше мемлекетін жатқызуға болады.

Бір Қытайдың өзінде 1996 жылы 4,5 мың адам өлім жазасына тартылған.  Халықаралық адам құқығын қорғау проблемасы бүгінде үлкен резонанс тудырған мәселеге айналып отыр. «Демократиялы» елдердің өзінде қылмыскерлерге үкім шығару, жазалау кезінде нәсілдік дискриминация орын алады. Сонымен бірге сот процесі кезінде айыпталушы жақтың қорғаушысының болмауы, жазаның қайта қарауға, аппиляцияға ұсынылмауы сынды олқылықтар өте көп. Былайша айтқанда демократиялы мемлекеттердің өздері  адам құқының тапталуына жол беріп жатыр.

Өлім жазасына кесу проблемасының ең қорқынышты жағы – оның кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдерге де қатысты қолданылуы.  Иран, Пәкістанда жазаға тартудың мұншалықты сорақы болуы- шын мәнінде жаға ұстатарлық.

Қазақстандағы өлім жазасы

Қазақстанда өлім жазасы (ату) тек айрықша ауыр қылмыстар (лаңкестік, геноцид, айуандықпен кісі өлтіру, т.б.) үшін тағайындалады. 18-ге толмаған жасөспірімге, әйел адамға, сот үкімі шыққанға дейін 65 жасқа толған ер адамға қолданылмайды. Рақымшылық жасалған жағдайда өлім жазасы өмір бойына немесе 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылуы мүмкін. Қазақстан көршілес Ресей Федерациясы секілді өлім жазасын уақытша тоқтатып  2003 жылдан бастап өлім жазасына мораторий жариялады. Десек те, соңғы уақыттары ауыр қылмыстардың күрт өсуі, педофилдердің көбеюі мен олардың лайықты жазаларын алмауы секілді факторлар біздің елімізге де өлім жазасын енгізу керек пе деген сауал тудырады. Осы орайда халықтың пікірін білу мақсатында жүргізілген сауалнамаға назар аударсақ:

Қарапайым халықтың пікірі заңды түрде екіге бөлінеді: бір жақ өлім жазасы керек десе, енді бірі оны енгізуді жөн санамайды. Кейбіреулер адамның өмірін қию дұрыс емес, қылмыс жасаған адамға түзелуге мүмкіндік берілу керек деп есептейді.

Сауалнама: халық пікірі

Сауалнамаға қатысқан 22 адамның 16-сы өлім жазасын қолдайтындықтарын жеткізді. 5-тен көп адам өлтіргендер мен педофилдерге қатысты ғана өлім жазасы қолданылу керектігін атап өтті. Ал қалған 6 адам кімнің болмасын  өмірін қию мүлдем дұрыс емес екендігін, қандай жағдай болмасын адамды өмір сүру құқынан айыруға болмайтынын жеткізді.

Руслан 28 жаста: «Қазақстанда өлім жазасын енгізуді қолдаймын. Біздің мемлекетке қажет. Педофилдердің санын азайтатын еді деп ойлаймын».

Сәрсенбай Игіліков 65 жаста: «Біздің мемлекетімізге өлім жазасы керек. Себебі мүлдем тәртіп болмай кетті».

Алишер 24 жаста: «Мен өлім жазасына мүлдем қарсымын. Біз біреудің өмірін қиятындай кімбіз? Егер біз адам өлтірген қылмыскерді өлтіретін болсақ, біздің одан қандай айырмашылығымыз болады? Біз де соның дәрежесіне түсеміз. Себебі – адам өлтіреміз. Қылмыс жасаған адам жазасыз қалмайды. Ол заң негізінде жауапқа тартылады. Ертең де оны міндетті түрде басқа жаза күтеді».

Думан 23 жаста: «Мен өлім жазасын тек сирек жағдайда ғана қолдану керек деп есептеймін. Неге десеңіз, халықты қырған, адамдарға өте ауыр деңгейде жәбір көрсеткен, олардың бостандығы мен болашағына балта шапқан, жас балалар мен кәмелет жасқа толмағандардың жыныстық тұтастығына нұқсан келтірген азаматтардың қылмысы толығымен дәлелденсе, осы іске байланысты кемінде 15 куәгерден немесе бірнеше бейнебақылау құрылғыларынан алынған қылмыстық іс материалдары негізінде ғана өлім жазасын іске асырған жөн деп ойлаймын. Бұл санатқа лаңкестерді, педофилдерді, никрофильдерді, ұлтараздық қақтығыс тудырушыларды жатқызған жөн шығар».

     Жалпы алғанда, заң тұрғысынан қарағанда Қазақстан құқықтық мемлекетке айналуды жоспарлайды. Еуропаның дамыған елдерінің бірқатары БҰҰ-ның 2007 жылғы   хаттамасына сәйкес өлім жазасынан бас тартып жатыр. Сондықтан еліміздің мораторий жариялап отырғаны да бекер емес. Дұрыстап ойланып қарасақ қылмыстың санын   азайту үшін қайта орта ғасыр кезеңіне оралудың маңызы бар ма? Біреуді қорлау, зорлау арқылы кім бақытқа кенеледі?

«Ит мені қапты деп, оны қапсам, адамдық аузымда не қасиет қалады» деп М.Әуезов атамыз айтпақшы, өзгеге жамандық тілеп, оны өмірінен айырсақ адамдығымыз, адамгершілігіміз қайда қалмақ? Қылмыскерлерді жазалаудың басқа да альтернативті жолдары бар деп есептеймін. Мәселен, екпе арқылы өлтіру. Немесе адамды моральдік тұрғыдан, санасына әсер ететіндей жаза түрлерін қолдануға болады. Қоғамнан алыстатып, изоляциялау немесе «ақ бөлме» сынды орындарда ұстау және т.б.  Меніңше, өлім жазасына кесу- ол проблеманы шешу жолы емес. Ол- кек. Жамандыққа жамандықпен жауап беру.

Әрине, қылмыскердің аты қылмыскер. Кінәсін өз мойнына алып, кешірім сұрап жатса бір сәрі. Жасарын жасап қанша дәйек пен айғақтарға қарамастан қылмыстарын мойындамайтын кейбіреулеріне не дерсің...

Мұндайда сезініп, көріп, білген адам ғана бәрін түсіне алады. Жақындары қандықолдың кесірінен қаза тапқан, педофилдің кесірінен тағдыры ойрандалған баланың ата-анасы- нағыз қайғыны солар ғана түсінеді.  Олар үшін жауыз болған қылмыскердің өлімін солардан артық ешкім қаламайды. Ал қылмыскерді кешіру деген- тіпті бұл дүниеде болуы мүмкін емес нәрсе.

Ешкімнің тағдыры ойыншық емес. Өмір бір-ақ рет беріледі. Әркімнің өз өмірі-Құдайдың аманаты.  

НАЗЕРКЕ МҰСА

Nazerke Musa

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір