• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 15:51:06
Алматы
+35°

19 Мамыр, 2019 Сұхбат

Қазақстандағы жалғыз каллиграф – Асылбек Орынбасаров (сұхбат, фото)

Протездерімен, тіпті қылқаламды аузына қыстырып қойып көркем жазу жазатын екі қолы жоқ шеберлерді де көргенмін.

Мешітке барғанда архитектурасынан бөлек, ғимараттың іші-сыртындағы, төбесіндегі араб жазуына мән беріп қарап көрдіңіз бе? "Оны кім жазады, ол қандай өнер" деп ойлаушы ма едіңіз?

Әсіресе, ислам сәулет өнерінің бейнелі жазуларына қызықпау мүмкін емес. Бұл жазу өнерін «каллиграфия» деп атайды. Ол грек тілінен аударғанда «көркем жазу» деген мағына береді. Бүгінде каллиграфия өнері ислам мәдениетінің бөлінбес бөлшегіне айналған.

Елімізде бұл өнер саласын дамытушы мамандар енді ғана қалыптасып келеді. Солардың көш басында тұрған каллиграф Асылбек Орынбасаров – осы өнерді дамытып, кеңінен насихаттау мақсатында еңбек етіп жүрген азамат. Шебер Қазақстандағы оннан астам мешітті каллиграфия өнері арқылы безендірген.

калиграф Асылбек

Қазақстанда каллиграфиямен айналысып, ғимарат безендіретін шеберлер аз болғандықтан, жаңа нысандар салғанда көбінесе шетелден арнайы мамандар шақыртып жатады. Осыдан-ақ бұл бағыттың еліміздегі сәулет өнері үшін маңыздылығын байқауға болады.

Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырмандары назарына Қазақстандағы бүгінгі таңдағы жалғыз калиграф Асылбек Орынбасаровпен өрбіген әңгімені ұсынады.

Асылбек Орынбасаров – исламтанушы, имам-хатыб, араб тілінің оқытушысы, ислам каллиграфы.

Білімі: 2001-2005 ж.ж. Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, «Исламтану» мамандығы

2002-2004 ж.ж. ҚМДБ-ның Республикалық имамдардың білімін жетілдіру инситуты,

2005-2006 ж.ж. Иран мәдени-ағарту орталығы (парсы тілі)

2006-2008 ж.ж. «Халил Аға» ислам каллиграфия институты. Каир қ. Египет Араб Республикасы, мамандығы: Ислам каллиграфы

2006-2007 ж.ж. «Ніл» Халықаралық араб тілін оқыту орталығы, Каир қ., ЕАР,  мамандығы: араб тілі

2007-2008 ж.ж. – Америкалық ақпарат орталығы (American Data Center), мамандығы: ағылшын тілі.

2010-2015 ж.ж. Стамбул қаласындағы әйгілі каллиграф Хасан Челяби  шеберханасының шәкірті

Асылбек Орынбасаров

 

– Асылбек мырза, бұл өнерге қалай келдіңіз? Не түрткі болды? Неге дәл осы өнер түрін таңдадыңыз?

– Мен Алматы қаласында дүниеге келдім, өстім. Үйіміз Алматы қалалық орталық мешітке жақын жерде еді. Кішкентай кезімде мешітке жиі баратынмын. Мектебім де сол ауданда болды. Мешітке барған сайын ішіндегі көркем жазуға қызыға қарайтынмын. Кішкентай кезімнен сол жазуларға ғашық болдым. Сол кезден-ақ өзіме «Мұны кім жазды? Мұнда не жазылған? Неге ол жазулар сондай әдемі? Неге мені қатты қызықтырады?» деген сұрақтар қоятынмын.

Әкем бізді жұма намазға жиі ертіп баратын. Мектеп бітірген оң қандай оқу орнын таңдаймыз дегенде, отбасымызбен таңдауымыз қазіргі Әл-Фараби бойындағы Нұр-Мүбарак университетіне түсті. Ол кезде ол оқу орны жаңадан ашылып жатқан еді.

2001 жылы исламтану факультетіне түстім. Сол бір жылдары арнайы келісімшартпен Мысыр елінің әлемге әйгілі аль-Азхар универсиетінен белгіленген мерзім бойынша бізге тәлім беруге ең үздік ұстаздар келетін. Солардың ішінде ислам каллиграфияның хас маманы Ахмад Амир деген ұстаз болды. Ол бізге екі жылдай араб каллиграфиясынан сабақ берді. Сол ұстаз менің ең алғашқы ұстазым десем болады. Ахмад ұстаз менің бала кезден жүрек түбінде оянған араб каллиграфиясына деген құштарлығымды, махаббатымды оятып, жүйелі түрде бағыт-бағдар көрсетіп, тәлім-тәрбие беріп, ислам каллиграфиясына деген ынтамды арттырды.

Жоғары оқу орнын бітірген соң дипломым бойынша Алматы қаласында имамдық қызмет атқардым. Дегенмен, студент кезде араб каллиграфиясынан екі жыл алған біліміме іштей қанағаттанбадым. Имам болып жүріп, каллиграфиядан білімімді толықтыру үшін шетелдік оқу орнында білім алуға бел будым. Сөйтіп, білім қуып, таңдауым Мысырдың Каир қаласындағы "Халил аға" атындағы Ислам көркем жазу институтына сынақ тапсырдым. Алла қалауымен, 2006 жылы сынақтан сүрінбей өтіп, оқуға түстім. Сол жылы Еуразия құрлығынан оқуға түскен жалғыз шәкірт мен едім. Себебі, көбінесе, ол мамандықты жергілікті халық, Азия, Малайзия, Индонезия шәкірттері ғана оқитын. Жалпы ТМД елдерінен ешкім болмады. Ол жерде каллиграфияның негізгі стиль түрлерін үйрендік.

Бұл мамандықты таңдауымның бір себебі: Тәуелсіз Қазақстанның бұған дейін бір де бір каллиграфия маманы жоқтығы болды. Негізі бұл біздің қазаққа таңсық дүние емес. Сонау заманда қазақ даласында бұл өнерді жетік меңгерген шеберлер де болды. Тек кеңестік дәуір кезінде дінге қысым көрсетілген шақта бұл өнер кенжелеп қалды. Соның бәрін теңшей келе осы өнерді елімізде ары қарай дамытсам деген ниет болды. Ислам каллиграфиясының хас шеберлері Мысыр елінде дегенді естіп, сол елден білім алдым да, ислам каллиграфиясындағы жолым солай басталды.

– Бүгінгі таңда қазақстандық жалғыз каллиграф деп тек Сізді танимыз. Үзеңгілес немесе жаңадан шығып келе жатқан жастар арасында «міне, мына азаматтан үміт күтуге болады» деп кімдерді ұсына аласыз?

– Қазақстанның жері кең, алайда, халқы аз болғандықтан, қазіргі таңда еліміздегі каллиграфия маманы ретінде көпшілік мені таниды. Бірақ бұл уақытша. Себебі, 2013 жылдан бері каллиграфиядан шәкірт тәрбиелеп келемін. Арнайы курстар да бар. Алматы қаласында Республикалық Әбу Ханифа медресесінде де каллиграфиядан сабақ бердім. Ол жерде де іліп алар шәкірттер ізденіп, білім алып жатыр. Ұл, қыз, жас, кәрі... біршама жақсы шәкірттер баршылық. Көп ұзамай олар туралы да естисіздер. Бәрі де өздерін шыңдап жатыр. Аз уақытта еліміздегі ислам каллиграфиясының шеберлері көбейеді деген сенімдемін.

– Кейбір еңбектеріңізде Құран сүрелерін, аяттарын белгілі бір формаға келтіріп, яғни сурет түрінде жазғансыз. Сонда бұл каллиграфия мамандығында арнайы оқытыла ма, әлде өз қиял-шабытыңызға байланысты ма?

– Иә, менің алған білімім де каллиграфияның академиялық классикалық стилінде және  әртүрлі кейіпте де салып та жазамыз. Тапсырыс берушінің талғамын, талабын да ескереміз. Кейде шабыттан да туындап жатады. Оны жалпы арнайы оқытып, үйретпейді. Мысалы, мына аятты кеме, ағаш немесе гүл формасында жаз деген қағида жоқ. Ал жалпы ислам каллиграфиясында ғасырлар бойы ислам дінімен қатар қалыптасқан қағида, ережелері бар. Шәкірттерге соларды үйретеміз. Ал шабыт жағына келсек, ол әр шәкірттің өзінің ішкі түйсігіне, шабытына, жүрек қалауына, шеберлігіне қарай болады.

– Жалпы бір туындыңызға неше уақыт жұмсайсыз? Ол үшін арнайы уақыт, мекен, көңіл-күй керек пе, әлде қажеттілік туындаса, кез келген жерде, уақытта қылқаламыңызды қолға аласыз ба?

– Орта есеппен алсақ, бір жұмысқа 2-3 күн кетеді. Жұмыстың көлеміне, қойылған мақсатына, күрделілігіне қарай жұмыс уақыты ұзарып кетуі де мүмкін. Бірақ кем дегенде, 2-3 күн кетеді. Бірақ кейде тұрмыстық мәселелер болса, жұмыс тоқтап қалуы немесе қиял-шабыт келгенде дереу қағаз бетіне түсіре қоятын кездер де болады. Кейде тіпті бірнәрсені апталап, айлап қағаз бетіне түсіре алмай жүретін кездер де болды. Тапсырыс берушілер кейде күтеді, кейде күтуден шаршайды. Жалпы жұмыстың басталу-біту мерзімін нақты айту қиын.

– Халықаралық дәрежеде байқаулар ұйымдастырылып тұра ма? Өзіңіз, шәкірттеріңіз қатысып көрдіңіз бе?

– Ислам әлемінде 22 ислам мемлекетінде және басқа да ислам дінімен сабақтас шетелдерде көптеген каллиграфия жарыстары, семинар, симпозиумдар болып тұрады. 2013 жылы Сауд Арабиясында бір конкурсқа қатыстым. 2017 жылы Ресейдегі Халықаралық каллиграфия көрмесіне топтық құрамда қатыстым. Болашақта да қатысамыз деген жоспар бар.

Биыл Шешенстанның Грозный қаласында «Ұлы дала кескіндері» деген көрме болады деп жоспарланған. Ораза айынан кейін қатысып қалуымыз ықтимал.

Ал шәкірттеріме келсем, «қатысыңдар, көріңдер, араласыңдар» деп оларды да қамшылап отырамын. Алайда әзірге қатысып, алға суырылып шығып жатқандары жоқ. Бәлкім, шәкірттерім әлі де өздеріне сенімді емес шығар. Түрлі себеп бары анық. Дегенмен, алдағы 1-2 жылда 2-3 шәкіртім Халықаралық дәрежедеге мүшәйраларға шығады деген үмітім бар.

Тәуелсіздікке отыз жыл болса, да елімізде каллиграфия өнеріне қатысты саусақпен санарлық қана көрме көпшілікке ұсынылды. Оның бірі жеке, персоналды көрмем болды. Биыл елордада каллиграфия өнерінің көрмесі өтті. Алайда елімізде ауыз толтырып айтарлықтай Халықараоық деңгейдегі ислам каллиграфиясының көрмесі әлі өткізілген жоқ. Бірақ оның да ауылы алыс емес деп ойлаймын. Діни Басқарма, Мәдениет басқармасымен келісе отырып, үлкен іс-шара өткізуге дайынман. Ол да жоспарымның бірі.

– Қазақстанда каллиграфия өнерінің болашағы...

– Жетпіс жылға созылған кеңестік дәуірде кенжелеп қалған мол мұрамыздың, өнеріміздің қай-қайсысының болмасын болашағы өте зор. Себебі, Қазақстанның жері тың. Әлі көп нәрсе игерілмеді. Көп нәрсе белгілі жүйеге түскен де жоқ. Жалпы ислам каллиграфиясы, ислам мозайкасы, ислам архитектурасы, ислам қолөнері болсын бәрін де қолға алып, дамытып жатса, керемет болар еді. Қазіргі жастар өте ынталы. Аз уақытта олар да бой көрсете бастайды.

Көрші елдермен, мысалы, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстанмен салыстырғанда Қазақстан ислам каллиграфиясының болашағы өте зор деп ойлаймын. Өйткені, елімізде бұл өнерге қызығушылық өте жақсы. Оған көзім жетті. Үлкен қалаларда жастар бұл өнерді үйренгісі келеді. Жеке өзіме хабарласып, "үйретіңізші, біздің қалаға келсеңізші" дейді. Қырғыздың Ошынан, өзбектің Ташкентінен хабарласып, "бізге келіп, үйретіңізші" деп ұсыныс тастағандар да болды. Алла қалап, сәтін салса, ол жақтарға да барып, үйрету жоспарда бар. Орта Азия бойынша Қазақстандағы ислам каллиграфияының болашағы зор деп білемін.

– Міне, мынау «Асылбектің стилі» деп ерекшелеп айтып, бірден танитындай өзіндік стиліңіз қалыптастыра алдыңыз ба?

Иә, осы уақыта дейін өзіндік стилім пайда болған шығар деп ойлаймын. Адамның өз-өзіне баға беруі қиын. Бағамды ұстаздарым береді. Білімімді шыңдауға 2010 жылы Түркияға барғанда сол жердегі ұстазым жұмыстарымды көріп, жазуыңнан көшпелі ел, басынан көп қиыншылық өткерген халық ұрпағы екенің жұмыстарыңнан көрініп тұр деді. Неге десем, "жазуыңда нәзіктік, жұмсақтық жоқ, шегемен қаққандай қатал" дейді. Ұстазымның солай деп айтқаны есімде қалыпты. "Расымен де солай ма?" деп, Индонезия, Малайзия, Түркия, Араб елдерінің каллиграфтарының жазуын қарасам, ТМД елдерінен шыққандардың жазуы ерекшеленіп тұрады екен. Олардың жазуы нәзік, лирикалық үлгіде жазылған. Ал біздікін ұстазым айтпақшы, «сәл тұрпайы ма, дөрекі ме», әйтеуір, біздің жақтың жұмысы екенін айтпаса да байқалып тұрады.

Кейде аң-құс кейпінде жазу стилін де қолданамын. Жеке өзімнің жазу үлгімді, бәлкім, сол стильден де танитын шығар.

– Қолөнердің қай түрі болмасын, негізі уақыт пен күш-қайратты тауысып, көз майын алатын әуресі көп жұмыс. Жалпы еңбегіңізді қалай бағалайсыз? Қарапайым халыққа қолжетімді ме?

– Иә, әрине кез келген өнер туындысының өзіне лайықты бағасы болуы керек. Өзім қарапайым отбасынан шыққандықтан, жұмыстарымда да қарапайым халыққа қолжетімді. Тіпті төмен бағада деп те айта аламын. Түркия, Араб елдеріндегі каллиграфия жұмыстарын салыстырғанда, менің жұмыстарым әлдеқайда арзан. Бәлкім, оның экономикалық себептері де бар шығар. Оған қоса, бұл өнер енді ғана тәй-тәйлап келе жатыр, халық енді-енді таныса бастады. Әр еңбектің өтеуі бар. Жұмыстың көлеміне, мән-мағынасына, техникалық стиль ерекшеліктеріне, күрделілігіне байланысты бағасы да өзгеріп отырады.  

– Кез келген адам каллиграф бола ала ма?

– Меніңше, кез келген адамның бойында әдемілікке, сұлулыққа, көркемдікке деген дәнегі болады. Кейін адам оны санасына орналастырып, суын құйып, арам шөбін жұлып, күтсе, өсірсе, оны мәуелі бәйтерекке айналдыра алады. Ал кейбіреулер оған мүлдем мән бермейді. Ислам каллиграфиясы да ислам діні сияқты ең жақсы нәрселерге шақырады. Тазалық, сабырлылық, әсемдікке құштарлық. Сондықтан, меніңше, икемі болмас да, қанында ондай өнер жоқ болса да, кез келген саналы адам каллиграф бола алады. Өйткені, бір адамның қолынан келген нәрсе өзгенің де қолынан келуі әбден мүмкін.

Мысалы, шәкірттерімнің ішінде арабтың әліпбиін жаттамағандар да бар. Бірақ мынаны көшіріп кел десең, керемет етіп көшіріп келетіндері де бар. «Қалай?» деп кейде өзім таң қаламын. Егер сол шәкірттерімім білімдерін ары қарай жетілдірсе, керемет кәсіби маман болып шығатынына сенемін.

Шәкірттерім де «ұстаз, мен каллиграф бола аламын ба?» деп сұрайды. «Иә, әрине бола аласың!» деп жауап беремін. Ислам тарихында тіпті қолының жартысы, шынтағынан төмен қолы жоқ, бір қолы жоқ шебер каллиграфтар да болған. Тіпті ертеде өмір сүрген Мехмед Эфенди деген каллиграфтың шынтағына дейін екі қолы да болмаған. Сондай хәлде де көркем жазулар жазған.

Мен де бір ұстазыма сол сауалды қойғанда «Асылбек, жазуды көз де, қол да емес, адамның жүрегіндегі көңіл жазады» деп жауап берген еді. Протездерімен, тіпті қылқаламды аузына қыстырып қойып көркем жазу жазатын екі қолы жоқ шеберлерді де көргенмін.  Соған қарап, он екі мүшесі сау адам каллиграфияны үйрене алмайды дегенге онша сенбеймін. Табиғи кемтар адамдардың өзі керемет туынды жасап жатқанда, басқаның қолынан келмейді деп жалған. Бастысы – адамның ықыласы, ниеті болуы керек.

– Қажетті құрал-жабдықтарды елімізден аласыз ба, әлде...

– Керек құрал-саймандарымның ең негізгілерін шетелден алдыртамын немесе шетелге шықсам, өзіммен бірге ала келемін. Шәкірттерімнің де тапсырыстарын ұмытпаймын. Өйткені, өкінішке орай, елімізде бұл өнер онша дамымағандықтан, керекті құрал-жабдықты елімізден табу – өте қиын. Бір жақсысы, ғаламтор-дүкендері жақсы дамып жатыр. Шәкірттерім өз беттерінше солай  тапсырыс беріп, алып жатыр. Болашақта ол мәселе де реттеледі, ірі қалаларда керегімізді таба аламыз деп ойлаймын.

Елімізді бұл өнерге қызығушылық артып жатқандықтан, кез келген үйренушіге қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз ете алатын дүкендер қатты қажет. Болашақ каллиграфтардың қажеттілігін қамтамасыз ететін жандар да табылады деген үміттемін.

Әңгімеңізге рахмет!

Шебердің жұмыстары:

Елордадағы мешіт

Елорда мешіті

Көкшетаудағы мешіт

Көкшетау

Павлодардағы мешіт

Павлодар

Павлодар

Талдықорғандағы мешіт

Талдықорған

Тараздағы мешіт

Тараз

Тараз

Өскемендегі мешіт

Өскемен

Әңгімелескен: Мақпал Сембай 

Мақпал Сембай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір