• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 15:55:55
Алматы
+35°

03 Қазан, 2018 Кәсіпкер

Қазақстан құс етінің импортын ығыстыруда

Макинск құс фабрикасы құрылысының жалпы құны, екінші кезекті қосқанда, 45,6 млрд теңгені құрайды.

Өткен аптада Ақмола облысында Астана қаласына жақын жерде еліміздегі ірі, жылына 50 мың тонна құс етін өндіру қуаты бар Макинск құс фабрикасының бірінші кезегі іске қосылды. Жоба құрылысына арналған қаражаттың жартысына жуығын «Қазақстанның Даму банкі» АҚ бөліп отыр.

Бірінші кезеңде құс фабрикасының өндірістік қуаттылығы жылына 25 мың тоннаға, екінші кезеңде 50 мың тоннаға жетеді. Құс фабрикасы Ақмола облысының Бұланды ауданының Байсуат ауылында, аудан орталығы – Макинск қаласына жақын орналасқан. 

«Екінші кезектегі 50 мың тонналық өндіріс еліміздегі тауық етіне деген сұраныстың 15%-ын қамтамасыз етеді. Бұл айтарлықтай көлем. Компания өз өнімін жоғары деңгейде, сатып, тарата алады. Өнімнің көп бөлігі Өскемен құс фабрикасы секілді тоңазытылған тауық еті түрінде сатылатындықтан, импорттық мұздатылған құс етімен бәсекелес бола алады. Сондықтан инвестор ретінде біз жобаның үнемділігіне өте сенімдіміз», - деді ҚДБ төрағасы Болат Жәмішев құс фабрикасының ашылу салтанатында.

Құны 33,5 млрд теңге жобаға қажет инвестицияның 50%-дан астамын ҚДБ еншілес ұйымы – «Бәйтерек» холдингі (16,1 млрд теңге) және «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ (ҚКМ), қалған көлемін жобаның бастамашысы «Aitas KZ» АҚ бөліп отыр. Еуропалық Қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) «Aitas KZ» АҚ капиталына қатысу арқылы жобаға инвестиция құйды.

Макинск құс фабрикасы құрылысының жалпы құны, екінші кезекті қосқанда, 45,6 млрд теңгені құрайды.

Алғашқы өнім нарыққа биылғы қарашада түседі деп жоспарлануда.

«Aitas KZ» құрылтайшысы Серік Толықбаевтың айтуынша, компания еліміздің солтүстігін: Петропавл, Көкшетау, Қостанайды құс етімен қамтамасыз етеді. Компанияның жоспарында Астана да бар.

«Біз ол жақтан (Астанадан – авт.) Өскемен құс фабрикасының өнімдерін алып шығамыз, оны біртіндеп Макинск құс фабрикасының өнімдерімен ауыстырамыз. Мұның бәрі «Кус-Кус» бренді арқылы болады», - деді С.Толықбаев.

Елорда тұрғындары Макинск құс фабрикасының өнімдерін Жаңа жылдан кейін сатып ала алады.

Құс фабрикасының ашылу салтанатында сондай-ақ ҚДБ тәуелсіз директоры қатысты. Антонио Сомма бұл жобаны жүзеге асыру банк үшін «негізгі мұнай газ өндіруші саладан бөлек, экономиканы әртараптандыруды қолдау миссиясын жүзеге асырудың тамаша мысалы» болып табылатынын атап өтті.

«Бұл жобалар импортты алмастыруға мүмкіндік береді. Қосылған құн тізбегінің ауыстырылуы, жоғары қосылған құн, ұзақмерзімді тұрақты жұмыспен қамту, импортты алмастыру –бұл әртараптандырудың халықаралық стандарты және бұл әдісті ЭЫДҰ Қазақстан экономикасының дамуын нығайту үшін ұсынып отыр», - деді А.Сомма, ҚДБ қоржынында осындай жобалардың көбірек болуына тілектестік білдіре келіп.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір