• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 19:10:45
Алматы
+35°

13 Шілде, 2018 Аймақтар

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне климаттың өзгеруі мәселелеріне қатысты көзқарасын ұсынды

Ержан Ашықбаев 11 шілдеде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде өткен ашық пікірталастың барысында мәлімдеді

Климаттың өзгеруі жоқшылыққа және азық-түлік қауіпсіздігінің болмауына, заңсыз көші-қонға, мәжбүрлі босқын ағынына, әлеуметтік тұрақсыздыққа және қиян-кескі қақтығыстарға әкелуі мүмкін «қауіп-қатердің мультипликаторы» болып табылады. Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев 11 шілдеде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде «климаттың өзгеруімен байланысты қауіпсіздіктің тәуекелдері» тақырыбында өткен ашық пікірталастың барысында мәлімдеді. Қазақстанның климат қауіпсіздігі туралы алаңдаушылық мәлімдемесін жасағаны туралы ақпаратты Сыртқы істер министрлігі ақпарат таратты.

Климаттың өзгеруінің Жер ғаламшарымен жер бетіндегі өркениетке, бүгінге дейін мыңжылдықтардан жалғасып келе жатқан мәдениетке қалай кері әсер ететіні туралы ғалымдар көптеген тұжырымдар мен дәлелдер ұсынған.

Қазақстан ежелден ғаламдық климат өзгерістері құбылысына бейжай қараған емес. Қазақстан ұлттық және өңірлік деңгейлерде экологиялық проблемаларды шешуге елеулі үлес қосып жатқан елдің бірі деуге болады.  Былтыр ғана Астана қаласында өткен «ЭКСПО-2017» көрмесі «Болашақ энергиясы» тақырыбын иеленуі бекер емес. Климаттың жаһандық өзгеру проблемасының шешімі тұрақты дамуды қамтамасыз ету, кедейлікті жою және әлемнің барлық елдерінің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатқа қол жеткізуі үшін Қазақстан әлемдік бастамалардың бәріне үн қосып келеді. Ғаламдық өзгеруден туындайтын апаттардың алдын алу үшін Қазақстан «Қазақстан Республикасына БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына сәйкес Жетінші Ұлттық хабарламасын әзірлеуге қолдау көрсету» үкіметтік жоба дайындаған болатын.

Сыртқы істер министрінің орынбасары өз сөзінде климаттың өзгеру проблемасы бүкіл әлем үшін өзекті мәселе болып табылатынын және маңызды экономикалық, әлеуметтік және экологиялық салдарды қамтитынын атап өтті. Қазақстан жаһандық қауіпсіздік үшін әлемдік қауымдастықпен бірігуге дайын.

«Қазақстанның және бүкіл Орталық Азия өңірінің Арал теңізінің құрғауымен байланысты басынан өткізген традегиялық тәжірибесі бар. Бұл экологиялық апат жергілікті тұрғындарға және 60 миллионнан астам адамды қамтыған барлық шекаралас мемлекеттердегі қоршаған ортаға қауіп төндірді», - деді Е. Ашықбаев. Ол Арал теңізі проблемасын шешу үшін қабылданып жатқан шаралар, оның ішінде Халықаралық Аралды құтқару қорының аясында қабылданып жатқан шаралар мен осы жұмыстың оң нәтижелері туралы әңгімеледі.

Климаттың өзгеруіне қарсы күрес ел үкіметінің басым міндеттерінің бірі екенін атай отырып, Е.Ашықбаев Қазақстанның 2050 жылға қарай зиянды қалдықтардың көлемін қысқарту бойынша жасап жатқан қадамдарына және жаңартылатын энергия көздеріне толыққанды көшу жоспарларына баса назар аударды. Бұл үдерісте Астана қаласында құрылған Халықаралық «жасыл» технологиялар орталығының маңызы ерекше зор.

Швецияның Сыртқы істер министрі Маргот Валльстрёмнің төрағалығымен өткен іс-шараға Науру Республикасының Президенті Барон Вака, БҰҰ Бас Хатшысының бірінші орынбасары Амина Мохаммед, Ирак Су ресурстары жөніндегі министрі Хасан Джанаби және басқалар қатысты.

Сонымен қатар, Нью-Йоркте Е. Ашықбаев «Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге Трансшекаралық су ынтымақтастығының қосқан үлесі» форумында сөз сөйледі. Ол Қазақстанның көрші елдермен, оның ішінде Орталық Азия мемлекеттерімен, Ресей және Қытаймен трансшекаралық өзендерді пайдалану мәселесі бойынша өзара іс-қимыл тәжірибесімен бөлісті, сондай-ақ осы мәселеде халықаралық су құқықтарын жан-жақты зерделеуге және оны қолдануға қолдау білдірді.

Сонымен бірге, Қазақстанның СІМ орынбасары ағымдағы жылдың 10-12 қазанында әлемнің барлық елдерінен 400-ден астам үкіметтің, халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен су проблемасы жөніндегі сарапшылардың қатысуымен өтетін БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Су конвенциясына қатысушы тараптардың кездесуіне Астана үлкен мән беретінін мәлімдеді.

Айта кететін болсақ, 2017 Орталық Азия елдері өкілдерінің қатысуымен Қызылордада ұйымдастырылған бірінші Арал халықаралық тұрақты дамыту форумы барысында Халықаралық Аралды құтқару Қорының құрылған күні 26 наурыз - «Арал теңізінің күні» болып жарияланды.

Биыл Халықаралық Аралды құтқару Қорының 25 жылдығы аясында алғаш рет 26 наурыз - «Арал теңізінің күнін» Қызылорда облысы  салтанатты түрде атап өтті.

Елбасының бастамасымен жүзеге асқан «Ғасыр жобасы» атанған Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жоба аясында бірінші кезекте атқарылған ауқымды шаралар нәтижесінде, Арал өңірінің ата кәсібі - балық шаруашылығы саласы жаңа деңгейге көтеріліп, қарқынды дамуда.

Айта кететін болсақ, 2016 жылғы 2 тамызда Нью-Йорк қаласында БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қазақстан атынан Климаттың өзгеруі туралы Париж келісіміне қол қойған еді.

Мамандардың болжауынша, климаттың өзгеруі келешекте төтенше жағдайлар мен табиғат апатының артуына әсер ететін, қарқындылығы, таралу көлемі және ұзақтығы бойынша адам өміріне, экономикаға, қоршаған ортаға қауіп төндіретін апатты гидрометеорологиялық құбылыстарды туындататын (АГМҚ) табиғат құбылыстарының қарқындылығына алып келуі мүмкін.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір