• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 23:49:34
Алматы
+35°

31 Шілде, 2018 Саясат

"Қазаққа тіл тигізді" деген Шаянов шындықты айтуға неге асықпайды?

Әлеуметтік желіде аталмыш мақала мен пікір қызу талқыланып жатыр.

«Репортер» сайтында «Надо срочно валить: Русские бегут из Казахстана» атты мақала жарық көрді. Әдейі арандату үшін жазылған мақала екені көзге ұрып тұр. Бұған дейін де көрші елдің журналистері арандату мақсатында түрлі мақала мен бағдарламалар шығарған. Ең қызығы, аталған сайттың байланыс телефондары, мекен-жайы мен қызметкерлері туралы ақпарат мүлдем көрсетілмеген. 

Өзге елдің саясатына, ішкі мәселелеріне қол сұғуға, бүтін бір ұлттың намысына тиюге, қорлауға ешкімнің де құқығы жоқ. Алайда бұл құқықты белшесінен басып жүрген көрші елдің журналистері бұл әдетінен тыйылар емес. Мұндай әрекет журналистік этикаға да жат екендігін ескерткіміз келеді.

мақала

Сарапшылардың айтуынша, көрші елдің арандатушылық мәндегі ұлтаралық қақтығысты туғызатын ақпараттық шабуылына мән бермеу қажет. «Әрбір үрген итке тас алып жүгірудің қажет жоқ» деген пікірді ұстану керек дейді олар.

Десе де мақала астында жазылған пікірлер қазақстандықтардың шамбайына тимей қоймайды. "Қазақстандағы орыстар мен орыс тілінің құқығы шектеліп жатыр" деп дабыл қаққан Шаянов Андрей Викторович деген есіммен сайтқа тіркелген желі қолданушысы сепаратистік мәндегі пікір қалдырған. Қазақтарды жек көретінін жазып, кішкентай қазақ балаларын қорлағысы келетінін ашық түрде айтады.

пікір

Пікір

 

Пікір

Әлеуметтік желіде аталмыш мақала мен жоғарыдағы пікір қызу талқыланып жатыр. Себебі Шаянов Андрей Викторович Қазақстандағы «Барыс» хоккей клубының жаттықтырушысы. Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Онымен қоймай фотосы да жүктелген.

скрин

Мән-жайды білу үшін «Барыс» хоккей клубының баспасөз қызметіне хабарластық. Евгений Акманов есімді баспасөз хатшысы Андрей Викторовичтің клубпен бірге жарысқа Новосибирскіге кетіп бара жатқанын және тек 7 тамызда ғана елге қайтатынын жеткізді. Елді дүрліктірмей мәселенің тоқ етерін айтуын сұрап, Шаяновтың өзімен сөйлеспек едік, сұхбатты бір аптаға шегерді. Онда да журналистерге мақалада жазылған пікірге қатысты ләм-мим дейтіні белгісіз. Халық қызу талқылап жатқанда шеткері қалғаны таңғалдырды. Жол жүріп бара жатса да бірнеше минутын бөліп мәселенің анық-қанығын айтса ел де тынышталар еді. 

Баспасөз хатшының айтуынша, арандатушы мазмұндағы пікір қалдырған Шаянов емес, өзге біреу.

- Бұл пікірді қалдырған Андрей Викторович емес. Әлдебір қаскөйлер оның атынан жазып отыр. Мұндай жағдай бірінші орын алып жатқан жоқ. Андрей Викторович құқық қорғау органдарына шағым түсірген болатын. Ол Қазақстанның патриоты. «Барыс» клубы үшін талмай еңбек етіп жүрген азамат. Оның атынан жазылған пікірлерге оның жеке басының қатысы жоқ. Өзіміздің әлеуметтік желіде де оның атынан біреулер осындай пікір қалдырған екен. Біз бірден Андрей Викторовичке хабар бердік. Ол құқық қорғау органдарына хабарласты. Ол адамды тапты ма, таппады ма хабарсызбын. Себебі еңбек демалысына шығып кеттім , - дейді «Барыс» хоккей клубының баспасөз қызметкері. 

Жаттықтырушы расымен де шағым түсірді ме, ол шағымы бойынша іс жүргізіліп жатыр ма, оның нәтижесі қандай болғанын білу үшін ҚР Бас прокуратураның баспасөз қызметіне хабарластық. Олар бүгін сұрақтарымызға жауап бере алмайтынын айтады. 

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір