• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 20:34:24
Алматы
+35°

11 Тамыз, 2017 Ұлт болмысы

Қазақ жерінің жоқшысы (Тарихи очерк)

Сөзіміз дәлелді болуы үшін нақтылы тарихи деректерге зер салайық.

«Ұлт болмысы» журналының «Алаш жолы»

әдеби шығармашылық бәйгесіне

Бүркеншік есім: С. Көктіңұлы

 

«…Қырағылар үшін, әлбетте, өнегелер бар».

Құран-Кәрім («Хыжыр» сүресі, 74).

Талассыз мұрағаттық тарихи құжаттарға, нақты деректерге, бұлтартпас дәйектерге сүйенсек, соңғы екі ғасыр бедеріндегі отаршыл Ресей ойранында қазақтың арқа сүйер ордалы елі, жер қайысқан әскері болмауына қарамастан, оның мемлекеттігін қалпына келтіру, байырғы мекенін қайтару жолында жанкештілік танытқан Кенесары Қасымұлынан басқа атақты ел тұтқалары мен тарихи тұлғаларды атау қиынға соғары күмәнсіз. Иә, жат жұрттық басқыншылардың иелігінде кеткен ұлттың байырғы ұлан байтақ жерін қайтару жолында қайтпас қайсарлығы мен өршіл рухын танытар ерлерді халық қашанда аңсады. Өйткені Қазақ хандығы Ресей империясына «өз еркімен» қосылысымен «бодандық» деген ұғым шықты. Бірте-бірте хандық билік көзден бұлбұл ұшты. Ұлтқа ғасырлар бойы мекен болып келе жатқан қасиетті атамекен 1890 жылдан бастап ресми бүтіндей империя меншігіне өтті. Патшадан – пана, патшалықтан – сана іздеген аңғал хан-сұлтандар отаршылдардың аранына жұтылып кете барды. «Судың да сұрауы бар»: екі жақты ресми қол қойылған заңды-құқықтық келісімдерді алып қарасақ, Қазақ елі Ресейдің қолдауы мен көмегіне нық сенім арта отырып қосылды. Бірақ өмір жүзінде басқаша болып шықты.

1866 жылы текті тамырдан өсіп-өнген ата-бабаларынан бері тақ арылмаған төре-сұлтанның отбасында болашақ тағдыры беймәлім бір ұлан өмір есігін ашты. Алайда ол балғын балалық кезінен-ақ қалың ойға берілген алғыр болып өсті. «Сан ғасырлар бойы жаз жайлауы, қыс қыстауы айқын әулеттің өзіне тиесілі жерде енді бұрынғыдай емін-еркін көшіп жүре алмауына не себеп?», «Келімсек орыс шенеуніктері, казактар мен қара шекпенділер қазақ жерін жалпағынан басып, соншалықты баса көктеп өңмеңдеуіне не түрткі?» деген көкейтесті сұрақтар жастай оның жанын жегідей жеді.

Ол  қандастары мен қарашекпенділердің арасындағы жайылым, шабындық т.б. жерлер үшін жиі тұтанатын дау-жанжалдың, қақтығыстың еріксіз куәгері болды. Осындай текетіресте, тіпті қанды қақтығыспен аяқталатын қиын шақтарда билік жүйесі мәселенің байыбына бармай, бұра тартып, төрелікті жатжұрттықтар пайдасына шешіп жататыны тумысынан әділет жағындағы жас Әлиханның зығырданын қайнататын.

Айналасында болып жатқан осынау көңіл құлазытар, жан жабырқатар келеңсіз оқиғалар ата-бабасынан бері сан ұрпақтың қаны мен тері төгілген шексіз де шетсіз далада емін-еркін көшіп жүрген аламан қазақтың батырлық дәуірі туралы есіткен әсерлі әңгімелерімен еш қабыса бермейтін.

Жаратылысы бөлек, өте туған Әлихан жастай атасы Мырзатайдың қолында тәрбиеленді. Оның шыр етіп дүниеге келерінен бақандай елу жыл бұрын Орта жүздің хан тағына отырған Бөкей бабасының ендігі өрі мен ылдиы, әулеті мен әлеуеті осы ұрпақтың талайы мен талабына қатысты еді. Әкесі Нұрмұхамед те бұл жауапкершілікті жете түсінсе керек.

Кейіннен ер жетіп, есейе келе ата тәрибесін көрген осынау өршіл жас өзін айрықша толғандырып, санасына салмақ түсірген сан алуан сауалға жауап іздейді.

Әр нәрсенің де себебі бар. Орта жүздегі хандық билік жойылардан алты жыл бұрын ғана ақ киізге көтерілген Бөкей бабаның астынан – тақ, басынан – бақ кеткені қалай? Неге бұлай болды? Осылай болуы тиіс пе?

Баба атын ататек (фамилия) етіп алған намысты ұл –  Әлихан осы сұраққа жауап іздеу арқылы бірте-бірте әулет жоқшысы емес, халық жоқшысы, ел мен жер жоқшысы деңгейіне көтерілді. Білімімен, білігімен тоңмойын мыңды жықты.

Саясаттың өтінде жүріп Ә.Н. Бөкейхан қазаққа тиесілі байырғы аумағының басым бөлігін қайтарып қана қоймай, Алаш ұлттық-демократиялық парламенттік республика үлгісіндегі жаңа тұрпаттағы біртұтас ұлттық мемлекеттігін қалпына келтірді.

Алаш республикасы 1917-1920 жылдар аралығында саяси парасатпен жер көлемін құрай отырып, арада жетпіс жылдан кейін, 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Республикасының негізі –  Қазақ кеңес социалистік республикасының жер аумағын шегендеп кетті.

 Image result for Әлихан бөкейхан қамшы

І тарау

 

НАРКЕСКЕН ӘЛИХАН:

 ТАР КЕЗЕҢ

 

І бөлім

 

ҚАЗАҚ БАЙЫРҒЫ ЖЕРІНЕН ҚАЛАЙ АЙЫРЫЛДЫ?

 

«Кеңес халқының бірде-бір тарихнамасы тап

Қазақстан тарихнамасындай алапат

зор шығынды басынан өткерген  жоқ».

 

«The Great Friendship»

 

«Еңбекшіл қазақ» газетінде (қазіргі «Егемен Қазақстан». – С.А.) 1924 жылдың қазан айында жарияланған «Қазақ қанша?» атты мақала авторының дерегі бойынша, Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында қазақтардың саны 6 миллион 470 мың адамды құраған. Тұтастай алғанда, 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін қазақ Ресей империясы отарындағы халықтардың арасында саны жағынан 5 -орында болған. «Қырғыздар» (1925 жылға дейінгі орыс әдебиетінде қазақтар осылай аталып келді. - С.А.) тарихи очеркі авторының пайымдауынша, қазақтар төңкеріске дейін 9 облыс пен 1 гүберне аумағын жайлап, «солтүстігінде Жайық, батысында Әмудария, шығысында Ертіс өзендерімен және оңтүстігі тау жоталарымен көмкерілген. Одан бөлек олар Астрахан гүбернесін де қоныстанған».

КСРО құрамындағы жылдары Қазақстан РСФСР-дан кейінгі екінші ірі республика болды. Ресми статистикалық деректер бойынша, аумағы 2 миллион 717 мың 300 км.2  тең жер көлемін алып жатты. 1991 жылдың 16 желтоқсанында тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан аумағы 2 миллион 724 мың 900 км.(7 мың 600 км.2 артық. – С.А.) жер көлемімен әлем мемлекеттерінің арасында 9-орынды иеленді.

Иә, Отан тарихына терең бойлай алмайтын білімқұмар оқушыңыздың өзі-ақ осынау кең байтақ жеріміздің қазіргі қазаққа бұрынғы ата-бабаларымыздың қанымен ғана емес, осыдан 70 жыл бұрын өмір сүрген айтулы тарихи тұлғалардың ерен еңбегімен келгенін сезінер еді. Өйткені бабаларымыздың қаны мен тері сіңген шексіз де шетсіз қазақ жері мен байтақ даласы Қазақ хандығының Ресей бодандығына (протекторат) өтуімен біржола қолдан сусып, келмеске кеткендей болған- ды. Қазақ және орыс елдерінің өзара қарым-қатынасы тарихына қатысты «Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуы» сипатындағы қасаң көзқарас кеңестік саяси жүйе тарапынан сан ұрпақтың санасына күштеп танылып келді. Тіптен Қазақстан толық тәуелсіздік алғаннан кейін де сол қате таным алдымыздан шығып жүр. Бүгінгі Қазақстан кешегі Қазақ хандығы бодандыққа дейін жайлап келген кең байтақ жерлердің бірер бөлігіне ғана ие болып отыр. Мәселенің мәнісі біржақты бұра тартуда емес. Басты мақсат тек қана бұлтартпас деректер негізінде нақты тарихи шындықты анықтап, оған ой сәулесін түсіруде.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін нақтылы тарихи деректерге зер салайық.

Әлихан Бөкейханның қазақ тарихына қатысты кейбір жарияланымы және алғашқы ғылыми монографиясынан оның Қазақстанның Ресейге қосылу тарихын 1890 жылдардың соңынан бастап бұлтартпас деректер бойынша нақтылы зерттей бастағанын көреміз. Әңгіме «Орта жүз ханы Бөкей және ұрпақтарының қатынас хаттарынан», «Қырғыз (қазақ) хан, сұлтандары және басқалардың қатынас хаттарынан» және «Ұлы жүз сұлтаны Сүйік Абылайхановтың қатынас қағаздарынан», сонымен қатар «Қырғыз (қазақ) өлкесінің тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері» атты жарияланымдары туралы болып отыр.

1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінде басылған көптеген мақалаларының атауларынан-ақ Әлихан Бөкейхан Қазақстанның Ресей бодандығына (протекторат) өту тарихын, сол үдерістің қазақ халқы тәуелсіздігіне зардабын тигізгенін, соның нәтижесінде әлеуметтік, саяси-экономикалық өмірде ауыр қиындыққа душар болғанын меңзетеді.

Зерттеуші зейінін ерекше аударған маңызды құжаттар ішінде Ресей империясы мен Қазақ хандары арасындағы “бодандыққа алу туралы” келісімнің көшірмесі, яғни екі жақ өзара алмасылған “грамота” болды. Бір грамотаның түпнұсқасын Әлихан Бөкейхан “Семей облыстық басқармасынан” (“Семипалатинскомъ Областномъ Правленіи”), өзге келісімдердің көшірмесін «Заңнамалардың толық жинағынан“ (“Полное собраніе законодательства”) (ЗТЖ, т. ХХХІХ  № 29907. Автор ескертпесі)5 ыждағатпен іздестіріп тапты. Аталған грамоталардың мазмұнын соның ішінде Қазақ хандығының Ресей бодандығына (протекторат) өту шарттарын жан-жақты саралай отырып, Ресей империясы билігінің содан кейінгі іс-әркетін жіті қадағалап, мұқият үңіледі. Түйінді мәселе Сібір және Орынбор қырғыз-қайсақтарына қатысты қабылданған 1822-1824 жылдардағы “Жарғыда” болса керек. Соның нәтижесінде Қазақстанды түпкілікті отарлау саясаты жүргізіліп,орыс отаршылдығының әкімшілік жүйесін жоспарлы түрде енгізу бастапқыды Кіші жүзде, одан соң Орта жүзде басталды.

Орыс билігінің 18226 и 18247 жылдардағы жарғылармен Қазақстандағы дәстүрлі хандық билік жойылып, отаршыл әкімшілік басқару жүйесі енгізілді. Хандық билікті жою және басқарудың жаңа жүйесін енгізу Қазақстанды түпкілікті отарлау мақсатында жүзеге асырылды. Кіші және Орта жүз қазақтарының саяси дербестігін жоюмен бірге шұрайлы жерлерін баса көктеп тартып алу және де оған орыс казактарын жаппай орналастыру жүргізілді.

Ресей империясы тарапынан Қазақстанда бұдан кейін жүргізген реформалар барысы “қазақ-қырғыз даласының Ресейдің басқа бөліктерімен бірігуіне” қол жеткізу мақсатын ұстанды. Орыстардың 1867-1868 жылдары Қазақстанда жүргізген саяси-әкімшілік реформалары қазақ қоғамының әлеуметтік, саяси және құқықтық өміріне айтарлықтай өзгерістер әкелді.

Басқарудың жаңа жүйесі көшпелілердің дәстүрлі қоғамдық-рулық өмір салтын әлсіретіп, Қазақ хандығының тізгінін ұстап келген төре-сұлтандар, ру көсемдері мен халық билерінің билігін барынша шектеді. 18678 және 1868 жылдардағы9 реформалардың жүзеге асырылуымен дала ақсүйектері, ру көсемдері, халық билері, батыр-тархандар және төре-сұлтандардың беделді ықпалдары әлсіретіліп, олардың қазақ қоғамындағы құқықтық, экономикалық және саяси жағдайларына кереғар ықпал етті.

Қазақстанның Ресей бодандығына өту үдерісінің әлеуметтік ауыр зардаптарынорыс отарлаушыларының өздері де жасыра алмады. Мысалы, 1903 жылы “Сибирский наблюдатель” журналының 3 кітабында жарияланған В.К. Никольскийдің “Қазақтардың қоғамдық-экономикалық өмірінен очеркінде” (“Очеркъ общественно-экономической жизни киргизъ”. - С.А.) қазақ тарихындағы сол бір қасіретті кезең төмендегіше суреттелді:  “Қазақ даласын орыстар түпкілікті басып алғанға дейін қазақтар рулық-аталық қауымдастықта береке-бірлігі жарасқан күйде өмір сүріп келді. Олардың басты кәсібі мал шаруашылығы болатын. Осындай нақтылы өмірлік дәйектерге жүгініп айтар болсақ, көшпелілер көзқарасымен алғанымызда, аталған кезеңде тұтас қазақ қауымы барынша ауқаттылығымен, керек десеңіз бай-бағылан молшылығымен ерекшеленетін…Тап қазіргідей жаппай орын алып отырған жоқшылық пен кедейшілік отарлаудың бастапқы кезеңдерінде біздер үшін беймәлім де тосын жәйт болатын. Алайда қазақтардың сонау бір кездердегі тоқшылық пен молшылықтағы кенен дәурені келмеске кетті. Барша қазақ қауымының дәулетті де ауқатты жарасымда өмір сүруінің тірегі болған аталық-рулық қауымдастық орыс мәдениетімен жанасуы (қиысуы), табиғи шаруашылықтың құлдырауы және далалық өлкеге ақшаныңенуімен таза тұралады. Қазіргі зерттеушілер қазақтар арасындағы рулық ынтымақтастықты бұрынғы ескіліктің сарқыншағы ретінде атап көрсетіп, “қазіргі ауыл ішіндегі қазақ шаруашылығы жекелік сипаттағы даралыққа бой ұруымен ерекшеленеді, бұрынғы рулық тартыстың орнын “байлар мен кедей-кепшіктер қайшылығы” басуда деп жазады”.

Қазақстанды түпкілікті отарлауды рәсімдеу 1886 жылғы 2 маусымдағы “Түркістан өлкесін басқару туралы Ереже”  және 1891 жылдың 25 наурызындағы “Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы Ереже” негізінде бекітілді.

Десек те бұл реформалардың ең ауыр зардабы қазақтарға тиесілі барлық жерлердің басы бүтін дерлік тұтастай Ресей империясы, яғни орыс патшасының меншігі деп табылып, қазақтарға “мерзімсіз пайдалануға” берілуі болды.

Қарапайым ұғынықты тілмен айтқанда, қазақ халқы сан ұрпақтың қан төгуімен келген әрі ата-бабаларының сүйегі жатқан қасиетті жерінен, кең байтақ аумағынан бір сәтте айырылды. Міне, Қыр баласы (Қыр баласы – Ә.Н.Бөкейханның ұлт баспасөзі бетіндегі кеңінен тараған бүркеншік есімі. - С.А.) 1913 жылы жазған бір мақаласында қазақ жеріне қатысты 1891 жылдың 25 наурызындағы Ереженің жекелеген баптарын былайша түсіндірді: “1891 жылдың 25 наурызында Жетісу, Семей, Ақмола, Торғай және Орал облыстарының қазақтарына арналған заң іспеттес “Дала Ережесі” шықты…Осы заңның (ереже) 119-бабында “көшпелі қазақтар иеленіп келген жерлер қазына меншігі болып жарияланады” деп жазылған. Ал 120-бапта “осы жерлер көшпелі қазақтарға мерзімсіз уақытқа қолданылуға беріледі” делінген. 120-бапқа қосымшада “қазақтардың қолданылуындағы басы артық жерлер қазына пайдасына орай тартып алынатыны” айтылған… Жоғарыда аталған 5 облыстағы қазақ қолданысындағы артық жерлерді мұжық пайдасына айыруда осы қосымшаға сүйеніп отыр”.

Қыр баласының айғақтауынша, “Түркістан өлкесін басқару туралы” 1886 жылдың 2 маусымындағы Ережеге 1911 жылы Түркістан қазақтарына тиесілі “артық” жерлерді алуға мүмкіндік беретін қосымша енгізілді: “осы ереженің 279-бабында қазақтардан артық жерлерді алу туралы таза сөз болмайтын. Егер де осы заң өзгеріссіз қалған жағдайда Түркістанда қазақ жерлері мұжыққа күштеп берілмес еді. 1911 жылы үкімет ІІІ Думаға 279-бапқа толықтырулар енгізу туралы ұзын-ырға екі жолға сыяр заң жобасын ұсынды (“Түркістан өлкесін басқару туралы Ереже”), онда “Түркістан қазақтарынан артық қалған жерлер анықталған жағдайда қазына оларды өз пайдасына алуға міндеттідеп жазылған… Сонымен Түркістан қазақтары Жетісу, Семей, Ақмола, Торғай және Орал облыстары қазақтарының басына түскенауыр күйге душар болды. Ендігіде Түркістанда қазақтардан жерді алуда осы заңды оңды-солды алға тартпақ. Бұны күштінің әлсізге жасап отырған қиянаты демеске лаж жоқ”.

Орыс озбырлығын айқындайтын жоғарыда аталған жарғылар мен 1822-1911 жылдар аралығында қабылданған Ереженің барысында тұтас Қазақстан толығымен Ресей империясының отарына айналды. Ешқандай да негізсіз вассалды, қолдаушы мәртебесіндегі мемлекеттігінен айырылып, империяның ажырағысыз бөлігіболып шыға келді. Қазақтар өзінің байырғы жерінде өгейлікке ұшырап, жатжұрттыққа айналды. Бұдан кейінгі өмір ағысы көрсеткеніндей, қазақтарды өз жерінің меншік иесі құқығынан айыру көшпелілерді шөл мен шөлейтті (жарамсыз) жерлерге күштеп ығыстырып, далалық өлкеге орыс қоныс аударушыларының жаппай ағылып келуіне кеңінен жол ашып берді.

Қазақстан аумағын тұтастай отарлау және жаппай қоныстандыру арқылы баса көктеп жаулап алудың барысы Ресейде жүргізіліп жатқан ішкі реформалармен сәйкес келді. Қазақстанның отарлануына қатысты осынау өзекті тақырып әлі де кешенді түрде зерттелмей отыр. Сөз 1861 жылғы крепастнойлық құқықты жою мәселесі туралы болып отыр. Соның нәтижесінде құлдықтан басы босаған басар жері жоқсансыз шұбырған орыс шаруалары Қазақстан жерін отарлау мақсатында жаппай қоныс аударылды.

Қазақстанды басқаруға қатысты жарғылар мен ережелерді тыңғылықты зерттеп зерделеу барысында Әлихан Бөкейхан Қазақстанның Ресей империясына бодан болып (протекторат) енуіне қатысты шарттардың өрескел түрде біржақты бұзылып отырғанын ұшыратты. Қазақ халқының арқа сүйер болашақ көсемі екіжақты келісімшарттардан Ресейдің басқа елдің саясатына мүлдем қайшы келетін аумақтық басқару жүйесін енгізуінайтпағанда, Қазақстанның ішкі ісіне араласуы туралы бірде-бір астары қалың жымысқы емеурінінде таппайды.

Ол орыс империясының Қазақстанның ішкі ісіне күштінің дөңайбат өктемдігімен араласып, екіжақты келісімшарттарда көрсетілген шарттар мен міндеттемелерді жөн-жосықсыз бұзып отырғанына көзін жеткізеді. Тағы да маңызды тарихи деректерге назар салайықшы.

Орыс ханшайымы Анна Иоановна 1731 жылғы 12 қаңтардағы грамотасымен Кіші жүз ханы Әбілқайырдың өтініш хатында көрсетілген шарттармен келісе отырып, қазақтарды “бодандыққа” алуға келісімін берді. Бұл жерде айрықша маңызды екі деректі атап өткеніміз жөн. Біріншіден, Әбілқайыр ханның өтініш хатында тек қана протектораттық туралы сөз болды. Екіншіден, бодандыққа қатысты бірде-бір сөз айтылғаны жоқ. Алайда қазақ хандары өктем де астамшыл Ресей империясының өзара жәрдемдесу мен қажетті көмекке жүгінудің кез-келген түрін бодандыққа бойсұну деп өзінше ұғынып, өзінше түсіндіретін қулығына құрық бойламас аярлығын қаперлерінен шығарып алды. Қазақ хандарына соның ішінде Әбілқайыр ханға жіберілген алғашқы грамоталарда екпін жасалған басты мәселе, протектораттық емес, тек қана “бодандық” туралыболды. Қазақ хандары протектораттық “өзара диалог” қағидатындағы күшті одақтастың қолдауындағы әскери-саяси альянс деп білді. Егер де белгілі бір аса маңызды мәселелер оның елдік мүддесіне қайшы келген жағдайда бұл альянстан емін еркін шығып кете алатын еді.

«Қырғыз өлкесінің тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері» очеркінде орынды атап көрсетілгендей, протекторат ұғымы қазақ даласында бұрыннан бар қалыпты қатынас түрінде алғанымызда «Қырғыздар (қазақтар) сұлтандары мен хандарының билігін мойындай отырып, олардың мүдделері рулардың өзін өзін басқару ұстанымымен сәйкес келгенінше құрметпен қарау» сипатында пайымдалды.

Оған нақты мысал ретінде Әбілқайырдың Анна Иоанновна патшайымға жазған хатындағы болашақ одақтастықтың мән-мағынасы ашық айтылған үзінділерін келтіруге болады.

«1/ Біздің ұлы патшайым ағзамға және де сіздің ұлы мәртебелі бабаларыңызға әрқашан адал да әділ қызмет етуге уәде етемін.

2/ Бізге, Қайсақ ордасына жарлық берілсе, Ресей бодандары башқұрт және қалмақтармен бірге қызмет көрсетуге бұйырылған жерлерге барамыз.

3/ Қайсақ ордасының Жайық казактарына, башқұрттарға, қалмақтарға және де барша Ресейлік бодандарға дұшпандықпен шабуыл жасамауы, оларды шығынға батырмауы әрі олармен бейбіт өмір сүруі.

4/ Бізге қайсақтарға Ресейге бодан Астрахан және өзге де жерлерден жөнелтілетін көпес саудагерлерінің керуендері келген жағдайда оларға зиянкестік келтірмеу, залалды адамдардан қорғау, біздерге тиесілі жерлерде шығарып салу.

5/ Біздің Қайсақ ордасынан тұтқынға алынған ресейлік бодандарды қайтару, бұдан кейін башқұрттар және Ресейден тұтқындар алмауды, олардан бөлек шоқынғандарды қайтарып беруді, бідің жоғары мәртебелімізге адал қызметіміз үшін башқұрттар сияқты жасаққа 4000 түлкіден жіберіп тұруды уәде етемін. Осыған сенім ретінде мен, Әбілқайыр хан, осы параққа мөрімді басып, өзімнің сенімді өкілім (елші) Бақа батырды (Бака-батур) аттандырдым».14

Орыс патшайымының 1731 жылдың 12 ақпанында берілген Грамотасы қазақ хандарының өтініші бойынша протектораттыққа, ал Ресей тарапының түсіндіруі (пайымы) бойынша құқықтық тұрғыдабодандыққа өтуінің бастауын қалағанына баса назар аударыңызшы.

Ресей қазақтарға үшінші бір елдің басып кіруінен қорғауға кепілдеме берді. Иә, үшінші бір елдің басып алуынан сақтауға кепілдеме беріп, “жәбірлеу мен талан-таражға” түсірмеуге уәде етті. Хан өз тарапынан “башқұрттар тәрізді адал қызмет етуге және салық төлеп тұруға” міндеттеме алғанын тағы да атап көрсетеміз.

Әбілқайыр хан 1731 жылдың 10 қазанында барлық қазақ рулары мен жүздері (орда) атынан орыс патшайымына адалдығына ант қабылдады. Бұл Кіші жүз ханының өте өрескел бұрмалаушылықтарға жол беруі болатын. Әбілқайырдың Ресеймен одақтастық орнату туралы бастамасы Кіші жүзде қолдау таппағанын айтпағанда, оның теріс пиығылынан таза хабарсыз болған Орта және Ұлы жүз хандары оның елдік үшін аса қауіп тудыратын ерсі бастамасын қолдауы мүмкін емес еді. Келіссөздер аса құпия жағдайда өтті. Бұл аз десеңіз Әбілқайыр стратегиялық маңызы ерекше қателіктерге бой алдырды. А.Тевкелев бастаған орыс делегациясына соншалықты зор сенім артып, орыс империясымен саяси альянсқа (одақ) қол қоюдамын деп білді. Бұл әлі де жан-жақты қарастырылатын аса маңызды тақырыптың өзегі екенін айту артық етпес.

Протектораттық туралы өзара келісімнің түпкілікті нақтыланған шарттарын құраған аса маңызды мәселелердіңқатарында қазақтардың патшайымға және оның мұрагерлеріне адалдығын сақтау, хандықтың сыртқы байланысқа қатысты еркіндігіншектеумен келісу, қызмет атқаруға міндеттеме алу (әскери! – бұл тақырыпқа әлі қайтадан ораламыз), Ресейдің сауда керуендеріне және өзге бодандарына шабуыл жасамау, тұтқындарды қайтару, салық төлеу, хан мен сұлтандардың балаларын аманатқа беру болды. Өз кезегінде Ресей тарапы өз протекциясына (бодандыққа) алушы жақ ретінде “жаңадан өз құзырына (подданных) енгендерді сыртқы шапқыншылықтан және жапа шегуден қорғау” міндеттемесіналды. Келісім шарттарда қазақтардың жері мен территориялық аумағына апат төндірмеу мәселесін айтпағанда, Ресейдің қазақтардың ішкі саяси ісіне араласуымүлдем қарастырылмаған болатын. Өзара келісуші тараптардың тең дәрежелі жағдайда болмауына қарамастан келіссөздер еркін-келісімді сипатта өтті. Нәтижесінде қазақтар Ресей бодандығын қабылдап, оның құқықтық мойындалуының айғағы ретінде хан, сұлтандар, ру көсемдері, халық билері мен батырлар (тархандар) салтанатты түрде ант берді.

Мемлекеттік-құқықтық шарттылықтар тұрғысынан алып қарастырғанымызда, келісім шарт бойынша Қазақстанның Ресейге тәуелділігі протекторат түрінде болды. Протектораттықтың ең басты заңдық өлшемі қорғаштауға алынған мемлекет егемендігінің айтарлықтай шектелуі болатын. Соның салдарынан Қазақ хандығы сыртқы саясаттағы дербестігінен айырылды. Халықаралық құқықтық қарым қатынас субъектісі болудан қалды. Десе де протекторат протекторат-мемлекет үшін өзін өзі ішкі басқарудың мүмкіндіктерінескереді. Ә.Бөкейхан атап көрсеткеніндей, орыс империясы 1822 және 1824 жылдардағы Жарғылары, 1867-1868 жылдардағы саяси-әкімшілік реформалары сондай-ақ 1886 және 1891 жылғы Ережелерімен Қазақстанның протектораттыққа көшуінің барлық шарттарын біржақты дөрекілікпен әрі шағымдану ықтиярынсыз бұзды.

1731-1824 жылдардағы Қазақстанның Ресеймен мемлекеттік-құқықтық қарым- қатынасынвассалдық тәуелділік деп те сипаттауға болады. Вассалдық тәуелділіктің басты өлшемі қазақ билеушілері тарапынан вассалдық серт пен анттың қабылдануы, кепіл тұтқынның (аманат) берілуі десек, олардың бәрі де нақтылы жүзеге асырылды.

Кіші және Орта жүздің Ресеймен 1822-1824 жылдарға дейінгі заңды қарым-қатынасы  “бодандық” (подданство) деп аталды. Бірақ та өзара келісімде қазақ хандығы мен жерін Ресейдің ажырағысыз бөлігіне айналдыру туралы бірде бір сөзді таппайсыз.

Қазақ хандығы вассалды мемлекетке айналды да орыс империясы ХІХ ғасырдың 20 жылдарына дейін қазақ билеушілерімен қарым-қатынасын Сыртқы істер коллегиясы арқылы жүзеге асырды. Оны Әлихан Бөкейхан 1901 жылы жариялаған Орта жүз ханы Бөкейдің министрлік басқарушысы және Сыртқы істер мемлекеттік коллегиясына қатысушы граф Карл Несельродпен 1817 жылдың қазанында жазысқан хаты дәлелдейді.15

Мемлекеттік-құқықтық көзқарас тұрғысынан алғанымызда, қазақ хандықтарының мемлекет-протекторат мәртебесі мемлекеттік биліктің хандық институты, ру көсемдері және халық билерінің құрылтайы, қазақ руларыкөсемдерінен тұратын хан кеңесі жойылғанша  сақталып келгеніне ерекше екпін жасаймыз.

Бұл жерде жас Әлихан XVIII-XIX ғасырлар бедеріндегі Қазақ хандығы мен Ресей империясы қарым-қатынасыныңтарихын бастапқы дереккөздерден жүйелі түрде зерттей келіп, қазақтар орыс империясына бас имеген халық және мемлекет екеніне көзін жеткізеді. Басқа басқа, ол қазақ мемлекеті протектораттыққа енгенге дейін үш жекелеген хандыққа бөлшектенгенін білді; сол кездерге дейін қазақ хандары өз шекараларын байырғы дәстүрде, яғни тау бедеріне, өзен мен дала жазықтарына қарап анықтады, осы және басқа да жерлерге құқықтық қатынасын сол жерлердегі ата-бабалары қорымы (зират) болуымен айқындады. Бұл жерлерде қазақтар бағзыдан бері өздеріне тән қауымдық-рулық құрылымда және де қайталанбас ілкі дәстүрі, атты-көшпелі мәдениетімен өмір сүрді.

Әлихан Бөкейхан қазақтар орыс империясының жаулап алушылық соғысының нәтижесінде бағындырылмағанын анық білді әрі осынау бұлтартпас тарихи деректі басшылыққа алып отырды. “Қазақ” газетіндегі мақалаларында Ресей империясының 1886 жылдың 2 маусымында “Түркістан өлкесін басқару туралы Ереже” және 1891 жылдың 25 наурызында “Ақмола, Семей, Жетсу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы Ереже” қабылдануынан соң орыстардың қазақтарға қатысты қарым-қатынасы сыйластықтан ерінін шүйіре отырып кемсітушілікке қарай шұғыл өзгергенін үнемі атап көрсетті. Бұл ретте Ресейдің 1860 жылдардағы С.-Петербург жоғары ақсүйектер ортасының Шоқан Уәлихановқа деген қарым-қатынасы жеңілген халықтың ұлына емес, одақтас мемлекет басшысының бетке ұстар дегдар өкіліне, ұлы Шыңғыс ханның лайықты ұрпағына деген құрмет еді. Бұдан Әлихан Бөкейханның құлдыққа бас имеген халықтың және бағынбаған бас асау мемлекеттің перзенті ретінде қайраткерлікке белді бекем буғанын байқаймыз. Міне, бұдан әлемді дүр сілкіндірген ұлы Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы Әлихан Бөкейханның өзін және туған халқын жаттың билеп төстеуінде, бөгденің ырқында кетпеуін ойлауды мақсат етіп алғанын түсінеміз. Орыс империясының қолдауына (протекция) өз еркімен өткен қазақ хандарына деген қарым-қатынасын бес ғасыр бұрын жаһанды тітіренткен арғы бабасы Шыңғыс ханның бодауына бағынышты болған халықтарға қатысты ұстанымымен салыстыра келіп, көңіл құлазытарлық қайғылы қорытындыға келеді. “Құқықтық мемлекет идеясының барынша гүлденген ғасырында өмір сүре отырып, - деп жазды ол 1911 жылы мысқылмен  “Въ мире мусульманства” атты Петербор газетінде, - жабайылық пен тағылыққа толы өткен кезеңдерімізде нақтылы қол жеткізе алған барымыздың өзіне маңайлай алмай отырмыз әрі оған деген қызғанышымызды бүгіп қала алмасақ керек. Оған 13-15 ғ.ғ. Моңғол үстемдігі дәуіріндегі татар хандарының орыс дін басыларына деген қарым-қатынасын көрнекі мысалға ала отырып, қазіргі мұсылман дін басыларының құқығын сол бір ғасырлардағы православтар құқығына байланысты жәйттермен салыстыра көз жеткізуге болады. Хандардың митрополиттен бастап орыс дін басыларына жалақы грамоталарын тағайындауы немесе орыс діни бағыныштылығына байланысты құқығы мен артықшылықтары белгіленген жарлықтар шығарып отырғаны қарапайым тарих оқулықтарынан-ақ әркімге белгілі болса керек… Құқықтық мемлекетте өмір сүріп отырған мұсылман дін басылары тағы деп қабылданатын татар ордасының билеушілері осыдан бес жүз жыл бұрын бауарлас орыс дін басыларына көрсеткен ілтипат, берілген жеңілдіктер мен жасалған артықшылықтардың қарапайым түріне де иелік ете алмауда. Мүмкін хандар осындай ұстанымға өздерінің саяси мүдделері үшін барған болар деп айтушылар да табылар… Алайда сол бір уәжділік азаматтардың қазіргі саяси және мемлекеттік тұрғыдағы зәрулігі мен мүдделеріне қырын қарауды қажет етеді деген сөз емес қой”.

1911 жылы “В мире мусульманства” басылымында Әлихан “Қазақ халқының Ресей бодандығын қабылдағанын жүз жыл өтер-өтпестен осынау жартылай көшпелі елдің тұтас жері қазына меншігі болып шыға келді.* (*Кіші жүз Ресей бодандығына Әбілқайыр хан кезінде 1731 жылы, Орта жүз Абылай хан тұсында 1781 жылы өтті. Автор ескертпесі ). 1868 жылы “…көшпелілер жайлаған жерлер, сол жерлерге тиесілі керек-жарақтар соның ішінде ормандар мемлекет меншігі деп мойындалады”** (** 1891 жылы шыққан Дала Ережесінің 119 бабы. - Авт.) деп айтылған заң қабылданады.  Петербур канцелярияларында оңашада жасырын жобаланған бұл заң тұтас ұлт үшін маңызды да ерекше мәнге ие болғанына қарамастан, өзін қашаннан байырғы жерінің толыққанды иесімін деп санайтын халықтың келісімінсіз, тіптен сол халық өкілдерінің уәжін алдын ала тыңдаусыз-ақ бекітіліп кетті17 деп өкінішпен атап көрсеткен болатын.

Қазақ хандығының протектораттыққа өз еркімен енуі туралы шарттардың Ресей империясы тарапынан өрескел түрде бұзылып отырғанына көзін жеткізетін дәйекті мәліметтерді ашқаннан соң Әлихан Бөкейхан туған халқына байырғы жерлерін қайтарудың ымырасыз күресін бастады. 1895-1917 жылдары “Алаш” идеясына алдыңғы қатарлы ұлт зиялыларын топтастыра отырып, барша қажырлы күш-жігерін осынау елдік серпіліске бағыттады. Мысалы, ұлт көшбасшысының айтулы шәкірттерінің бірі әрі оның тікелей тапсырмасымен Францияға қоныс аударған Мұстафа Шоқай Азамат соғысының арпалысқа толы 1917-1920 жылдары ұстазы хақында “Төңкеріске дейінгі ұлттық бағдарламаның басты ережесінің бірі біздің Отанымызға орыс қоныс аударушыларының ағылуын тоқтату болды… Әлихан [Бөкейхан] бізге әрдайым “Егер де ұлтқа пайдалы боламын десеңіздер, ең бірінші кезекте орыс билігінің біздің Отанымыздағы жер саясатын мұқият зерттеу қажет, одан тыңғылықты үйренуге ұмтылу шарт. Сіздерге не істеу керектігін, нендей жұмыстар атқару қажеттігін саясаттың өзі көрсетеді» деп жазды.

Бұл күреске ол отарлаушы елдің түрлі оқу орындарында білім алып жатқан өскелең жастарды тартып отырды. Қазақ жастарының саяси құпия ұйымдарында олардың қолдаушысы әрі ұстазы бола білді. Оны 1917-1920 жылдары Алашорда автономиясы үкіметінің төрағасы қызметіндегі Әлихан Бөкейханның екі орынбасарының бірі болған Халел Ғаббасұлы (Ғаббасов) 1929 жылы 14 қарашада ОГПУ тергеушісі Саенкоға берген жауабы айғақтайды: “Төңкерісшіл қозғалысқа 1905 жылы гимназияның 5 сыныбынан бастап қатыса бастадым. Семей гимназиясында төңкерісшіл үйірме болды…Үйірме саяси жер аударылғандарға жәрдемдесетін. Таза саяси әдебиеттер шығарып, қазақтар өз жеріне ие болсын (!) деп, халыққа арналған үндеу де шығардық, шен-шекпенге сатылып, ұлт мүддесіне опасыздық жасаған шенеуніктермен күрестік... Сол жылы (1908) мен Выборг үндеуіне қол жинауға қатысқаны үшін қудаланып, Семей түрмесіне жазасын өтеуге келген  Бөкейхановпен алғаш рет кездестім.19 Оған өз ынта-ықыласыммен бардым. Абақтыдан шыққан соң бірде-бір шәкірт қалмастан тегіс барып жолықтық. Ол біздердің дайындықсыздығымызға өкпе-рінішін білдіріп, саяси еңбектерді мұқият оқуды ұсынды. Бөкейхановпен бұдан соңғы кездесуім 1912 жылы өтті. Ол кезде Петроградта болатын. Ақбаевты шақырған еді. Ол кезде студентпін, ал Ақбаев болса, Мәскеуде болатын. Мен олармен бірге бардым.

Бөкейханов Үкіметке Мемлекеттік Думадағы қазақ халқының өкілеттілігін тоқтату туралы 1908 жылғы 6 маусымдағы заңды өзгертуге байланысты сұрау салудың негіздемесін дайындау үстінде болды (қазақтарды сайлау құқығынан айырған жаңа заң 1907 жылдың 3 маусымында қабылданған болатын. Ескертпе. С.А.).  Бөкейханов Петроградттағы студенттерге сұрау салуды барынша негіздеуді жүйелеуге қажетті метериалдарды жинауға тапсырма жүктеді. Менің Бөкейхановпен бірлесіп атқарған жұмысымның ұзақ кезеңін қас-қағым сәт деп атауға болады”.

Бұл жерде біздің бас тұлғамыз Әлихан Бөкейхан өмірінің кейінгі қайраткерлік қарекеті әрі азаматтық іс-әрекетімен етене  сабақтас  бірнеше жарқын сәттеріне нақтырақ тоқтала кеткеніміз жөн.

1890 жылы Әлихан Омбы техника училищесінің соңғы 4-курсының болашақ пансионары ретінде (оқу мекемесінің пансионат-жатақханасында тұратын оқушылар) училище директоры Н.Доброхотовқа “оның нағыз ата-тегі Нұрмұхамедов (әкесінің аты) емес, Бөкей Ханов екенін» білдіреді.

Ұлт көсемінің портретіне тағы бір штрих. Қазақ хандығының Ресей протектораттығына кіру тарихын зерттеу кезеңінде екі жақты келісімдер мазмұны, сол уақыттағы орыс заңнамалық мәселесіндегі қулығына құрық бойламайтын әккілігіне барынша тереңірек үңілуіне Орман институтындағы оқыған жылдарында негізгі біліміне қосымша заң білімін алуы мүмкіндік берді. 1891 жылы С.-Петербург университетінің заң факультетіне экстерн курс тапсырады. Оны кейінірек ГУЛАГ-тан азаттыққа шыққанан кейін Әлімхан Ермекұлы қазақ радиосына берген сұхбатында атап көрсеткен болатын. 1894 жылы Орман институтын бітіргені туралы аттестат [диплом] «Сұлтан Әлихан Нұрмухамедов Сұлтан Бөкей-Ханов» [№ 4 фото] атына берілді. Оның сол кезең қазақтары үшін тосын дүние іспеттес Орман институтына түсуінің өзіндік тарихы бар. Өйткені ХІХ ғасыр соңындағы қазақ дегдарлары арасында Ресей жоғары оқу орындары ішінде - заң және әскери білім, Бұқара, Самарқанд, Стамбул жоғары медреселерінде - діни білім үлкен танымал еді.

1889 жылдың күзінде 23 жасар Әлиханның А.Н. (Әлихан Нұрмұхамедов) деген қол қоюымен Омбы Дала генерал-губернаторы канцеляриясында шығатын «Особое Прибавленіе къ «Акмолинскимъ областнымъ ведомостямъ» газетінің екі санында “Қарқаралы оязының Тоқырауын, Қатон-Бұлақ және Батыс Балқаш болыстарындағы егіншілік туралы” мақаласы басылады. Бұл мақаладан Әлиханның ата-баба жеріне деген перзенттік шексіз сүйіспеншілігі барынша жарқырай көрінді. Оны Омбы техникалық училищесі техникалық мамандықтар дайындайтын Сібір темір жолында болашақта қолға алынар қызмет те аса қызықтыра қойғаны жоқ. Әлихан кең салалы ормантанушы-ғалым мамандығын таңдады. Ал жоғарыда аталған мақаласы оны Орман институтына оқуға жолдауға басты негіз болды. Жолдамаға ОТУ директоры Н.Доброхотовтың өзі қол қойды.

1896 жылы Омбының “Степной край” газетінде жарияланған алғашқы мақаласының бірінде Әлихан С.-Петербургтегі оқуынға қатысты “4 жыл (1890-1894) Ресейде тұрдым” деп жазды. Сол арқылы Қазақстанның заңсыз отарланғанына еш шүбә келтірместен, өз елін Ресейдің бөлігі деп есептемейтіндігін ұқтырды.

Туған халқына оның байырғы жерлерін қайтару мен ұлттық мемлекеттігін қалпына келтіруде Әлихан Бөкейхан зорлық-зомбылыққа емес, Ресей заңнамасының аясындағы бейбітшілікке негізделген күрес жолын таңдады. Оксфорд университетінің Орталық Азияны зерттеу қоғамының ғалымдары Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің даралық қасиеттерін атап көрсеткендеріндей, “саяси байыпты ұстамдағы парасатты тұлғалар ұлттық мұрат-мақсаттарын жүзеге асыруды заңды құрылым шеңберінде атқарған дұрыс әрі мүмкін деп сенді. Олар ең бірінші кезекте қазақтар арасында рухани жаңару мен жаңғыруға (интеллекуталды ренессанс) бастайтын жағдай тудыру қажет деп есептеді”.

Әлихан Бөкейхан ХІХ ғасырдың бірінші жар

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір