• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 17:45:22
Алматы
+35°

22 Тамыз, 2018 Тарих

"Қазақ халқы Қонаевымен бақытты". Димекең жайлы бірер сөз

Қонаевтың заманында өмір сүрген әр қазаққа қызыға да, қызғана да қарадым.

Дінмұхамед Қонаев дегенде көз алдыңызға не елестейді? Мен нұрлы, көздерінде оты жанып тұрған, жайсаң мінезді әрі сұсты, қатал, жайдары, ашық, көптің ортасында жарқырап тұрған асыл бейнені көремін. Елдегі қайнап тұрған тіршілік, алып құрылыстар, зәулім әрі көрікті қалалар, тың игеру істері тағы бар. «Ол кім еді?» деп жаттан келген біреу сұраса, ойланбастан өзі өмір сүрген күрделі уақыттың адал перзенті деп жауап қатар едім. Расында, Қонаев билік басында болған заман қандай күрделі, аласапыран болса да, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамытуда айтулы еңбек еткен ұлы саясаткер.

Қонаевтың өз заманында атқарған істерін әр жылдары қайталап айта беруден жалықпаймыз ғой. Алайда бүгін әлем саясаткерлері мен ел ардақтыларының басшымыз туралы айтқан пікірлерін назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.

Қонаев кім?

Үнді мемлекетінің бұрынғы премьер-министрі, 1889-1964 жылдар аралығында өмір сүрген, Қонаевтың көзін көрген Неру Джавахарлал бүй депті:

«Мейірім шуағы мол, пейілі кең халықтың перзенті болудан асқан бақыт жоқ. Сол халық – қазақ халқы. Елінің өткенін ұмытпай, келешегі үшін қалтқысыз еңбек еткен перзенті бар халық та бақытты. Сол перзент – Дінмұхамед Қонаев».

Әсерлі, Қонаевтың заманында өмір сүрген әр қазаққа қызыға да, қызғана да қарадым.

Қазақстан жазушысы, мемлекеттік және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының мына бір пікірін бермеске болмас:

«... Оның өмір жолы тек бір адамзаттың ғана емес, күллі бір ұлттың бір ғасырлық өмірбаянына айналғаны мойындамасқа болмайтын шындық. Қалайық, қаламайық әлденеше он жылдар бойы көзіқарақты дүние Қонаев аталған жерде Қазақстан, ал Қазақстан аталған жерде Қонаев бар деп ұқты».

Ыбырай Жақаевтың мына бір сөзін қараңызшы:

«Жұрттың ішінде пышақ айналмайды, Қонаевтың ішінде ерттеулі ат айналып жүре береді».

Ғажап, неткен ұлылық, тектілік...

Жазушы Олжас Сүлейменовтің де пікірі бар:

«Қатарластары оны Димаш дейтін. Өзгелері, әсіресе жасы кішілері Димеке деп құрметтеді. Оның өмірлік тәжірибесінен мынаны байқайсыз: бақытты заманда өмір сүргіңіз келсе, талант туған заманда тусаңыз болғаны...».

Көңілде қалып қойған, қала беретін, себебі ендігі орындалмайтын бір арманым бар: Дінмұхамед Қонаевпен сұхбаттасу, жоқ, дұрысы еркін әңгімелесу, сырласу... Бірақ орындалмайтын арман жоқ дейді ғой... Сірә, екінші Қонаев пайда болып, арманымды жүзеге асыратын күн туар.

Абзал азамат 1993 жылы тамыздың 22-сінде, 82 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды. Қазақ халқының адал перзентінен айырылғанына бүгін 25 жыл.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір