• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 12:38:42
Алматы
+35°

19 Қазан, 2018 Әлеумет

Қазақ тойына «өзбек ережесі» керек

Алик Шпекпаев өзінің Facebook-тегі әлеуметтік парақшасында аста-төк тойдан бас тартуға шақырды.

Меніңше, осы бір әдетке айналып бара жатқан жағымсыз үрдісті тоқтататын кез келді. Асқа барсаң да, тойға барсаң да - қазір екеуі де бір. Дастарханға қойылған тамақтан стол майысып тұрады. Той ма, қайғы ма, қаралы күн бе, бүгінде бәрі бір мереке болып қалды. Бұл – ақиқат.

Осындай жайттарды көзімен көрген болуы керек, кеше Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекпаев өзінің Facebook-тегі әлеуметтік парақшасында аста-төк тойдан бас тартуға шақырды.

-Үйлену тойларынан түсірілген бейнебаяндар әлеуметтік желілерде жиі жарияланады. Зал толы – гүл. Той сахнасында – шоу-бизнес жұлдыздары. 500-600 адамдай қонақ. Кейін анықталатындай, бір өңірдегі басқарманың басшысы қызының немесе ұлының үйлену-ұзату тойларын тойлап жатады. Бұл бүтіндей бір үрдіске айналды, – деді Алик Шпекпаев.

Расында да бұл ойланатын жайт, бұл мәселе бірталайдан бері айтылып та келе жатыр. Бірақ өзгерген түк те жоқ. Қазір той да, қаза да, ас беру де, үйлену тойы да, тіпті сүндет той да бәсекеге айналып барады. Ыңыршығы айналып, күнін көре алмай отырған кедей отбасы да, той жасауға құштар. Үйдегі жұмыс істейтіні, сосын несие алады. Мұндай жағдайдың барлығы да әсер етеді, тұрмысқа, отбасына, әлеуметтік жағдайына. Бірақ мәселені түсінгенмен, даңғойлықты тоқтата алмаймыз. Неге? Мүмкін мемлекеттік деңгейде іс-қимыл жасау керек шығар. Көршіміз өзбек пен тәжіктен неге үлгі алмаймыз? Мысалы, өзбек Сенаты үйлену тойлары мен қаралы жиыннан кейін берілетін асты қалай өткізу керектігі жөнінде  бүкілхалықтық талқылауға салып жатыр. Енді «өзбек ережесі» бойынша бірталай нәрселерге шектеу қойылады.

  1. Тойларға келетін адамдардың саны 150 адамнан аспауы керек.
  2. Қаралы жиынға қатысатындар саны 200-ден аспағаны дұрыс.
  3. Аста берілетін палаудың мерзімі 12.00 –15.00 сағат арасында берілуі тиіс.
  4. Жас жұбайлардың той кортежі екі көліктен аспауы тиіс.
  5. Тойға бір әнші немесе бір топ қана шақырылады.
  6. Алдағы уақытта 200 орыннан артық банкет залдарын салуға рұқсат етілмейді.
  7. Егер бұл талаптар жүзеге аспаған жағдайда мәселені арнайы комиссия талқыға салады.
  8. Егер талап орындалмаса, ережені бұзғандарға тағы бір рет түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
  9. Одан кейін айыппұл салынады.

♦Джордж Буш қызын қалай ұзатты һәм қазақша "понттың" "капут" болатын кезі келді (фото)

 ♦Шымкентте өткен тойдағы торт қызу талқыға түсті (фото, видео)

♦"Қай бетімді шымшиын". Орыстың тойы "орыс келіннің" көзімен

Өзбекстанның Podrobno.uz ақпарат агенттігі хабарлағанындай, аталған ереже елдің қарапайым азаматтары мен бизнес өкілдерінің бәріне де бірдей тең жағдайда қолданылады.

Бұдан бұрын да Өзбекстанның президенті Шавкат Мирзиеев те мемлекеттік шенеуніктерге тойға баруға тыйым салғаны белгілі.

–Премьер-министрге, хокимдерге, сонымен қатар,  атқарушы биліктің өкілдеріне тойға баруға қатаң түрде тыйым саламын. Егер сол күні қандай да бір мемлекеттік мекеменің көлігін шайхананың маңынан көрсем, міндетті түрде қызметтен босатамын немесе ол қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мысалы, Ташкентте бес баласы бар отбасы қызын ұзатуға ақша таппай, несие алған. Белшесінен қарызға батты. Денсаулығын құртты. Ақыры амалы таусылған соң өлгісі келді. Мұндай той кімге керек?!, –деді Президент Шавкат Мирзиеев.

Міне өзбек өзгеріп жатыр. Тәжік те ысырап әкелетін тойларға тыйым салды. Қалай айтқанда да, қазаққа «өзбек ережесі «керек. Ал біз ше? Қыздың жасауы мен құдалықтың өзі тойға кететін шығынды екі есе орап алады. Қазақстанның ірі  қалаларында 1000 адамға арналған тойханалар бар. Бұл –абырой! Әлі аста-төк той жасауды мақтан көреміз. Даңғойлықты жанымыз сүйеді. Кім той жасап, табыс тапты? Той – қуаныш, бірақ – шығын. Олай болса, үнемділікті қашан үйренеміз? Мүмкін бізге де мемлекеттік дәрежеде той мен асқа қатысты шығындарды шектеу туралы қатаң шешім қабылдау қажет  шығар...

Берік Бейсенұлы

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір