• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 03:26:58
+35°

«Қамшы» порталының поштасына  «Қасқырға қан керек» мақала келіп түсті. Автор өз мақаласында интернетте тараған Әбіләзовтің қазақ тіліндегі жаңажылдық құттықтауына  байланысты пікір білдіріпті. Qamshy.kz сайты — еркін ой алаңы, ашық талқы мінбері екенін ескерте отырып, мақаланы жариялауды жөн таптық. Жарияланған материал редакция көзқарасын білдірмейді. Келіспейтін тұстарыңыз болса, үн қатыңыз құрметті оқырман!


Ассалаумағалейкум, 2017!

Өлмеген құлға тауық жылы да келіп жетіпті. Тарымыз түгесілмесе, бұл жылдың да қызық-шыжығына куә болармыз.

Десе де, өткен жылдың соңғы алты сағатында болған келеңсіз жайт бүгінгі жазбама себеп болып отыр.

Меніңше, 2017 – бостандыққа шыққан Мұхтар Әблязовтың елдегі тұрақтылықты шайқауға ашық әрі агрессивті түрде кірісетін жылы болатынға ұқсайды. Жаңа жылдық құттықтауының соңын саяси күреске шақырумен аяқтауынан соны аңғарамыз. Біздің “сыртқы жау” деп жүргеніміз, айналып келіп, осы бір адамның шаш тұрмаған басына байланбаса деңіз.

Өйткені, қазақтың ынтымағын өзге бұза алмауы мүмкін. Бірақ іштен шыққан өз қазағыңның алдауы өтіп кетіп, шаңырағымыз ортасына опырылып түсуі бек мүмкін. “Біреуді досым деп ат беріп жүрсең, оған сенің дұшпаның келіп бір тай берсе, бұзыла қалатыны қалай?”. Абай айтқандай, Аблязовты айналып-толғанып отырған кейбір жұрттың пиғылы шынында, көп сұраққа жетелейді.

Ақ пен қараны, жақсы мен жаманды айыру оңай болмай  тұрған алмағайып шақта, кейбір мәселенің мәнісін білу үшін, сәл кейінге шегіну ғана жетеді. Өзіме Әблязовтың аты аталса, жекешелендіру кезіндегі Болат Абиловтің “Бутясы”, “Астана-Моторс”, “Астана-Шугар” және осы мекемелердің басында тұрған Мұхтар-миллардердің атақты “Астана-Холдинг” компаниясы елестейді. Халықтың қазаны қара бидайға қат болып, азаматтың аузы аққа жарымай жатқан заманда, Мұхтар Аблязов миллиондаған көк қағазға қарық боп жатты. Әлбетте, нарық заңдылығы “байыңыз” дейді. Кім байымай жатыр? Бірақ өзін адал бизнесмен қылып көрсетуге тырысатын Мұхтардың шімірікпеуі шынымен қайран қалдырады. Енді оның осы өтірігіне сеніп отырған кейбір қазақтың аңғалдығы тіпті, шошытады. 24 сағат ұйықтамай тыраштанса да, Аблязов мырзаның сонша миллиардты адал таба алмасын білеміз ғой.

Демек, оның саяси арбауына түспеуге үлкен аргументтің бірі осы болар. Ол кәдімгі билікті мақсат тұтқан бизнесмен. Ақша танитын, қаржы санайтын бай-шонжар. Сол шонжарлығын еселей түсу үшін ол бүгін жанталасып, елдегі билікті күшпен құлатуға кіріспек сыңайлы. Сіз бен біздің қанымызды шашып, жанымызды құрбан ете отырып таққа қонжимақ, сөйтіп, мақсат-мұратын жетпек. Сөйтпек үшін, алдымен халықты алдамақ керек, қоздырмақ керек. Ендеше, Мұхтар Аблязов тап бүгін осыны жасап отыр.

2000 жылдары бір топ бизнесменнің қазақ тілінің мәртебесіне қарсы шыққаны есіңізде. Соның басында осы Мұхтар көкеміз тұрғанын жұрт ұмыта қойған жоқ. Сондай-ақ, Энергетика министрі болды, банк басқарды. Бірақ қазақ руханиятында Мұхтардың аты аталатын тұсты айтып беріңізші.

Мысалы, Иманғали Тасмағамбетов қазақ тілінің бірден бір жанашыры. Мұхтар Құл-Мұхаммет бір кездері баспа ісінің көшке ілесуіне кәдімгідей мұрындық болды. Жақсы дейік, жаман дейік, бұл азаматтар ел ішінде жүріп, етене араласып, қазақтың мұң-мұқтажын бірге бөліскен, қайғы-қуанышын ортақ көріскен азаматтар.

Ал Аблязов не істеді? Ол қаржы жиды және ең құрыса Головкин құсап Қарағандыдан бір зауыт та салған жоқ. Жиған-тергенін Храпунов құдасы екеуі Еуропа асырып, мөшектеп тасыды. Ол бүгін ғана халықшыл, бүгін ғана жанашыр. Ал ақшасы мен билігі бар кезде басқа еді.  

Ал енді мынаны қараңыз. Арыстанбек Мұхамедиұлына ренжіген қырғыздың дәретхана жуушы қыздары шын жаманды біліп өтер ме еді, өтпес пе еді, егер Аблязовтың өзі мойындамағанда. Иә, ол 2005-ші жылғы Қырғыз революциясына қаржы бөлгенін мақтанышпен айтты. Сөйтіп, қырғыздың өрімдей жастарын Мәскеу дәретханаларына сәтті “қоныстандырғанын” бар әлемге паш етті. Сөз жоқ, қырғыздың қызы адал еңбегімен өзге елде нан тауып жүр. Құрметке лайық жанкештілік! Дегенмен, бұл  - салдар. Ал себеп ше? Себептің ұшы қайда? Неге біз салдармен күресеміз, салдармен айтысамыз? Себеп ше? Өрімдей жастың өзге елде дәретхана жуып, базар түнеп, орыс полициясының зәбіріне көніп жүргеннің басты себебі неде еді? Елдегі тұрақтылықтың кетуі, дамудың тоқтауы, жаппай жұмыссыздықтың өршуі. Революцияға дейінгі жағдайдан да анағұрлым құрдымға кеткен экономиканың нашарлығы емес пе.  

Ендеше, миллиондардың бақытсыздығына, бір үзім нан үшін бөтенді паналаған қырғыз жастарының көз жасына, елдегі берекесіздік тудырған тоталды кедейлікке кімді кіналаймыз? Білдей бір елдің тыныштығын кетірген, қасіретті отқа ораған, мойнында қаншама адамның қаны бар адам бүгін халықшыл боп Фейсбукта елді алдап отыр. Соны қалай көрмейміз? Қалай байқамаймыз? Аблязов не үшін Қырғызстандағы төңкеріске ақша бөлді деген сұрақ туады. Логикаға жаны қас адамның өзіне көлбеңдейтін бірнеше себеп бар:

Революцияны алдымен шағын елде жасап, тәжірибеден өткізіп көру. Сол арқылы өз күшіне баға беру, сенімін нығайту.

Сондайын, көрші елдегі бүліктің буы Қазақстанға да жетерін де өлшемеді дейсіз бе? Арыдан ойлауға пәс кейбір азаматты желік қысып, “Әне, қырғыздың болашағы бар” деп, үйінде отырып қопаңдаған бірді-екілі әпербақанды да көргенбіз. Демек, Әблязов қырғыздан тұрақтылықты кетіру арқылы, қазақтың ұйқысын бұзуды әуелден мақсат еткен. Енді ол осы іске ашық кірісе бастады. Түсінікті тілмен айтқанда, бізді өзара айдап салып, қырық-пышақ қылып, билікке таласпақ, ынтымақтан тартып, тыныштықтан құлатпақ.

Жасыратыны жоқ, біз алдауға тез түсеміз. Қызыл сөзге, пафосқа ергішпіз. Мәселені реалды бағалау, мән-жайдың түбін зерделеу қалып бара жатқан секілді. Айналаға қарайықшы. Кедей қай елде жоқ? Өлім-жітім кімде жоқ? Өзекті жанның өмірі сынақтан безбес. Алайда, айналаны, құбылыстарды салыстырмалы түрде, шынайы жанашырлықпен бағамдайықшы.

Елдің тұрақтылығы әр азаматтың пайдасы емес пе? Тұрақтылық болған жерде даму болады. Даму  болса, бәрі болады. Аблязовтың құттықтауынан неге шошыдың дейтіндерге айтарым, жеке басым көп нәрсені көрдім. Көп нәрсені...  

Алдауға еріп, айдағанға көнетін емес, өз пікір-пайымы, азаматтық көзқарасы бар тұлға ғана елдің бірлігіне бас ауыртса керек. Қасқырға қан, қазаққа бірлік керек. Ойланайық, ағайын...  

 

Асхат Қарабай

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір