• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 09:41:46
Алматы
+35°

18 Наурыз, 2019 NEWS

Қазақ тілінде газет шығармау – қазақ тілінің болашағына деген атқамінерлердің сенімсіздігі

Аудан халқы бірін-бірі танитындықтан, әркім аудан тынысынан дер кезінде хабардар болып отырғысы келетіндіктен, аудандық газетті оқиды

Үкіметтің «қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру» бойынша жоспарын жүзеге асыру мақсатында Қарабалық ауданында қазақ тілінде газет шығару – кейінге қалдыруға болмайтын аса маңызды іс екені әмбеге аян. Аудан халқы бірін-бірі танитындықтан, әркім аудан тынысынан дер кезінде хабардар болып отырғысы келетіндіктен, аудандық газетті оқиды. Ал, оқылатын газеттің қазақша нұсқасын шығару – әсіресе, еліміз қазақ әліпбиін латын графикасына өзгертуге белін бекем буғанда, мемлекеттік тілді дамытуға зор үлес қосу екені айтпаса да түсінікті.

Қазақтың тұңғыш журналисі, көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері М.Сералин осыдан 108 жыл бұрын – 20 ғасырдың басында таршылық, жоқшылық, мешеу заманда қазақ жұртының қамын ойлап, өзекті мәселелер көтеріп, кең далаға тараған қазақтың тұңғыш журналы – «Айқап» журналын шығарды. Кейінірек Қостанай облысында қазақ тілінде тұңғыш газетті («Ауыл», қазіргі – «Қостанай таңы» газеті) шығарды. Ал, біз – ұрпағы, жерлестері 21 ғасырда, еліміз – тәуелсіз, ал қазақ тілі «мемлекеттік тіл» мәртебесіне ие болған заманда, ғылым мен білім, технология дамыған кеңшілік заманда, «бұйырса, дамыған 30 елдің қатарына енеміз» деп құлшынып отырған заманда, қазақ тілінде аудандық газет шығаруға дәрменсізбіз...

Мемлекеттік тілде аудандық газет шығару ісіне немқұрайлы қарау, осы уақытқа дейін шығармау – «атқамінерлердің қазақ тілінің болашағына сенімсіздігінің белгісі» деп, баласын мемлекеттік тілдегі сыныпқа беруге ата-аналарға психологиялық тұрғыда өз «салқынын» тигізіп келеді...

Газетті бірден жеке редакциядан шығару қиын болады. Сондықтан, газетті шығарудың өзге екі жолы бар.

1 Қарабалық аудандық газетін облыстық «Қостанай таңы» газетінің редакциясы (қазіргі форматына зиянын тигізбей, қосымша беттер қосу арқылы) шығарса, дейміз. Қостанай таңы газетінде кәсіби журналистер, корректорлар бар, мүмкіндік мол. Кейін, аудан тұрғындарының пікірін біліп, жеке газет болып шығуына мүмкіндік қарастыра жатар едік.

2 Аудандық «Айна» газетін қазақ және орыс тілдерінде (орысша: 50%, қазақша: 25% кирилица + 25% латиница) шығару арқылы жүзеге асыруға болады.

Бұл ұсынысты былтыр облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары М.А.Растегаеваға, облыстық «Қостанай таңы» газетінің редакторы Ж.Аязбековке айттым. Қолдады. «Айна» газетінің редакторы М.Сапарова: «орыс тіліндегі мақалаларға орын болмай жатыр, сіз демеуші болсаңыз - шығарайық» деді. Аудандық газетте қазақтілді тілші тек Д.Өтешова ғана. Биыл аудан әкімі Н.Қ.Өтегеновке 30.01.2019ж. «Нұр Отан» партиясындағы қабылдауында айттым. Мәселе аяқасты болмас деген сенімдеміз.

Мемлекеттік тілдегі газетті шығару ұсынысын жан-жақты қолдап, ауданымызда мемлекеттік тілде білім беру ісін жандандыру мақсатында құрылған жұмыс тобының нәтижелі жұмыс атқаруына жағдай жасайық.  

Павлодар облысының бұрынғы әкімі Б.Ә. Сағынтаев аудан әкімдерін және аудандық газет редакторларын жинап: «Мемлекеттік тілде газет шығаруымыз керек. Президент Н.Назарбаев: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген. Әр аудан тұрғындарына қазақ тілін білуіне жағдай жасауымыз керек» дегендей сөздер айтып, тапсырма беріп, қолдаған. Кейін өзі басқа қызметке кеткенде аталған іс өз жалғасын тапты – әр аудан мемлекеттік тілдегі газетті де шығара бастаған. Ол – 2011ж. еді.

Төлен Рамазанұлы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір