• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 04:43:15
Алматы
+35°

03 Сәуір, 2017 Айтты-ей, бауырың!

Қазақ қыздарының шетел азаматтарына тұрмысқа шығуына өзіміз кінәліміз, еркектер!

Бүгінгі таңда ел арасында қызу талқыға түсіп жатқан мәселелердің бірі – қазақтың қарагөз қыздарының шетел азаматтарына тұрмысқа шығуы. Осыған қатысты...

Бүгінгі таңда ел арасында қызу талқыға түсіп жатқан мәселелердің бірі – қазақтың қарагөз қыздарының шетел азаматтарына тұрмысқа шығуы. Осыған қатысты пікірлер таусылар емес. Бірі қолдап, қыздарға бақыт тілесе, енді бірі қарғап-сілеумен уақыттарын өткізуде. Байқағанымыз – шетелге тұрмысқа шыққан қазақ қыздарын көбіне ер жігіттер даттап жазған. Сондай ер жігіттерге тілші, блогер Өркен Кенжебектің айтары бар екен. Өзінің Фейсбук парақшасындағы жазбасында қыздарымыздың шет елге тұрмысқа шығуына еркектер өзіміз кінәліміз дейді тілші. Толық нұсқасы төмендегідей:

«Байқаймын, дүкенде тұрған джинсы шалбардың көбінің екі балаққа айрылар тұсы өте тар. Айып етпеңіздер, құдды аталық мүшесі жоқ еркеккіндікке арнап тігілген секілді. Макаронщиктердің сәні ме, масондардың саясаты ма, кім білсін. Соны киген еркектің де дене қызуы өз ұрығын күйдіріп - одан тестостероны азайып - одан еркектігі жоғалып - одан Фэйсбукте қалай арзан сөз, былжыр жазба жазғанын білмей қалады-ау.

Қыртып отырмын. Ал шынына келсек, белгілі тележурналисттің жат ұлттың өкіліне тұрмысқа шыққанын айыптаған біраз пост көрдім. Егер осыдан жеті-сегіз жыл бұрынғы балаң кезім болса, иә, мен де тілімді созып тұрып тілдер едім. Бірақ, қазір ешкімді айыптамаймын. Үш мысалмен түсіндіріп көрейін.

Әріптесім болды. Бір кабинетте отырдық. Өте жайдары, пысық, тамаша қыз. Біздің арамызда оған ешкім назар аудармады ма, әлде оның талабы жоғары болды ма, "жігіті" болмады, анық. Содан шетел асып, оқуға кетті. Сонда жүріп, пәкістандыққа тұрмысқа шықты. Балалы болды. Оқуын бітірген соң елге қайтты. Пәкістандық күйеубаланы да қоса алып келді. Айттым ғой, пысық деп..

Әріптесім болды. Отызға дейін жүрді, шамасы. Қызылорданың ба, Шымкенттің бе, таза қазақы тәрбиесін көрген қызы. Жақсы танимын. Сосын жақын шетелге жұмыс бабымен көшіп барды. Украин азаматына тұрмысқа шықты. Қызын қазақ-украин тілдеріне ортақ атпен атады. Тұрмысқа шыққан соң екі-үш рет көрдім, бақытты кәдімгідей. Күйеуін билеп алған, енелердің жаргонымен айтсақ, төркініне пәшкі-пәшкі сыйлық жіберіп тұрады.

Әріптесім болды. Сіздер айыптап жатқан қыз. Ол да біраз жүріп қалды. Бірақ, бір еркектің басын қадірлер, бір отбасын гүлдетер қауқары барына кәміл едім - пысық. Тағы да сол, біздің жігіттер мұрнымен Ай тіреп жүрді ме, әлде көзімен Жер сүзіп жүрді ме, әйтеуір жөні түзу жан кездеспеді, шамасы. Енді басқа ұлттың өкілі болса да, мұсылманға тұрмысқа шығыпты. Алла тағала ақ некелерін баянды етсін!

Иә, кез-келген қазақ қызы үшін бұлжымас қағида бар, кім болса да, мұсылманға шыққаның абзал, абзал емес-ау, парыз. Ал басқа жағдайдың бәрінде сөз балтаны алып, олай-бұлай сермегеннен дым өзгермейді. Бәріне кінәлі - өзіміз. Қазақ қызы неге шетелдікке тұрмысқа шығып жатыр дегенге жауапты былтыр Сианьға (Қытай) барғанда алып едік. Қазақ студенттерінің дәл осы пәкістандық я араб жігіттерге тұрмысқа шығуы біраз екен. Неге деп бір-екеуінен сұраса біздің жігіттер, "Сендер дөрекісіңдер. Олар әйелді сыйлай біледі. Жауапкершілігі мол" деп жауап беріпті. Не дейсің енді?

Сондықтан, бар мәселе өзімізде. Еркектің мысы кетті. Айбары қашты. Жауапкершілігі азайды. Енді не істеу керек? Осының бәрін қайтарайық өзімізге..

Ал оның ең бірінші тиімді әрі тегін жолы - Фэйсбукте қатынөсек теріп, боқтан өзгенің бәрін сөз қылуды доғару, мужики»

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір