• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 20:36:29
Алматы
+35°

08 Қыркүйек, 2017 NEWS

8 қыркүйек күні Астанадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде қазақ күресінен «Әлем Барысы» түйе балуандар арасындағы әлем чемпионаты өтеді. ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында ұйымдастырылып отырған беделді бәсекеге 40 елдің балуаны қатысады. Шетелдік спортшыларға Қазақстанның төрт балуаны төтеп береді. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

22 тамыздан бастап қазақ күресінен Қазақстан Ұлттық құрамасы Астанада оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Жиын нәтижесі бойынша бас жаттықтырушы Ерлан Естек бастаған баспкерлік кеңес «Әлем Барысында» ел намысын қорғайтын балуандарды іріктеді. Олар: төрт дүркін әлем чемпионы және Қазақстан Барысы жеңімпазы Айбек Нұғымаров, әлем чемпионы және Қазақстан Барысы турнирінің жеңімпазы Мұхит Тұрсынов, жас та болса, болашағынан зор үміт күттіретін Айбат Сейтен және Дәурен Нұралинов. 

Сонымен қатар, биылғы Қазақстан Барысы жеңімпазы Еламан Ерғалиев, танымал түйе балуан Ержан Шынкеевтің қатысуы да  мүмкін. 

Әлемнің түкпір-түкпірінен қатысушылар Астанаға келе бастады. Бүгінде Австралия, Жаңа Зеландия, Қытай және Гана балуандары Елордаға жетті. Жарыс шарты бойынша, барлық қатысушыларға қазақ күресінен арналған спорттық күртеше мен аяқ киім берілуде. Бүгін шетелдік төрешілерге қазақ күресінің ережелері бойынша семинар өткізіледі. 

Біріншіліктің жалпы жүлде қоры 30 миллион теңге. Оның ішінде 15 миллионы жеңімпазға тиесілі. Дәстүр бойынша, алтын, күміс және қола белбеулер де қарастырылған. Жанкүйерлер де жүлдесіз қалмайды. Көрермендер арасында Renault Logan автокөлігі ойнатылады.

Айта кету керек, абсолютті әлем чемпионатын тікелей эфирде «Qazaqstan», «Qazsport», түріктің «TRT Avaz», Ресейдің «Матч! Планета» және «Бокс ТВ» телеарналары көрсетеді.

Естеріңізге саламыз, Alem Barysy 2014 жылы Павлодар қаласында өтті. Тартысты бәсеке нәтижесінде алтын белбеу мен жүз мың АҚШ долларды кубалық Брайсон иеленді. Екінші орында Айбек Нұғымаров, үшінші сатыда ресейлік Максим Ширяев.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір