• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 00:25:43
Алматы
+35°

04 Сәуір, 2019 NEWS

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы сапарын Ресей елінен бастағаны белгілі. Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Кремльде өткен  келіссөз кезінде "Қазақстанда атом электр станциясын салуды" ұсынған. Осыған сәйкес бірқатар саясаткерлер пікір білдіруде деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Келіссөзден соң өткен баспасөз жиынында Путин Тоқаев екеуі "бейбіт атом саласындағы серіктестік" жайлы талқылағанын айтты. Оның сөзінше, "уран өндіру және байыту бойынша Қазақстан мен Ресейдің бірлескен алты өнеркәсібі жұмыс істейді". "Әріптестіктің жаңа формасына өтуді" ұсынған Путин "Қазақстанда Ресей технологиясымен атом электр станциясын (АЭС) салу" жайлы ұсыныс тастады.

Осыған байланысты бірқатар қазақстандық саясаткерлер мен көпшілік  қауым АЭС-тың салынуына байланысты әлеуметтік желіде өздерінің қарсылықтарын білдіруде

Айдос Сарым:  АЭС деген бәленің еш қажеті жоқ қазаққа. 
Әсіресе, Ресейдің технологиясы екенін ескерсек, тіпті керегі жоқ. АЭС-ті тоқтату ЕАЭС-ті тоқтатудан қиын! Сондықтан "ұсынысыңызға рахмет" деп құтыла салу керек. Шенділер халықтың пікірін білмей жатып, ортақ моланың орнын іздегенді қойсын!

Саясаткер Досым Сатпаев Ресей тарапынан ұсынылып отырған Атом Электр Станциясын салу — тек экономикалық саясатты көздеп отырған жоқ, сондай-ақ оның астарында үлкен саяси мәселенің жатқандығын айтады. Ол біздің мемлекет атом электр станциясын салудан гөрі,  газ өнеркәсібінде азаматтардың денсаулығына және қоршаған ортаға қауіп төндірмейтін, адамдарға пайда әкелетін және экономиканы дамыта алатын жағдайларды жасау керектігін айтады.

Әлеуметтік желі қолданушысы Естай Жайлыбай болса: "Қазақстанда АЭС салу мәселесі 20 жылдан бері көтеріліп келеді . Тап қазір елде электроэнергия тапшылығы жоқ , алдағы кезде болуы мүмкін дейді. Ал жалғыз АЭС ол қажеттілікті өтей алмайды. Ресейдің 10 АЭС -і барлық сол елдегі электроэнергияның 18 пайызын ғана беріп тұр. Енді есептеп көріңіз, бізге қанша салу керек екенін, оны біз сияқты жері үлкен елге  тасымалдау қиындығын, бағасы қанша болатынын? Оның үстіне , біздің көмір өндірісі, ондағы жұмысшы, басқа да мамандар қайда қалады? Ең басты мәселе - қауіпсіздік , қанша жерден сендірсе де , халықтың басым бөлігі бұған қарсы. Әлемнің бірталай дамыған елдерінің өзі бас тартып жатқанда , салғырттық пен жауапсыздығымыз мәлім бізге не жорық десейші ! АЭС -тің қажеті жоқ. Басқа энергоресурстар жеткілікті, қолдан келгенше «жасыл энергия» пайдалануға күш салу керек. Түбегейлі қарсымын. АЭС салуға еш негіз жоқ". — дейді.

Жолымбек Мәкіш: Егер орыстар технологияларының керемет екеніне соншалықты сенімді болса, оны алдымен өздерінде салар еді. Ол ұсыныстың арғы жағында осындай сенімсіздік жатыр. Сондықтан оны Қазақстанда салуды ұсынып, өздерін қауіп-қатерден аулақ ұстағысы келді. Сақтықта қорлық жоқ. Сосын тағы бір байқағаным, олар әлі де Қазақстанға өздеріне бағынышты ел секілді қарайды. Бұл «ұсыныста» да тура сондай пиғыл жатыр. Олар Қазақстанда АЭС салу мәселесіне – империяның бір губерниясындағы салынатын бір жаңа жоба секілді қарап отыр. Қазір біз кез келген салада оларға есе жіберіп, қатты ұтылып жатырмыз. «Орыстармен жасалған кез келген келісім – оны жазған қағаздың құнына да татымайды!» деген екен Германияның атақты канцлері болған Отто фон Бисмарк. Екі жақтың мүддесі бірдей қорғалған тең келісім жасайтын жағдайға жетпейінше, олармен бірлесіп істейтін мұндай қауіпті жобадан бас тарта тұрған дұрыс. — деп көзқарасын білдірді әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жанат Камиев: Қазақстанда атом электр стансаларын салуға ешқандай негіз жоқ - бұл бірнеше рет дәлелденді. Неліктен Путин бізді атомдық электр станцияларына мәжбүрлейді? Қазақстан Семей сынақтарының салдарын әлі арыла қойған жоқ,  қазірдің өзінде радиациялық қалдықтардың зияны бар. Байқоңыр және Ресей сынақ алаңдары, Каспий теңізіндегі экологиялық апаттар. Осылардың өзі жеткіліксіз бе? Атомдық электр станцияларының құрылысына тіпті жол бермеу керек. 

Ұларбек Дәлейұлы: "Қазақ жерінен АЭС салудың керегі жоқ.

Себебі: 1. «Жасыл энергия» ұранымен неше миллиард доллар шығарып, Елордада халықаралық ЭКСПО көрмесін өткіздік. Елдің болашақтағы үлкен жоспары да соған жету.
2. Орталық және солтүстік өңірлерде көмірден бас тартып, газдандыру жобасы басталуда. Оған да неше миллиард доллар кетеді.
3. Еліміз аумағында алып бара жатқан энергиа тапшылығы жоқ. Кемі 50 жылға жететін энергия көзі бар.
«АЭС-ті жақсы технологиямен салса, еш зияны жоқ» деген алдау сөзге сенбейік! Қазақ даласы онсызда орыстың сынақ алаңы болып келді. Атомның аты атом!"

Міне біз сарапқа салған азаматтардың барлығы да Қазақстанда АЭС салудың қажеті жоқ екендігін алға тартады. Бірақ бүгін бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары аталған жобаның, яғни АЭС-ның Алматы облысында салынатынын хабарлап үлгерді. Бұл жоба іске аса ма, жоқ па, оны біздің билік әлі де бағамдайды деп ойлаймыз.

 

 
 
Фариза Жомартқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір