• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 20:30:55
Алматы
+35°

31 Қазан, 2018 Саясат

Дүбірге қосылмайтын едік. Дағдымызда жоқ. Өмірі ұжымдық ашық хатқа зиялы қауым қатарында қол қоймаппыз. Айтқымыз келгенді біреуге жазғызбай, өзіміз жеткізе алатындықтан. Себебі – қалам қолда, журналиспіз. 
«Қолтырауын» сөзіне қауіп төнгенде сонау сексенінші жылдары екі газетте осылай жазғанымызды айтып, қорғап қалдық. Латын жазуының бастапқы нұсқасында «ә» мен «ө» сынды қаріптер екі таңбаны қосып жазу арқылы белгіленгенде қарсы мақаламыз газетке шықты. «Баян сұлу» деген сериал жалғыз дастанды ғана емес, бүкіл ұлттық болмысымызды мансұқ еткенде ешбір ашық хатқа қол қоймай, жеке-дара пікірімізді білдірдік. 
Енді қоғамда комсомолдың 100 жылдығы төңірегінде дау туындағанда миығымыздан күліп қойғанбыз. Біраз жәйтті сезсек те бастапқыда үндемедік. Атақты жазушы Мұхтар Мағауин «Кесік бас – тірі тұлып» хикаясында алдымен бұл оқиғаның өзіне қатысы жоқ деп ойлап, соңынан тікелей қатысы барын, өзінің жан-жүйкесі арқылы өтетінін сезінгенін жазады. Біз де біртіндеп сондай күйге түстік.
Алдымен Алматы мен Семейдегі жиынның фотосын көрдік. Баяғыда ұмыт болған комсомол белгісінің үстіне «Рухани жаңғыру» таңбасын қойғанына таңдандық. Сосын бейресми көздерден, яғни әлеуметтік желіде «комсомолдың тойы «Рухани жаңғыру» шараларының тізіміне кіріпті» дегенді оқыдық. Нанбадық. Нанбаймыз да.
Біз Мемлекет басшысының бұл мақаласымен бір кісідей таныспыз. Онда комсомол тұрмақ, оның көкесі коммуниске мынадай дәл баға берілген: «Өкінішке қарай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді. Бүгінде радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кетті». Елбасымыз «күйреді» деп тұр. Және «радикалды», яғни асыра сілтейтін бағыт екенін тап басып бағалаған. Ал сол коммунизм идеологиясын кезінде ту етіп көтеріп жүргеннің бірі комсомол ұйымы емес пе еді?
Тоқтай тұрыңыз, ту дегеннен шығады, Мемлекет басшысы атап өткендей, күйреген үш идеологияның бірінің қызыл туын Алматыдағы Опера және балет театрындағы жиында біздің әскердің қолына ұстатқаны үшін біреу жауап берер ме екен? Қазақстанның, оның армиясының мерекесіне қатысы жоқ орай басқосуларда мемлекеттік рәмізге жатпайтын ту көтерген солдат шығара берсек, онда Отан қорғаушыларда қадір-қасиет қала ма?
Бұл комсомолдың тарихынан хабардар адамбыз. Республикалық ұйымының Орталық Комитетінің органы болған «Лениншіл жас» газетінде көп жыл қызмет еттік. Анау жиында жүргеннің біразын сол кезден танимыз. 
Алғашқы съезі 1918 жылы қазан айының 29-ы күні небәрі 176 адамның қатысуымен өткенде, арасында бір де бір қазақ болмаған. 1991 жылдың күзінде ең соңғы ХХІІ съезінде «БЛКЖО-ның саяси рөлі сарқылды деп саналсын» деген қаулы қабылдап, өзін-өзі таратты. Сосын бір жыл дүние-мүлкін бөліске салғанда комиссияның төрағасы болып Батыс Қазақстанның тумасы Я. Чудров жүрді. Үш жылдай бұрын Яхиямен кездескенде сол кездің оқиғаларын сұрағанбыз. Ол – басқа тақырып. 
Сонымен комсомол өткен ғасырда пайда болды және жоғалды. Бұл дәуір Мемлекет басшысының «БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» атты мақаласында қалай сипатталады, соған көз жүгіртелік: «Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды.
Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды.
Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді.
Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады.
Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері экологиялық апат аймақтарына айналды».
Осындай бізге жат қоғамдық құрылымды еңгізгеннің ортасында ең белсендісі комсомол болған жоқ па? Мысал көп. Үйленіп жатқандарды көптің, оның ішінде ата-анасының алдында сүйістіру. Немесе Сәкен Жүнісовтың «Жапандағы жалғыз үй» романынан мысал келтірейік: «-Ал, кәне, осы үйдің мал-басының амандығы үшін тартып жіберейік!- Манадан бері өзіне серік таба алмай екі беті нарттай қызарып жалғыз ішіп отырған Клейманов қырлы стаканды Диканың қолына ұстата берді». Үзінді түсінікті шығар. 
Айтпақшы, осы романы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығына ұсынылғанмен, Сәкен Жүнісовке ол марапат бұйырмаған. «Жағымсыз кейіпкері жағымды кейіпкерден күшті сомдалапты» деген сылтаумен. Қайран қаламгер ұлттық рухты тосыннан пайда болған жат идеологиядан биік қойыпты. Комсомол сыйлығын алмағаны өкінішті емес, халқының кәдесіне жарайтын туынды қалдырғаны қуанышты.
Сонымен біздің топшылауымызша, 1991 жылы өзін-өзі тарқатқан ВЛКСМ-ның (оны газетте БЛКЖО деп жазатынбыз) 100 жылдығы – тәуелсіз Қазақстан үшін атап өтуге татымайтын дата. Жастығын қимағандар, бір кездегі комсомолдық достығын сақтағандар болса қаланың қақ ортасындағы театрда баяндама жасамай, сарбаздарға қызыл ту көтертпей, оңашада қанша тойласа да ерікті еді. 
Жоқ, театрдағы жиынға қанағаттанбаса керек, тура 29 қарашада парламентте оны «мереке» деушілер және «әріптестерін» құттықтаушылар туралы келесі ақпаратты оқыдық, сосын бейнежазбадан көзбен көріп, құлақпен естідік. Дәл осы оқиға ақыры қолға қалам алғызды. 
Рас, Президенттің мақаласында жазылғандай, «қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылғанын» айтып, бұл күнді мереке деуге қарсы шыққан бір азамат Мәжіліс депутаттары арасынан табылыпты. Тәубе. Азат Перуашев: «Біз тәуелсіз Қазақстанда өмір сүреміз. Күнтізбемізде мұндай мереке жоқ. Егер әлдекімге бұл жеке мереке болса, онда бір-бірін ресми жиналыста емес, оңаша жерде құттықтасын» деп желпінген әріптестерін тойтарып тастапты. 
Негізі осы тоқетер сөзді басқа депутат айтқан шығар деп топшылағанбыз. Перуашев болса Ресейдің ең өндірісті, комсомолы көп қаласында оқыған еді. Әрі кезінде Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің марапатын алған. Ал біз бірдеңе дер деп күткен депутат жас кезінен Мұхтар Мағауин архивтер мен кітапханалардың қоймаларынан тапқан жыраулардың жалынды жырларын мақамдаумен танылған. Қисын бойынша сол суырылып шығып, комсомол күнімен құттықтаушыларға тоқтау салуы тиіс еді. Жоқ.
Әлгі Мұхтар Мағауиннің «Көкбалақ» атты шағын романы бар. Тоқсаба күйші өмірден өтер уақыты жақындағанын сезгенде өзі білетін күйлерді біреуге үйретіп кетпек. Таңдау екі немересінің арасында домбыраға үйір, көзге түскіш, елгезегіне түседі. Бар күйді оған күні-түні тартып береді. Анау қайталауға тырысады. Бірақ көкейге қонбайды. Сөйтіп қарт күйші түңіліп жатқанда елеусіз екінші немересі Нәріктің атасы бір рет тартқан күйді ыңылдап отырғанын көріп онсыз да қымбат уақытты текке жібергенін сезеді. Енді дереу Нәрікке үйретеді. Біз де осы Тоқсаба шалдың кебін бастан кешкендейміз. Түсінгенге.
Не керек комсомолдың тойын тойлау қоғамды тағы қақ жарды. Ертеңгі күннен үміті барлар кешегіге емексігісі келмейтінін ашық байқатты. Бұл топ ел тұрғындарының жасы елуге жетпеген үлкен бөлігін құрайды. Сосын баспасөз бетінде, әлеуметтік желіде комсомол тойына қатысты аяусыз сын айтып отырғандар негізінен қазақ тілді екенін байқадық. Өткір пікірден хабарсыз депутаттар арандап қалғаны анық. Ойланатын мәселе. Олар үшін.
Ақыр аяғында мақаланың басына, тақырыбына оралайық. Бала кезімізде ауылда анамыз айран ұйтатын. Сондай тәтті, тіл үйіретін. Негізгі сусынымыз – сол. Күні бойы үйге айналып соғып, соны ішеміз. Егер айран шілденің ыстығында бірнеше күн тұрып қалса, божып кететін. Көбігі шыртылдап, ашыған иісі жер-көкті алып, бетіне шыбын қонып, ішуге жарамсыз болатын. Енді оны іркітке қосып қайнатпаса кәдеге жарамайтын. Комсомолдың 100 жылдығын мереке дегендердің ой-ниеті сол божығанды еске салады.

Қайнар Олжай

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір