• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 17:39:42
Алматы
+35°

28 Наурыз, 2019 Әдебиет

"Қайыстырып алма бірақ, ұлым-ау,  Қартайғанша мығым ұста беліңді"

Дәл осы бір тоқсан жаста көргенді,  Жүз жасымды үміттеніп күтпеймін.

Жалғыз ұлдан қызық көрем деп едім, 
Ыстық тамақ бұл күндері жемедім. 
Жаурап тоңып жатқанымда,ауырып, 
Маған келіп, "не болды, әке" демедің.

Қатыныңды менен артық санадың, 
Суық тамға мені әкеліп қамадың. 
Қатыныңа қымбат көйлек әперсең, 
Жыртығымды өзім тігіп, жамадым.

Жасым болса тоқсан бірге таяды, 
Маған енді кімдер құшақ жаяды. 
Ұлым - ау сен танымастай өзгердің, 
Қайда кетті қамқор ұлым баяғы.

Немеремді сүю арман болды ғой, 
Көңілімде шерде қайғы толды ғой. 
Жата жата жамбасымда ауырып, 
Кеудемдегі жүрек сорлы солды ғой.

Анаң байқұс өтті-ау саған жалтаңдап, 
Ал сен болсаң жүрсің қазір талтаңдап. 
Инабатты келін болар деп едім, 
Осы ма еді алғаның сенің жар таңдап.

Бұлай мені қинағанша, қарағым, 
Өзім-ақ мен қарттар үйіне барамын. 
Қажет десең егер ұлым сол жақта, 
Соңғы демім біткенінше қаламын.

Бұл өмірден озып кетсем, алайда, 
Құран оқып, бір қой сойғыз қалай да. 
Әр күн сайын бейітіме келмесең, 
Жыл өтсе де келіп жүрші, жарай ма?!

Кешіремін, кектенбеймін, сөкпеймін, 
Көз жасымды бекер енді төкпеймін. 
Дәл осы бір тоқсан жаста көргенді, 
Жүз жасымды үміттеніп күтпеймін

Бәрін айтып, не қыламын шерімді, 
Дайындай бер барар менің жерімді. 
Қайыстырып алма бірақ, ұлым-ау, 
Қартайғанша мығым ұста беліңді.

©Әскербек Оразбай

Ұсынған: Мақпал Сембай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір