• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 08:18:13
Алматы
+35°

15 Мамыр, 2019 Әлеумет

Қате дағдылар: сіз өміріңізді қалай қиындатып жүргеніңізді білесіз бе?

Күзетші немесе аула сыпырушы болып қызмет етіп, 60 мың теңге жалақымен бақытты күн кешіп жатқандар да бар.

Адам өмірі – кез-келген пенде үшін ең басты әрі өте құнды сый. Оны гүлдендіру мен қайғы-мұңға толтыру, қуанышқа кенелту мен жағымсыз көңіл күйге батыру әркімнің өз қолында. Егер жақсы өмір сүргіңіз келсе, өміріңіздің әр сәтінен ләззат алғыңыз келсе, онда біршама дүниелерді өзгертуіңізге тура келеді. Ол қандай дүниелер? Біз сізге бүгін осы жайында шама-шарқымызша кеңес бермекпіз. Ендеше, әрі қарай оқыңыз.

Сіздің әрбір күніңіз бір-біріне ұқсай ма? Уақытыңыздың зая кетіп жатқанын іштей сезесіз бе? Егер "иә" деп жауап бере алсаңыз, қазірден бастап өзіңізбен жұмыс жасағаныңыз жөн. Өйткені, сіз өмірді бір рет қана сүресіз. Ал қамшының сабындай қысқа уақытта сізге қайғы-мұңға, қиыншылықтан тарығуға уақыт болмауы тиіс. Барлығын жүрегіңізге жақын қабылдамай, ақылға сүйене отырып, шеше білгеніңіз абзал.

Мысалы, егер жұмысыңызда басшыңыз айлық есепті қазір талап етсе, не істейсіз? Емтихан уақыты келді. Бірақ студент тұрақты сабаққа қатысып жүрсе де, сұрақтардың жауабын таппай қалады. Не істемек керек? Бұлар – жастар арасында ең жиі кездесетін әрі тығырыққа тірейтін себептердің бірегейлері. Бұл қатарға көптеген мысалдарды тіркей беруге әбден болады.

Бүгінгі мақаламызда жастарды, жалпы адамдарды тығырыққа тіреп, қамығу жағдайына алып келетін бірнеше себептерді атап өткелі отырмыз.

Сіз біреуге ренжу арқылы өз өміріңіздің шырқын бұзасыз

Адам мен адамның ренжісуі, өкпеге бой алдыруы жиі кездесетін жайт. Сіз біреуге ренжу арқылы өзіңізге жағымсыз көңіл күй сыйлайсыз. Ал бұл көңіл күй сіздің жайдары жүруіңізге, қалаған ісіңізбен айналысып, одан ләззат алуға кедергі жасайды.

Сіз ешкімді кешіре алмайсыз және біреуге ренжі арқылы ол адамды өзіңізге қайтарамын деп ойлайсыз. Бұл – өте қате пікір. Ғұмырыңыздың белгілі бір уақытын ренішке жұмсау – ақымақтық. Әрине, кез-келген адамда көңіл қалу сынды жағдай кездеседі. Бірақ оны ашық сөйлесу арқылы жеңіп кеткен абзал.

Өзіңізге ұнамайтын жұмыспен айналысу

Кез-келген адам баласында өзінің жан дүниесі қалайтын қызметі болады. Ол адам сол іспен айналысу арқылы жан рахатын сезінеді және өмірден ләззат алады.

Қазіргі уақытта аптаның алты күнін өзіне ұнамайтын қызметке жұмсап, басшыдан ұрыс естіп әрі құлықсыз қызмет етіп, бір ай өмір сүретін жалақыға жұмыс жасайтындарды көптеп кезіктіруге болады.

Ең дұрысы – өзіңізге ұнайтын жұмыспен айналысыңыз. Сол уақытта сіздің еңбек өнімділігіңіз де жоғары болмақ.

Өзге пікірлермен санасу

"Әлемде қанша адам болса, сонша пікір бар" деген қағиданы естіген боларсыз. Өзгелердің пікірімен өмір сүретіндер үшін әр ісінен ләззат алу қиынға соғатыны анық.

Сіз "Бұл әрекетіме басқалар не дейді? Егер өзгелерге ұнамай қалса, қайтемін?" деген сұрақты қоясыз ба?

Бұл сұрақ адамдарды өз қалауындағы нәрсемен айналысудан шектейді. Сондықтан, осындай әдетіңіз болса, ертерек доғарғаныңыз жөн болмақ.

Денсаулық – бірінші байлық

Дені сау адамда өр рух болады. Сіз, әрине, таңертең ұйқыдан тұрғанда жасалатын жаттығуларды таптаурын әрекет деп ойлайсыз. Немесе бір мезгіл кешкілік жүгіруге ерінесіз.

Дегенмен, дене саулығы – жан саулығы. Сізді ауру меңдеген кезде ғана барлығын түсіне бастайсыз.

Дұрысы – спортшыға айналмасаңыз да, жеңіл жаттығуларды орындап, бір мезгіл жүгіріп тұру.

Шағым мен өкініш – қажетсіз дүниелер

Сіз күн сайын өзіңізге қатысты түрлі нәрселерге шағымданасыз. Сіздің шағым кітапшаңыз қазіргі уақытта 5 томдық кітап секілді көрінуі мүмкін. Өмір сүріңіз. Әр нәрсеге шағым жасағаннан, ештеңе өзгермейтінін түсініңіз.

Сонымен қатар, күн сайын өзіңізге есеп берер кезде күндіз айтқан сөздеріңізге, жасаған қылықтарыңызға, жасау қажет еді деген ойларыңызға өкініш білдіріп жатасыз. Есіңізде болсын, өткенге өкіну – уақыт жоғалтуға да тұрмайтын дүние. Өткеннен тек қана сабақ алыңыз.

Махаббатсыз ешқандай әрекетке бармаңыз

Қазақта "Жар таңдауда қателікке бой алдырмау қажет" деген сөз бар. Таңдаған жарың – сіздің отбасылық өміріңізге, алдағы барлық ғұмырыңызға әсер ететін жан. Сондықтан, бақытты отбасыны қаласаңыз, махаббатпен шаңырақ көтеруге ұмтылыңыз.

Салыстыру – ешқандай пайда әкелмейтін әрекет

Кез-келген адам өзін біреумен салыстырғанды жақсы көреді. Сондай-ақ, өзгелерден өзін төмен сезінсе, соған іші күйіп, өзін ешкімге қажетсіз әрі бәсекеге қабілетсіз, еңбекке қыры жоқ адам ретінде есептейді.

Есіңізде болсын, сіз – өзіңіз үшін ең қымбат адамсыз. Өзіңізбен жұмыс жасау арқылы әлгі салыстырған адамға оңай жетуге әбден болады.

Көлік жеткен жерге жылқымен де жетуге болатынын ұмытпағаныңыз абзал. Тек қана артық еңбек ету мен алға ұмтылыс толастамауы тиіс. Бұл – салыстырған адамға иық тірестірер жолдағы ең басты қағидалар.

Бақыт ақшада емес

Бақыт деген үлкен ұғымның құнын көк қағазбен өлшеу – әбестік. Материалдық жағдай жақсы өмір сүруге әсер еткенімен, барлығын шеше бермейді.

Ойлаңызшы, өмірде айына 6 миллион теңге тапса да, шаңырағынан бақыт иісі сезілмейтін адамдар бар. Ал күзетші немесе аула сыпырушы болып қызмет етіп, 60 мың теңге жалақымен бақытты күн кешіп жатқандар да бар.

Сіз үшін ақша ең басты құндылық болып есептелмеуін қадағалаңыз. Егер де әлі сондай пікірде болсаңыз, оны ертерек өзгерткен абзал. Бұл қате бағыт, қате пікір екенін ескеріңіз.

Алғыс айта білу – адамшылық белгісі

Сіз өзіңізге қол көмегін ұсынған адамдарға, қызметіңіздің сапалы болуына көмектескен адамдарға құдды барлығы солай болуы тиіс секілді алғыс айтпауыңыз мүмкін. Тіпті, Құдайға да өзіңізде бар нәрселер үшін, құндылықтарыңыз үшін алғыс, тәубе білдірмеуіңіз мүмкін.

"Рахмет!" деген сөзді айта білу – кішіпейілдіктің белгісі. Егер сіз адамдықтан алшақтамасаңыз, бойыңызда кішіпейілдік сақталып қалады.

Ал адам болып, қоршаған ортаның жылуын сезініп өмір сүре білу – нағыз өмір сүрудің көрінісі. Ешқандай адам мәңгілік емес. Замандас болып, күн кешіп жатқаннан кейін қайырымды, мейірімді болған абзал. Өр көкіректік сынды мінез, дағдыларды шетке ысырып тастау қажет.

Өтірік өрге баспайды

Өтірік айту – көп адамның бойында кездесетін әрі өте нашар қасиет. Өтірік сөз арқылы, жалған іс арқылы елдер мен қалаларды құрдымға жіберуге немесе керісінше құруға болады. Өтіріктің құдіреті өте жоғары.

Жақсы іс үшін, дұрыс бағыттағы қажеттілік үшін өтірік айту деген ұғым бар. Бұл өтірікті көпшілігі ақтап, өз ісін сол арнаға сыйғызуға ұмтылады. Дегенмен, өтіріктің аты – өтірік.

Өтірік айту арқылы адамдардың сізге деген ыстық ықыласын, махаббатын, оң көзқарасын құртуыңыз мүмкін.

Лажы келсе, өтіріктен бойды аулақ салып, шынайы өмір сүруге тырысқан абзал. Өмір – өтірік айтатын орын емес, шынайылықпен таза жүретін орын.

Уайым – берекеңді қашыратын әдет

Әрине, адам болған соң, миың әдеттегідей жарамды қызмет етіп тұрған соң, ойға, уайымға бой алдырмау әсте мүмкін емес. Дегенмен, боларды да, болмасты да уайымдай беру – түкке тұрғысыз әрі пайдасы жоқ әрекет.

Уайм-қайғыға бой алдыру арқылы сіз өз психологияңызды ластап, өмірге деген құштарлығыңызды жоғалтасыз. Адамдардың барлығында прагматистік көзқарас, дұрыс қадамға деген батыл ұмтылыс болуы қажет.

"Кім тәуекел етпейді, сол мақсатына жетпейді" деген сөз бар. Сондықтан, өткенді де, келерді де шамадан тыс ойлап, сары уайымға бой алдырғаннан ештеңе өнбейді.

Бақытты ғұмыр кешу үшін қажетсіз әдеттерден қазірден бастап арылғаныңыз жөн.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір