• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 18:17:29
Алматы
+35°

11 Ақпан, 2018 Саясат

Қастандықпен атылған Алтынбек Сәрсенбайұлын жақындары қабірі басында еске алды

Алтынбек Сәрсенбайұлын Алматыдағы Кеңсай қабірстанында жақындары, шәкірттері еске алды

Бүгін Мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлын Алматыдағы Кеңсай қабірстанында жақындары, шәкірттері еске алды, деп жазады Qamshy.kz тілшісі.

Қабір басына құран бағыштауға оның қызметтес достары, саясаткерлер Төлеген Жүкеев, Ораз Жандосов, Әміржан Қосанов және туыстары, журналистер келді. Құраннан кейін қонақасында ыстық естеліктер, жылы тілектер айтылды.Алтынбек Сәрсенбайұлы қабірі

Алтынбек Сәрсенбайұлы қабірі

Алтынбек Сәрсенбайұлы қабірі

Осыдан 12 жыл бұрын оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы арнайы ұйымдастырылған қастандықтың құрбаны болған еді. Онымен бірге көмекшілері Бауыржан Байбосын және Василий Журавлев те атылды.

Бас прокуратураның мәлімдемесіне сәйкес кезінде Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіру жөніндегі тапсырысты орындағаны үшін айыпты деп танылған Рустам Ибрагимбеков 2012 жылғы сәуірде Қазақстанның Жоғарғы сотына қайта арыз жазып, «қастандыққа тапсырыс берушінің шын есімін» жария еткен.

2013 жылы желтоқсанның 20-сы күні Қазақстан бас прокуратурасының өкілі Астанада арнайы брифинг өткізіп, «Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс беруші Ержан Өтембаев емес, Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев» деген мәлімдеме жасады. Ержан Өтембаев 2006-шы жылы саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берді деген айыппен 20 жылға сотталған болатын, кейіннен оның жазасы екі рет жеңілдетіліп, босап шықты. Қылмысқа айыпты деп танылған, ҰКҚ экс басшылары, сырттай сотталған Рахат Әлиев 2015 жылы 24 ақпан күні Австрия түрмесінде жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Өлімінің себебі ретінде өзіне қол жұмсағаны айтылды; Әлнұр Мұсаев болса Еуропада бостандықта жүр.

Алтынбек Сәрсенбайұлы – 1993-інші жылдан бастап Қазақстанның баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі, ақпарат және қоғамдық келісім министрі, мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі, 2001-інші жылдан Ұлттық қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі сынды лауазымды мемлекеттік қызметтерді атқарды. Ал 2003 жылдың күзінен бастап Алтынбек Сәрсенбайұлы Қазақстан оппозициясының қатарына қосылып, «Ақ жол» демократиялық партиясының тең төрағасы болып сайланды. 2004 жылы Қазақстанда парламент сайлауы өтер алдында Алтынбек Сәрсенбайұлы аз ғана мерзімге ақпарат министрі қызметіне қайта оралды. Алайда, сол жылы күзде өткен парламент сайлауы заң талаптарын өрескел бұрмалаушылықпен өткізілгенін мәлімдеп, оған наразылық ретінде министр қызметінен кетті. 2005 жылдан оппозициялық «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы және «Әділетті Қазақстан үшін» республикалық қозғалысының төралқа мүшесі болды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір