• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 19:07:32
Алматы
+35°

16 Наурыз, 2019 Айтты-ей, бауырың!

Қарғыс алған қазақ

Көгеріп көктегенді былай қойып құрдымға бет алғанымыз анық.

Бала кезімізден үлкендердің "біреудің ала жібін аттамаңдар" дегенін естіп өстік. Ала жіптің не екенін ұқпасақ та айтқандарын орындауға тырысатынбыз. Сол ала жіптің не екенін енді-енді түсіне бастағандаймыз. Әйтпесе соны түсіндіріп берген адам жоқ. Сенің құқығың басқа адамның құқығы басталған жерде аяқталады деген қағида бар. Осы қағида бойынша біреудің құқығы басталған жердегі көзге көрінбейтін сызық аталарымыз бен әжелеріміз айтатын ала жібі болса керек. 

Не деген тәлімі терең кемеңгерлер еді десеңші!!! 

Хош. Біліп-білмей біреудің сол ала жібін аттадың делік. Сонда не болады дейсің ғой?! Міндетті түрде тергелесің. Байқамай аттаған болсаң келесі жолы аттамастай сабақ аласың. Неше түрлі ғибратты һәм қорқынышты уақиғалар естисің, көңіліңе түйесің. Ал енді біле тұра аттағаның анықталса онда құрығаның. Әшейінде бәрінен арашашы болатын әже деген қорғаушың да ондайда жазалаушы боп шыға келетін. Ең алдымен тәнің таяқ жейтін, кейін руxани әртүрлі "қысымға" тап болатынсың. Жазалаулар апталап созылатын. Және жазалау да алуан түрлі болатын. Сол жазалаулардан кейін реабилитациялық кезеңдерден өтесің. Ол жамандық пен жақсылықтың қайтарымы, обал мен сауаптың түсінігі, бата мен қарғыстың, адал мен арамның ара жігін ажырату әрі толық түйсіндің деген кішігірім емтиxаннан өту кезеңі еді. Қайран біздің ғибратқа толы, ақсақалдарға толы балалығымыз-ай десеңші. Қазіргі жастар мен балаларға жаным ашиды. Қарияның бір өнегесін естімей өтіп кетті ау көбісі. Ата дейтін ата жоқ, бата дейтін бата жоқ кер заман, әйтеуір.

Осыны ойлай-ойлай мынандай тұжырымға келдім. Қазақта "баталы құл арымас, батасыз құл жарымас" немесе "жауынмен жер көгерер батамен ер көгерер" деген сыңайлы мақал көп. Осыны түсіндіріп берер адам азайғандықтан ба білмеймін, әйтеуір қазақтың көгеріп көктейтін түрі көрінбейді. Көгеріп көктегенді былай қойып құрдымға бет алғанымыз анық.

Дәлел керек болса жазайын бірнешеуін. Кез-келген қарапайым қазақтың кішігірім болса да несиесі бар. Яғни берешек. Қазақстандағы әр отбасы жемқорлықтың сазайын тартып отыр. Яғни айдың күннің аманында желініп отыр. 
Әр қазақтың жоқ дегенде ең жақын деген біреуі жол-көлік апатының зардабын көрген. Дәл бір соғыс зардабы ма дерсің. 

Әр қазақтың жақын бір туысы немесе өзі ауру. 
Қазақтың бірталайы баспанасыз.
Қазақтың бірталайы жұмыссыз.
Қазақтың ана тілінің түрі мынау. 
Елге қорғаны болады деген билігіңнің түрі анау.
Солардан "таяқ" жеп әділет органдарына барып әділетсіздікті көріп, құқық-қорғау органдарына барып құқығыңды таптатып, жүйке жүйең сыр беріп, емxанадан түңіліп өз-өзіңе келе алмай жатасың тырайып. Соңғы инстанцияң деген дініңнің түрі тіпті сықпытсыз. 
Қазақ құдды бір қарғыс алғандай. 
Қарғыс алғандай деп неменеге жұмсартам. Ақиқатында күнде қарғыс алатынымыз өтірік емес. 

Шариғатта кері қайтарылмайтын, яғни міндетті түрде қабыл болатын дұға түрлері бар. Олар: 
1) ата-анасының баласына жасаған дұғасы.
2) жапа шегушінің нала дұғасы. 

Біз осы екеусін ғана талдап көрейік.
Құдайдың құтты күні балаларын қарғаған ата-аналарды көрем. Олар бұрын "тұқымың құрғыр", "жетпегір", "желкең қиылғыр", "мола", "есек", "жетесіз" деп өрілуші еді қазір жаңа форматта, қос тілде айтылатын бопты. Құдай сақтап үлкендер жағы ағылшынға бойлай алмай жүр. Әйтпегенде үш тілде өз ұрпағын өзі боқтар еді. 

Енді екіншісіне келейік. Бұл ауқымдылау енді. Қазақтың бәрі жапа шегуші екенін басында айттық. Ал жапа шегушінің дұғасы, яғни қарғысы қабыл болатын санатта екенін білесіздер. Енді сәл ойланып көріңіздерші. 
Нәтижесі тым қорқынышты. Бір-бірін қарғысқа көму үдеп-ақ тұр екен. Көлігін дұрыс қоймай, біреуді қамап кеткен қарғыс алды ма? Алды!

Қоқысын паркингке немесе бір бұрышқа тастай салып, қарғыс алды ма? Алды! Жол мәдениетін сақтамай, біреудің жолын қиып кетіп қарғыс арқалап кете барды ма? Кете барды. Лифттің ішіне қақырып түкіріп, ішін ластап, керегесіне жаман сөз жазып, кнопкаларын өртеп, сағыз жапсырып жүріп лифт тазалаушының, және кіріп шыққан мыңдаған жұрттың қарғысын алды ма? Алды! Ал қарғыс текке кетпейді. "Жүйелі қарғыс киесін табады, жүйесізі иесін табады" деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Ұзағынан толғануға болар еді, бірақ ұғар жанға осы да жетер.

P.S: Бүгін автобуста тұрғанымда тексеруші кіріп келіп еді менімен қатар келе жатқан үш-төрт адам тексерушіні көріп жеделдете шығып кетті. Ал бұл ұрлық. Кісі ақысы мен жол ақысы текке кетпейді. Жаңағылар сонда осыны да білмей болмашы тиын үшін зор ауырпалықтар мен келешекте келер кеселдерді арқалап түсіп қалды. Және олардың ұры билікке ренжуге хақылары жоқ. 
"Қандай болсаңдар солай басқарыласыңдар" деген бар. Тәмәм!

Нартай Сауданбекұлының фейсбук парақшасынан алынған

Ұсынған: Әсел Болатқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір