• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 12:29:43
Алматы
+35°

03 Желтоқсан, 2016 NEWS

ҚАРАЖОРҒАНЫҢ МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ НЕМЕСЕ ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫНА ЖАУАП

Қаражорғаны 70 жыл билеп, дәріптеп жүрген Арыстан қажы және Қаражорға әнін айтып жүрген Мұратбек Сарбасов

Қаражорғаны 70 жыл билеп, дәріптеп жүрген Арыстан қажы және Қаражорға әнін айтып жүрген Мұратбек Сарбасов

Мереке күні асықпай тұрып Facebook деген «өсекшіні» ақтарып отырып «тойдағы мына би топты жарды» деген видеоны көріп тамаша көңіл күйден айырылып қалдым, еркекті төстеп билеген бір шашты сайтан бұраң-бұраң етеді, жай ғана болса жөн дер едім...  «шіркін, қазақты аздырған осы билер туралы жетесіне  жеткізіп отырып жазған бір мақала болса ғой» - деп қиялдап отырып көзім Baq.kz порталында жарияланған Қазақтың халық биі Қаражорға туралы  Әмина Құрманғалиқызы дейтін апамның  «Қаражорғаны қазақтікі ету – қазақты жарылқау емес, қазақты кемсіту» деген «тамаша» мақаласына көзім түсті.

Оқығаныма өкіндім, Қаражорғаны билегендер қазақты мазақтап жүр депті, құдай–ау! Қаражорғадан не көрдік? сонда қазақтың биі не? Осындай төсін ашып, қатыны еркегіне үйкеніп, екі иығын жұлып жеген, жер теуіп жанын жеген би біздікі ме? Қос етек көйлек киіп, етек жеңін қымтап билеген би қазаққа қандай азғындық әкеліпті? Атының басы бітіп жорғасы қалғандай қара жорғадан өзге қазаққа қайғы қалмап па не? Монғолдың биі депті. Құдай-ау, Қытайдағы қазақтар дүниеге «Қазақтың қаражорғасы» деп он мың адам билегенде қайсы монғол біздікі деп еді? Қытайдағы Санжы обылысының Құтыби ауданындағы тасқа салынған суреттерді зерттеуші ғалым Су би Хай неше мың жыл бұрынғы қазақ биі деп тұжырым жасағанда қайсы монғол таласыпты? Мүлдем болмысына  келмесе де бірнеше жыл бұрын Қазақтың көкпарына көк есек мінген көкем таласып еді. Қырғыздар да қаражорғаға қызыққаннан еш негізсіз өздеріне алғысы келген жоқ па? Ал, біз ше? Әлем халқы қазақтың қара жорғасы деп мойындаған биден бас тартып «Менікі» демеген монғолға итеріп отырмыз. Кейде Құдай сүйер қылығымыз да жоқ ...

Жазғыш апам қазір айтылып жүрген Қаражорғаның тексі туралы да «Таза ғылыми» пікірлер айтыпты, қазақта «Тұнық тер» деген сөз болмайды депті, қазақта «Сын айтсаң шын айт» деген сөз бар. Қаржорғаның қазір айтылып жүрген ән сөзі тарихтан келген нұсқасы  емес, бұл соңғы жылдары Мерей Тұрдақынұлы мен Ержанат Байқабайұлының заманауи үлгіде жазған мәтіні. Бұл ҚАРАЖОРҒА... Атбегіліктен бөле қарауға болмайды. Бәйгеге түсетін тұлпар мен жорғаның терін алу деген үлкен өнер. «Ащы тері алынбаған ат сорлы» деген бұрынғы атбегілер аттың терін он неше түрге бөлген, олар: Арам тер, ащы тер, ботпақ тер(лай тер), көбік тер, қара тер, май тер, моншақ тер, мөлдір тер, су тер, сүйек тер, тұнық тер  т.б . Ботпақ тер деп 10-15 шақырымдық қаражарысқа  түскен тұлпардың талай уақыттан бергі шаң-топырақтың термен шайылып лай болып ағатын терді атайды, осы ботпақ тері алынған жылқы жүні тазарып, жылтырайды, содан барып атбегілер ат тарақпен жал-құйрығын сүзіп тарап қояды, бұл аламанға түсетін тұлпарды бірінші кезекте сергітіп алуға керекті басқыш. Ащы терін аламыз деп аламанға баратын тұлпарды ылдиға да, өрге де салып, әбден терлегенде терін тілімен татып көріп ащы терінің алынған алынбағанын біледі, тердің дәмі қышқыл келеді. Ал, тұнық тер деген бұған қарама-қарсы, үнемі бәйгеге түскен жүйріктен тұнық, су тер шығады, бұны тұнық тер немесе мөлдір тер деп атайды. «Бәйгеге қосар атыңның, ерін алма терін ал. Күреске түсер батырдың көңілін жайла, шерін ал» деген қазақ мақалы да бар. Ащы тері алынбаған жылқыдан тұнық тер шықпайды. Осыдан кейін ойлап көріңізші, «Биле-биле жігіттер, жанып тұрған үміттер, Шыққанынша тоқтама маңдайыңнан тұнық тер» дегеннің несі қате? Қазақ поэзиясына Қаражорғадан бұрын да, кейін де «Тұнық тер» деген тіркес кездесіп келеді, жазушылар одағы деген ұлы орданың қабырғасында жүрген апамның осы сөзге соншама таң қалғанына әлі таң қалып отырмын.

Есей Жеңісұлының «ұмтылдық желікпен,

Маңдайдан шығармай тұнық тер.

Ұсақтап барамыз неліктен?

Ұсақтап барамыз, жігіттер...» деген бір шумақ өлеңі ойыма оралады. Алты алаштан өз оқырманын тапқан ақын тектен-тек қолданған емес-ау бұл тіркесті.

«Би қимылдары қазаққа келмейді. Монғолдың, қалмақтың якуттың билеріне келеді. Қытайда әлі күнге дейін солаң, дағұр деп аталатын аз санды ұлт бар. Арғы тектері қалмақ әлде монғол, солардың “буын биі”деп аталатын биі бар, қаражорға сол бидің көшірмесі» - депті мақалада. Бірақ, еш қандай ғылыми негіз келтірілмеген. Қытайдағы қазақ мәдениетін танушы профессор Су Би Хайдың еңбегінде қазақ даласы саналатын Шағантоғай ауданындағы Бардақұл және Құтыби ауданындағы Қызыл қысаң деген жерінен табылған қауымдық қоғамдағы адамзаттың қимылы бейнеленген екі жартас суреті ел ішінде көп кездеспеуі былай тұрсын, тіпті әлемде сирек кезігеді, ол төтенше маңызды ғылыми құнға ие деген еді. Әрине, оның табылуы тұтас қауымдық қоғам тарихын зерттеуде орасан зор роль атқаратыны анық!

Қытайдағы Шыңжаң өлкесіндегі Құтыби ауданындағы Қызыл қысаң жартас суретінде кесек денелі әйелдің билеп тұрған суреті мен қисайып жатқан ердің суретін көруге болады. Осы суреттерден басына оңға және солға қисайта тағылған екі тал үкісі бар тақия киіп тұрған, сопақ бетті, қою қасты, бота көзді, қыр мұрынды, оймақ ауызды, алма мойынды, кең кеуделі, қынай белді, сом білекті, бота тірсекті екенін байқауға болады. Бұл – олардың дене бітіміндегі ерекшелігі. Демек, суреттен әйел затының сұлу сымбаты айқын білініп тұр. Олардың аяқтарын сәл иіп, оң қолдарын жайып, білектерін жоғары көтеріп, саусақтарын жазып, сол қолдарын жайып, білектерін төмен түсіріп, саусақтарын жазып, бұрала биге басқан көрінісі көрінеді. Міне, бұл қазақтың Қаражорғасының тарихи сипаты. Алтай, Тянь-Шань тауынан батыста Каспий, Қаратеңіз жағалауына дейінгі кең байтақ қазақ даласы бірнеше мың жылдан бері көшпенді ұлттардың өсіп өнген өңірі саналады. Осы ұлан – қайыр кең далада ілгерінді-кейінді, негізінен, қазақтың арғы тегі саналатын сақтар, үйсіндер, қаңлылар, ғұндар мекен еткен. Бұл өңірлердегі табылған жартас суреттері тек бұл ғана емес, зерттелмей жатқандары қаншама? Олар болашақтың еншісінде болар, Алайда, Қызыл қысаң жартас суреті арғы тегімізден бері мың бұралған әсем би бар болғандығының анық дәлелі бола алады. [Қазақ мәдениетінің тарихы, Су Би Хай, Шыңжаң халық баспасы,2005 ж]

Шыңжаң, Құтыбидағы қызыл қысаң жартас суреті

Ары қарай баяғы шайнап-шайнап дәмі кеткен қазыдай қылып оралман мәселесі жөнінде айтыпсыз, иә, түсінікті ғой... десе де қайсы қазақтың болса да қасіретін салыстыруға келмейді. Шетке кеткен Қазақ өз елі пана болмай кеткенде өзге елден не тапты дейсіз? Ақтабанда орыстың құлдығына көнбейміз деп алтын басын имей кеткен қасқалар  солар еді ғой?! Жөн дейін, ауыры бұл емес, ең сорақысы мынау, Қаражорға билеген қазақтың бәрінің тегін қалмаққа меншіктеп беріпсіз. Бұл сөзден кейін шеттегі қанша қазақтың жүрегі қан жұтты екен кім білсін?! Бір ауыз сөзіңіз үшін бір рулы ел ойланып қалған болар. Бұндай ұсақ әңгімені айтудағы астыртын мақсат біреу-ақ. Ұясын қорыған қызғыштай шыжақтап тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін тарыдай шашыраған қазақтың басын қоспақшы болған елбасының салалы саясатына, қазақ көшіне оралғы болу. Алты алашты үш жүзге, екі тапқа бөлу жақсылық әкелмейді, Дулат Исабеков атамыздың сөзімен айтсақ «Жер бетінде Қытай қазағы, Иран қазағы, Монғол қазағы деген қазақ жоқ, әлемде тек бір ғана қазақ бар».

Қысқасы. Қаражорға туралы сынықтан сылтау тауып қайдағы  пікір айтып жүргеннің бәрі қазақи тірліктің біреуін де көрмеген, қазақылықтан ауылы алшақ қонған тағдыры аянышты жандар. Әйтпесе, ауыздықтап асау мініп, сауырлатып қамшы басқан, ат құлағында ойнап, ат бауырында өнер көрсеткен қазақтың мың бұралған биінен мың жылдық тұрмысын көріп алу қиын да емес еді.

 

Нұрбол Мұратбекұлы

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір