• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 02:03:20
+35°

09 Қаңтар, 2019 NEWS

“Қарағандыдағы қанды оқиғаға байланысты іске нүкте қойылды"

Бұл жайлы ендігі біздің де шуылдай беретін жөніміз жоқ

Қарағандыда адам өлімімен аяқталған жаппай төбелеске қатысты Айсұлтан Жақыпов әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, "іске нүкте қойылды дей беруге болады" - дейді.

"Бүгін жыл басталғаннан бері қолымызға семсер алмасақ та, смартфонымызды алып «батырлық» танытқан, ат ерттемесек те, диванымызды қамшылатқан, дүйім елді дүр сілкіндірген, қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызған қаралы оқиғаға, яғни «Древний Рим» мейрамханасындағы төбелесте қаза болған Рақымжан бауырымыз жайлы мәселеге нүкте қойылды деп айта беруге әбден болады.
Бүгін Жексен Әбдірахманов ағамыз бастаған қоғам белсенділерімен армян этносының ақсақалдары кездесті. Бұл кездесуде істі болып жатқан тараптың, яғни мейрамхана иесінің әкесі де (екі күдіктінің атасы) болды. Екінші тарапта марқұм бауырымыздың әкесі Бақытжан болды. Билік өкілдерінсіз, екі тараптың үлкендері, белсенділер бір сағаттай отырып, ортақ мәмілеге келдік. Армян ақсақалдары да алдымен қайғылы қазаға байланысты өздерінің көңілін білдіріп, суыт хабарды естігеннен бастап-ақ бірге екендігін айтты. Болған жайдың өзекті өртейтін өкініш, орны толмас қайғы екендігін көңіл айтушы тарап сөз арасында бірнеше мәрте тілге тиек етті. Шекара асып кеткен басты күдікті Наректі ұстауға бар күштерін салған, оның тізгінделуіне ықпал еткен тарап нақ осы армяндар жағы. Біз де өз кезегімізде баз біреулер айтып жүргендей ұлтаралық араздық қоздыру, немесе басқа да ақылға сыймайтын әңгімелердің мүлдем орынсыз екендігін айттық. «Жаман ұлт болмайтындығын, жаман адам болатындығын» түсінетінімізді жеткіздік.

Сөздің қысқасы, кінәлілер жазадан қашып құтылмайды және оның қатаң болатындығына бек сенімдіміз. Себебі, бұған құзырлы органдар кепіл болатындығын айтқаны естеріңізде. Ал, енді екі тараптың арасындағы барлық мәселелердің өз шешімін тапқанына куә болдым. Бақытжан ағамыз «Мен өлген баламды саудаға салмаймын. Бастысы ел тыныш болып, бассыздық орын алмасын» деп, бұл мәселеге нүктесін қойды.

Бұл жайлы ендігі біздің де шуылдай беретін жөніміз жоқ. Іс қатаң бақылауда, кінәлілер тиісті жазасын алады. Осымен сөз тамам", - дейді Айсұлтан Жақыпов.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір