• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 17:07:58
Алматы
+35°

09 Қараша, 2018 Әдебиет

"Қара тағдыр қазақ пен жезкиікті, тар қапасқа әкеліп қамадың-ау!"

"Қазағымның өткені бүгін болып, бүгінгісі болар ма ертең енді?.."

"2015 жылы жазылған жүрекжарды дастанымды араға үш жыл салып Қамшыға беруімнің себебі  – былтыр қазақ жеріне Ресейдің кезекті «Протоны» құлап, соның салдарынан 150 000 бас жезкиік гептилден уланып қырылып қалды. Бұл алапатты қанша бүркемелегенмен, анығы – жезкиіктер гептилден жаппай қырылды. Жер жүзінде небәрі 300 000 бас қана жезкиік мекендейді екен, ал оның 90 пайызы осы өзіміздің, қазақтың жерінде өніп-өсіп, жайылады. Осы өлеңді ағылшын және басқа тілдерге аударса, алғыстан басқа айтарым болмас еді. Арманым – қазақтың абзал азаматтары  арқылы осынау кең байтақ қазақ даласының қасіретін жүрегінде титтей де болса мейірімі бар бар әлем тұрғындарының естіп-сезінуі. Мүмкін қазақ жерінде тірі қалған жезкиіктерді аман алып қалармыз, қазағымен бірге?.." деп алғысөз жазыпты автор Қуаныш Мұқтай.

Қамшы редакциясы "Жезкиік" деп аталатын поэма атауын сайт оқырмандары елең ететіндей мақсатта өзгертуді жөн санады.

 

 

 Жезкиік

Даласы қорған болмай қайран елік,

Тығылды жан сауғалап, тауға келіп.

Мекенін тастап тауды тұрақ қылған,

Мамықтай көрпе орнына шөп төселіп.

 

Құзар тау, қайың, терек,

Ну қарағай,

Шыңдары шытынайды жарылардай.

Сыңсыйды қапастағы сорлы бұлақ,

Елікке мұңын шағып ақтарғандай.

 

Перілер мекендеген боз жотаны,

Ерттеп ап, дүлей дауыл боздатады.

Сайтандар ойнақ салып сай-салада,

Үрейін қорқыныштың қоздатады.

 

Шыққандай көк елестер көр ішінен,

Жарылар жүрек қабы түр-түсінен.

Жан-жақтан албастылар анталаған,

Қоймады жезкиікті үрікпесінен.

 

Құздарда билеп пері, той тойлады,

Төрінде кілем төсеп жын аунады.

Мөлдіреп, жанарында жасын бұғып,

Жезкиік жаны қалмай жан сұрады...

 

Жапалақ жардан құлап ор қоянға,

Бас салды ұмар-жұмар,

Бояп қанға.

Шаңқылдап, сақ-сақ күліп, шибөрілер,

Құтырды, олар-дағы, тиіп жынға.

 

Тау-пері міңгірлейді тарлан үкі,

Ұлыйды құз-жартастан көкжал әкі.

Таң ата ию-қию орман іші,

Жезкиік дірілдейді қалмай дәті.

 

Тау іші ыңырсыған сиқырлы үнмен,

Қорқыныш тарқамады түнмен енген.

Малынды көкжиек те алтын түске,

Жұлдыздар бозарғанда шоғы сөнген.

 

Тау суы гүрілдейді асып-тасып,

Ақ маржан таңғы шықтар сәуле шашып.

Түнімен асыр салған жын-перілер,

Таң ата шыңырауға кетті қашып.

 

Ойнақшып күн де шықты құлақтанып,

Тырмысып тас төбеге тұрақтанып.

Сайрады бұлбұл құстар әсем әнмен,

Табиғат та мәз-мәйрам, тұр шаттанып.

 

Талма түс.

Тастөбеде күн ағарып,

Кеткендей тау да ағарып,

Жер де ағарып.

Дүние енді түске,

Аппақ түске

Жезкиік кетті шауып, шаң шығарып.

 

Таудағы қорқынышты қаласын ба?

Жезкиік ұшып барад даласына.

Арманы жету болды өлсе-дағы,

Кең байтақ қазағының даласына...

 

* * *

 

Кетіп бара жатты сәл,

Ноқат қара,

Даласына қазақтың жеке дара.

Өліп-өшіп өкпесі жетті ақыры,

Жезкиігі даланың мынаң қара!

 

Артында қорқынышты таулар қалып,

Тәжім етпек жазыққа құлай барып.

Қыран құс қалықтайды төбесінде,

Киігін күзеткендей шыр айналып.

 

Қос томардың қияқ шөп арасында,

Балапандар шиқылдап ұясында.

Аралар жүр гүл теріп, нәрін сорып,

Арқаның сары алтындай даласында.

 

Жидектен көз тұнады сай-салада,

Жұмақ десең, жұмақ бар айдалада.

Аспан асты шат күлкі,

Шаттанады

Жалаң аяқ жүгірген жас бала да.

 

Шіркін-ай!

Қазақ жері ғажап қандай!

Табиғат жан-жағыңнан наз артқандай.

Ағады сыңғыр-сыңғыр бұлақ суы,

Шалғыны түгін тартсаң май аққандай!

 

Киік тұр, «көрдім бе?» – деп, «көрмедім бе?!

Туған жерім – далама келгенім бе?

Мынау далам тұрғанда тауға барып,

Қорқыныштан соншама өлгенім не?»

 

Ей, киігім!

Даласыз тұра алмайсың!

Қазақпен бірге біткен мұрадайсың!

Естисің бе есі жоқ, ей, жезкиік?

Қазақтың даласынсыз жүре алмайсың!

 

Мекенің бар –

Елің бар,

Тұрақ қылған,

Бұл далада ертеде Сақтар тұрған!

Анталап, талмай шапқан жауларынан,

Тәңірі қазағына болған қорған!

 

Бұл дала не көрмеді,

Не көрмеді?!

Төсіне найза қадап жау өрледі.

Түсірген төбесінен жасын оғын,

Сынақтан кең далаға өрт төрледі...

 

Далаға ақыр заман орнағандай,

Қара күйік, ештеңе қалмағандай.

Жым-жылас, жердің беті әйнектеніп,

Айдаһар бар ғаламды жалмағандай.

 

Төңкеріліп, түсті аспан, жерге құлап,

Шұңқырда тозақ оты тұр алаулап.

Айнала сайтан құйын көкпар тартып,

Қазақ жері, қызыл шоқ, тұр жалаулап...

 

Балқыды жердің беті қорғасындай,

Атомның бомбасынан ат басындай.

Шарпыған от жалыны бет қаратпай,

Сәулесі жарқылдайды көк жасындай.

 

Жаны –

Өрт,

Басы –

Күйік қазақ жатты,

Орыстар тыңдамады ешбір датты...

Қылғанда астан-кестен Абай жерін,

Талқандап төбесінен тас уатты.

 

Шыжғырып қазақ жерін тай қазанда,

Тағдырын тозақ етті –

Сол жазаң да!

Не көрмеді киелі туған жерім,

Қасіреті мойнымда,

Сол – азам да!

 

Тартқызып жан азабын тағы міне,

«Протондар» құлайды ен жеріме.

Себелеп гептил уын төбемізден,

Төнді қатер төтеден тағы еліме!

 

Әлемет боп бар жатқан заман мынау!

Өлепат боп тағдырым тағы тұр-ау...

Қара тағдыр қазақ пен жезкиікті,

Тар қапасқа әкеліп қамадың-ау!

 

Сыңсыйды қапастағы қайран бұлақ,

Жылайды жезкиігім болмай тұрақ.

Қаламыз ба біз осы жер бетінде?!

Ақын жанын жеп барад осы сұрақ...

 

О, Көкшем!

Сұлу Көкшем,

Басыңда бұлт,

Отыр ғой етегіңде ақын ұлып!

Аяймын жезкиікті,

Ұлт тағдырын,

Көрсетпей жылап алам, жасырынып.

 

Ғашық едім,

Даламның келбетіне,

Сұлулық болса екен деп жер бетінде.

Аспанның астындағы алып таулар,

Тұрғандай жоқтау айтып тербетіле...

 

Даламда түк қалмапты қыбырлаған,

Самал да тыйылыпты сыбырлаған.

Жаңғыртып ен даланы аттан салып,

Ақынның үні шықты шырылдаған.

 

Ықты аң орыстардың гептилінен,

Шошынып қара дауыл түнегінен.

Не тауда, не даламда пана таппай,

Безді киік, жанынан, тұл өмірден...

 

Қазақты құтқаратын түнегінен,

Қазақтың өзі ғана, білемін мен.

Несібеміз бұйырса тағдыр жазып,

Сыбағамыз бар шығар бұл өмірден?

 

Несібеміз –

Жер беті,

Асты оның,

Тонауға түстің қазақ болмай жолың.

Заманның қате кеткен қиястығын,

Түзету керек боп тұр оң мен солын.

 

Болар-болмас қыбырлап ен далада,

Қарғыс айтып жезкиік ит налаға –

Нүктедей қозғалады сылтып басып,

Қалайда аман қалу, сол санада...

 

Тұншығып, демін алу былай қалып,

Тізе бүкпек ажалға құлай барып.

Өлекшін бірдеңені күткендейін,

Төнеді төбесінен шыр айналып.

 

Ойлағанда өзегім өртенеді,

Ойлағаным –

Қазақтың ертеңі еді.

Қазағымның өткені бүгін болып,

Бүгінгісі болар ма ертең енді?..

 

Қыздарым болса деп ем –

Қызғалдағым,

Ұлдарым болса екен деп –

Жанған жалын!

Ей, Тәңірім!

Бер маған тілеуімді,

Содан кейін ала бер, міне –

Жаным!

 

Қуаныш Мұқтай

ақын, қоғам қайраткері

08.06.2015 жыл

 

 

 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір