• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 05:29:27
Алматы
+35°

25 Маусым, 2018 Денсаулық

Қант диабеті мен сарыауру әлі де тегін емделеді

Қазіргі таңда Қазақстанда 13 топтағы ауру әлеуметтік науқастар тізіміне енгізілген.

Қант диабеті мен сарыауру алдағы уақытта да тегін емделеді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ баспасөз қызметі мәлімдеді.

Хабарламаға сүйенсек, қазіргі таңда Медициналық сақтандыру қоры мен Денсаулық сақтау министрлігі мемлекет басшысының биылғы жолдаудағы тапсырмасы негізінде кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетін оңтайландырып жатыр. Денсаулық сақтау саласы  мамандары оңтайландыру шеңберінде бірқатар созылмалы ауруларды диспансерлік есептен динамикалық бақылауға ауыстыруды көздеп отыр.  

 

Динамикалық бақылау жайлы

Бақылаудың бұл түрі пациенттердің тікелей қатысуымен жүргізіледі. Яғни, пациент емхана дәрігерімен бірлесіп, өз денсаулығын күн сайын бақылап отыруы тиіс. Мұндай менеджменттің жақсы нәтиже берері анық. Өйткені, ол тиімділігі төмен диспансерлеу жүйесіне қарағанда аурудың асқыну, мүгедектіктің көбею қаупін төмендетеді. Мамандар болжамынша,  аурудың алдын алуға, дер кезінде диагностика жасау мен емдеуге ден қойғаннан кейін одан болатын өлім-жітім көрсеткіші 25 пайызға қысқаруы тиіс. Былайша айтқанда, пациент белгілі бір өмір салтын ұстанып, дәрігер жазып берген дәрі-дәрмектерді уақтылы қабылдап, денсаулық жағдайын бақылап жүруі тиіс. Мысалы, қан қысымын, қандағы глюкоза мөлшерін, салмағын өлшеп, дәрілерді тұрақты ішіп тұруы керек.

Ауруды басқарудың бұл үлгісі соңғы 3 жылда еліміздің бірқатар облыстарында нобайлы жоба ретінде енгізіліп, тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Атап айтқанда, аурулардың асқыну көрсеткіші едәуір төмендеді. Осыны ескере отырып, әлеуметтік маңызы бар сырқаттардың бірқатары динамикалық бақылауға көшіріліп отыр.

Қазіргі таңда Қазақстанда 13 топтағы ауру әлеуметтік науқастар тізіміне енгізілген. Оңтайландырғаннан кейін оның саны төртеуге (4 топ) дейін қысқартылмақ. Ал, қалғандары динамикалық бақылауға көшірілмек. Атап айтар болсақ,  жаңа тізімде туберкулез, ВИЧ/СПИД, қатерлі ісік, мінез-құлық пен психика жүйесіндегі ауытқуларды, яғни, емхана деңгейінде бақылауға келмейтін ауруларды қалдыру көзделген.

Осының негізінде соңы мүгедектікке әкеп соқтыратын және орасан зор демографиялық шығын келтіретін негізгі созылмалы аурулар тізімі жасалды. Бұл тізімге енген созылмалы аурулар еліміздегі жалпы өлім-жітімнің 70 пайызының себепкері. Сонымен қатар, халықтың 77 пайызы осы дерттерге шалдыққан. Олардың қатарында созылмалы вирусты гепатит, бауыр циррозы, қант диабеті, өткір миокард инфаркті, жаралы колит, артериалды гипертензия, ревматоидты артрит, бронхиалды астма т.б. аурулар бар. Бұлардың бәрі алдағы уақытта динамикалық бақылауға алынады. Бірақ оларды кепілдендірілген медициналық көмек шеңберінде тегін емдеу тоқтатылмайды.

Тағы бір айта кетерлігі, динамикалық бақылауға алынған пациенттер бұрынғыша диагностикалық қызметтердің негізгі түрлері мен салалық дәрігерлер консультациясын да тегін ала алады. Сондай-ақ, амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамту да тоқтатылмайды.

Ал пациенттің созылмалы дерті асқынып, ауыр жағдайға душар болып жатса тиісті медициналық көмек мемлекет есебінен көрсетіледі. Бір сөзбен, диспансерлеу тізімінен алынып, динамикалық бақылауға өтетін созылмалы ауруы бар пациенттер мемлекет қамқорлығынан қағылмайды деген сөз.

Әлеуметтік маңызы бар аурулардың көп жағдайда әлеуметтік-экономикалық жағдайдан туындап жататыны шындық. Оған шалдыққан науқастарға әлеуметтік қолдау көрсету қажеттігі даусыз. Тегін медициналық көмектің жаңа нұсқасы әрбір адамға шұғыл және алғашқы медициналық көмек көрсетуге, қоғамдық мәні бар ауруларды мемлекеттік бақылауға алуға негізделген. Ал, ТМККК пакетінің жаңа үлгісімен қатар енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті оның кем-кетігін толықтырып, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға, ұлт саулығының іргетасын қалауға ықпал етпек. 

Қорыта айтқанда, тегін медициналық көмек (ТМККК) пакеті бұрынғыша бюджеттен қаржыландырылады. Оған қоса, мемлекет 2020 жылдан бастап 10 миллионнан астам азаматты сақтандыруды көздеп отыр. Жеңілдік берілген топтар арасында 6,5 млн астам бала, 2,2 млн зейнеткер, 740 мыңнан астам жүкті әйел мен көп балалы ана, 400 мыңға жуық мүгедек бар.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір